Basty bet
Спорт жұлдыздарымен кездесу өтті
Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінде оқушылар арасында спорт жұлдыздарымен мотивациялық кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттай отырып, оқушыларды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру, өсіп келе жатқан жеткіншектерді спортқа баулу.
Кездесуге тірек мектеп-лицейдің директоры Руслан Сайлаубаев, дзюдо және самбодан Қазақстан Республикасының жеңімпазы, дзюдодан Еуразия ойындарының жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, қазіргі таңда Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының “Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының” басшысы Аманғали Жартыбаев, жас боксшылар Бейбарыс Әшірбай пен Мұхамедали Рүстембек, бапкері Нұркен Рахманқұл және оқушылар қатысты. Кездесуді тірек мектеп-лицей директоры Руслан Бахытұлы ашып, келген қонақтармен таныстырды.
Ерекше айта кететін жайт, қасиетті Жуалы топырағынан шыққан жас боксшы, мектеп-лицейдің білім алушысы Мұхамедали Рүстембек Бразилия елінің Рио-Де-Жанейро қаласында өткен Дүниежүзілік Жазғы гимназиада еліміздің намысын қорғап қола жүлдегері атанған болатын. Жас боксшылар рингте өз шеберлігі мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, жоғары спорттық нәтижеге қол жеткізді.
Жас жеңімпаздар өз өмірбаяндарымен қатар, жаттығу барысындағы қызықты сәттерімен бөлісе отырып, оқушыларға жақсы әсер қалдырды. Оқушылар алған әсерлерімен бөлісіп, болашақта да осындай биік белестерді бағындыру үшін талмас еңбектің қажет екендігін айтты.
Шара барысында спикерлер өзінің тұлғалық даму, жетістік жолы мен жеңістері туралы айтып өтті.
«Қандай жағдай болса да жетістікке жетуді мақсат ет. Алла адамға орындалмайтын арманды ойлайтпайды. Сол себепті де арманыңның соңына ілес. Әрбір қиындықтың артында жетістік тұр. Тек сенім керек» деді Аманғали Жартыбаев.
Жиында ел мақтаныштары жастарға өз тәжірбиелерімен бөлісіп, өмірлік кеңестер беріп, спортпен шұғылдануға шақырды.
Оқушылар кеш қонақтарына өздерінің толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, кездесуден мотивация алды. Тірек мектеп-лицей директоры Руслан Сайлаубаев қонақтарға алғысын білдіріп, жас спортшыларға табыстар тіледі.
Тәуелсіз елдің туын көтеріп, тұғырын орнатқан ұлы шерудің алдыңғы шебінде жүретін дауылпаздай шабысты, батырдай намысты ұлдарымыз болса, халқымыздың қашанда мерейі үстем болмақ!
Жанат КЕНЖЕҚАРАЕВА,
Ә.Бөкейхан атындағы
№15 тірек мектеп-лицейінің мұғалімі