Basty bet

Шәкірт жеңісі – ұстаз абыройы

Сөз өнеріне бейімі бар балдырғандардың талабын ұштап, қабілетін шыңдайтын үйірмелер аз емес. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген нақыл бар. Болашақтың балалық шақтан басталатынын ескерсек, балдырғанға қабілетіне сай ерте жастан демеу жасаған жөн дер едік. Бала арманның ұлы мақсатқа айналуы да, бәлкім, дұрыс бағыт-бағдар беруге тікелей байланысты болар. Сірә, тұлғаның қалыптасуына, анық ойлауына, таза сөйлеуіне дағдыланудың зор ықпалы бар.

Сондықтан көркемсөз оқу техникасын, сахна тілін үйреніп, шығарманы терең ұғынуға машықтану үшін тәжірибелі маманның тәлімі қажет-ақ. Осы ретте өз ісінің маманы, №1 Балалар өнер мектебінде театр үйірмесінің жетекшісі Мейрамкүл Тойшыбекованың елеулі еңбегін тілге тиек етпеске болмас. Театр үйірмесі шығармашылыққа ынталы балалардың қабілетін шыңдайтын өнер ошағына айналып отыр деп сеніммен айта аламыз. Оның осы уақытқа дейін дәріс берген көптеген шәкірті байқауларда топ жарып, түрлі сындарда жарқырай көрініп жүр. Соның бірі – Мирас Ғали.
Мирас жылдан жылға шыңдалып, сахнада өнер көрсетіп жүрген жас өнерпаз. Ол қатысқан байқауларынан жүлдесіз қайтқан емес. Вокалдық шеберлігімен қоса, поэзия, монолог оқитын өнері де бар.
Жалпы мәнерлеп оқу, шығарма мазмұнына бойлау, көркем образды ойлау, сөйлемді сауатты құруды меңгеру кезеңінен өтпей тұрып, шығармашылыққа бейімділік қажет екені белгілі. Тіпті, тұлғалық қасиеттің негізі, өз жан-дүниеңе үңіле білу қабілеті де сөз өнеріне бой алдырудан қалыптасады.
Осы тұста, Президенттің ұлттың болмыс-бітімін сақтауға, халықтың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдіре отырып, «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүниежүзіне танылып жатыр» деген сөзі бірден ойға оралады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән береді. Өйткені мәдениеті озық елдің рухы биік болмақ.
Жақында Мирас Ғали өнердегі ұстазы Мейрамкүл Тойшыбекованың жетекшілігімен Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен Халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Жас жұлдыз» өнер байқауында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, «Көркемсөз» жанры бойынша Бас жүлденің иегері атанды.
Жас талант бүгінде табиғат берген дарынымен қатар, еңбекті ұштастыра алса үлкен биіктерді бағындыратынына сенім мол. Таланттың танылуы үшін де ұшан-теңіз еңбек те қажет. Мирас осы бетінен қайтпаса әлі алар асуы алда екені анық.

Таңдаулы материалдар

Close