Basty bet

Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы

Тіл – ел тәуелсіздігінің айғағы. Қай ел мен ұлтта болсын туған тілі қастерлі де қасиетті болып саналады. Біздің мемлекет үшін қазақ тілі қай уақытта болмасын құдіретін жоймаған. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1996 жылы «Тіл саясаты туралы тұжырымдамасы», 1997 жылы «Тіл туралы» Заңы бекітілді. Ал 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды.
Ертеде ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Соның ішінде ең бастысы – туған тілін ана сүтімен бойға дарытқан. Бала ес біле бастағаннан-ақ оған салт-дәстүрлерді ана тілінде өрілген өлең-жырлармен орындап, жас сәби бойына ана тілінің қасиеті мен құндылығын үлгі еткен. Көрнекті қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дегендей, қазіргі ана тіліміздің келбеті қандай? Бүгінде елімізде «өзге тілдің бәрін біліп», ана тілінде еркін сөйлей алмайтын замандастарымыз қаншама?! Бұл топтағы адамдарды Мұхтар Шаханов атамыздың тілімен айтар болсақ, «шала қазақтар, жаңа қазақтар» деп «әрлеп» жүргеніміз жасырын емес. Тіпті қоғамдық орындарға бара қалсақ, бір-бірімен орыс тілінде шүйіркелесіп әңгіме айтып отырған жастарды көреміз. Сонымен бірге кей мекемелерде де қазақ тілінде жауап ала алмайтынымыз тағы бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылы 14 тамызда қабылдаған «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің аясын кеңейту туралы» қаулысынан көпшілік күткен үміт те ақталмады. Орыс тілде сөйлегенді мақтан көріп, ол тілде сөйлей алмасаң ұят деп санайтын жандар да жетерлік. Бұл көрініске біздің ойымыз бен санамыз да үйренгендей.
Үйдегі ес біліп келе жатқан бүлдіршіндеріміздің өзі қолындағы ұялы телефоннан тек орыс, ағылшын тіліндегі мультфильмдерді көріп жатады. Ақыл-ойы таза ақ парақтай сәби жады кез келген ақпаратты бірден қабылдап алатыны белгілі. Тіпті кейде қойған сұрағымызды түсінбей, не өзге тілде жауап беріп тұрады. Неге біз балаға ертедегі батырларымыз туралы ертегі мультфильмдерді көрсетпейміз? Бала одан адамгершілік, адалдық, сыйластық сынды жақсы қасиеттерді алары анық. Сол үшін бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің болашағымыз үшін әсері зор екендігін ұмытпағанымыз жөн. Өз тілінде сайрап, оны қадір тұтып тұрған азамат ертеңгі күні елі үшін аянбай еңбек етері сөзсіз.
Осы бір көріністе не істеуге болады, бүгінгі тіл мәселесіндегі қиын жағдайдың шешімін қалай табамыз? Қазақ тілі ұмыт болса, ел болашағы қандай болмақ? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайлылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген сөзі мемлекеттік органдар мен бұқара халықты да ойландыруы қажет. Сол үшін осы уақытқа дейін тиісті ескерілмей келген Ата Заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген Конституциялық тапсырманың аясында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жоғары көтеретін, сондай-ақ оның қолданыс аясын барынша кеңейтетін құқықтық нормалар мен шаралар аса қажет.
Иә, бүгінгі қоғам өзге тілдерді үйренуге ешқандай шек қоймайды. Алайда қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әрбір қазақ азаматының үлесі болса екен дейміз. Ана тілін құрметтеу әр адамның басты міндеті болып табылады. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, шаңырақ басындағы жас сәбиге де ең бірінші өз тілін үйреткеніміз жөн. Себебі еліміздің болашағы осы тілімізге байланысты құрылады.

Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының»
Жуалы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close