Basty bet
Халықаралық би байқауында бас жүлдені иеленді
Қазақ халқы ежелден «бала тәрбиесін – болашақ тәрбиесі» деп түсінген. Алайда мектеп бағдарламасы баланың жан-жақты дамуының барлық қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. Сондықтан да үйірменің алар орны ерекше. Сондай-ақ әр үйірменің балалардың бос уақытын тиімді пайдалануда атқарар қызметі зор.
Қазіргі жас толқынның жаңаны үйренуге, өзін дамытуға деген құштарлығы басым. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Иә, мектептен тыс үйірмелердің, оның ішінде, №1 Балалар өнер мектебінің жүйелі жұмысына көңілің марқаяды. Себебі, тек мектептің білімімен шектелмей, қосымша өнер, білім іздеген қаншама жас толқынның болашағына бағдар беріп, қанат қағуына мол үлес қосуда. Қосымша өнерді меңгеруге ұмтылғандардың ықыласы қуантпай қоймасы анық. Яғни, бұл мектеп – білімқұмар жас өрендердің алдағы уақыттағы бағындырар белесіне апарар даңғыл жолдың бірі.
«Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» демекші, тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажет-ақ. Сол өнердің бірі – би өнері. Би – музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер. Би өнері – адам өмірінің эмоциялық табиғаты мен оны қоршаған табиғи ортаны бейнелеген көркемдік шығармашылық салаларда елеулі орын алды. Міне, осы тұрғыда №1 Балалар өнер мектебінде би жанрындағы кәсібінде әдістемелік шеберлігін шыңдай отырып, жемісті еңбек етіп келе жатқан кәсіби маман Меруерт Марасилова бүгінде «Кәусар» би тобының жетекшісі. Бұны жайдан-жай сөз етіп отырған жоқпыз. Таяуда ғана «ҒҰМЫРДАРИЯ» балалар шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Қытай Халық Республикасында өткен «Ұлы Жібек жолы» атты байқау-фестивальда Бас жүлдені еншіледі.
Би үйірмесінің жетекшісі Меруерт Марасилованың айтуынша, бұл олардың алғаш қатысып отырған байқауы емес. Жеңімпаз «Кәусар» би тобы бұдан бұрын да түрлі байқауға қатысып, жүлделі орындар алып үлгерген. Мәселен, «BE STAR»VIII республикалық өнер конкурсында және «Жас толқын» Халықаралық өнер байқауында Бас жүлде, аудандық және облыстық хореографиялық «Ақ шағала» байқауына қатысып I орынды иеленген. Онымен қоса, «Бақытты балалық» республикалық телефестиваліне жолдама алған.
– Негізгі мақсатым – балалардың би өнеріне деген қызығушылықтарын арттырып, ұлттық нақыштағы халық билерін, сюжеттік және жеке орындаушыларға арнайы қойылатын жеке билерді үйрете отырып, жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Жалпы би өнері – баланың дене бітімінің дұрыс қалыптасуына тиер үлесі зор әрі нағыз денсаулықты шыңдайтын пән. Бұл өнермен айналысқан балалардың көркемдік талғамы артып, көркемдік-эстетикалық дамуын қамтамасыз етеді.
Осы тұста шәкірттерімнің ата-аналарына алғыс білдіремін. Әрбір бастамада сол кісілердің көмек-қолдауы ерекше. Балаларды шыңдауда жетекшіден бөлек, үйдегі ата-ананың тәрбиесімен қатар, қолдап-қолпаштауы оң әсерін тигізеді,- дейді үйірме жетекшісі Меруерт Мырзаханқызы.