Basty bet

Тұрмыстық қатты қалдықтар

оны тиімді басқарудың кешенді шараларын қабылдаудың маңызы зор

Апта ішінде аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында кезекті аппараттық кеңес өтіп, жиынға аудандық әкімдіктің бөлімдері мен мекеме басшылары, ауылдық округтің әкімдері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде қаралған ең бірінші мәселе – аудан аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарды тастау орындарының жағдайы, қоқыстарды шығару және келісім-шартқа тұру мәселесі туралы мәселе қаралды. Екінші мәселе – әскери міндеттілерді жасақтау және көктемгі әскерге шақыру шараларының ұйымдастырылуы туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудан аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарды тастау орындарының жағдайы, қоқыстарды шығару және келесім-шартқа тұру мәселесі туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев баяндады.
Жауапты бөлімнің басшысы өз сөзінде, аудан көлемінде тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған 1 орталық полигон, сонымен қатар, ауылдық округтердің барлығында бір-бірден қоқыс тастау орны тұрақты жұмыс істеп тұрғанын және олардың жай-күйін баяндап, қалдықтарды тиімді басқару үшін орталық полигонға қоқыстарды сұрыптау мен тығыздауға арналған ленталық қондырғы орнатудың маңыздылығын атап өтті. Одан бөлек, орталық полигонды қалпына келтіру, қалдықтарды тиімді басқару үшін ауылдық округтердегі қоқыс тастау орындарының санын қысқартудың қажеттігін жеткізді. Әлбетте, бөлім басшысы Қ.Жатқанбаев атап өткендей, мәселе мұнымен толық шешіледі деген сөз емес.
Баяндамадан кейін аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, күн тәртібінде қаралып отырған мәселенің өте өзекті екенін айтып, қалдықтарды тиімді басқару кешенді іс-шаралардан тұратынын еске салды.
– Өздеріңіз жақсы білетіндей, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясында қалдықтарды тиімді басқарудың кешенді шараларын қабылдаудың қажеттігі межелі міндет ретінде қойылып отыр. Бұл – экологиялық маңызды мәселе.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару үшін ең алдымен – тасымалдайтын мекемені анықтау, жұмыс тиімділігін арттыру, жұмысты уақтылы әрі сапалы ұйымдастыру қажет. Менің білуімше, ауданға қарасты ауылдық округтердің ішінде Б.Момышұлы ауылында ғана бұл жұмыс қолға алынған. Оның өзі көңіл көншітерліктей емес. Экологияны жақсарту, қоршаған ортаны таза ұстау, қалдықтарды басқарудың тиімділігін арттыру – барлығымызға қатысты өзекті мәселе. Бұл үшін тұрғындар арасында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жауапкершілік пен тазалық тәртібін арттырудың маңызы зор.
Қалдықтарды тиімді басқару – тек экологиялық мәселені шешу ғана емес, бұл – едәуір табыс әкелетін жұмыс. Бұл мақсатта ауылдық округтің әкімдері тұрғындармен тығыз жұмыс атқарып, тиісінше ауыл көшелерінен қоқыс шығаратын мердігер мекемені анықтап, тұрғындарды сол мекемемен келісім-шарт жасауды тездету керек. Мен ауыл әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастырып, оны атқаруға бір ай мерзім беремін. Сонымен қатар, аудандық полиция бөліміне белгіленбеген орынға заңсыз қоқыс тастаған тұрғындарға заң аясында шара қолдануды тапсырамын. Бұлай болмаса, біз ешқашан қалдықтарды тиімді басқара алмаймыз. Әрбір жауапты басшы өз шегінде жұмысты сапалы атқарса, шешілмейтін мәселе жоқ. Осыны ескерген абзал,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Аппараттық кеңестің күн тәртібіндегі екінші – әскери міндеттілерді жасақтау және көктемгі әскерге шақыру шараларының ұйымдастырылуы туралы Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының у.м.а. Мұхамед-али Бекбауов баяндап, бірқатар мәселені ортаға салды. Сондай-ақ, көктемгі әскерге шақыру шараларына байланысты аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қосымша баяндады.
Жиын қорытындысымен жұмысқа жауаптыларға нақты міндет қойылып, сонымен қатар, жаз мезгілінде аудан тұрғындарын сапалы, таза ауызсумен қамтудың жайы, электр жарығы өшкен жағдайда да тұрғын үйлерге судың берілуін тұрақты қамтамасыз ету, т.б. науқандық маңызды мәселелерге байланысты тапсырма берілді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close