Basty bet

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – қоғамның ортақ міндеті

Балаларды қорғау күні – жаздың ең алғашқы маусым айының бірінші жұлдызына сәйкес келетін ең маңызды халықаралық әлеуметтік мерекелердің бірі екені белгілі. Бұл мереке 1950 жылдан бері бүкіл әлемде атап өтіледі. Оның өткізілуі туралы шешімді 1949 жылдың қарашасында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы арнайы сессияда қабылдаған. Бірікке Ұлттар Ұйымы бұл бастаманы қолдап, балалардың құқықтарын, өмірі мен денсаулығын қорғауды өз қызметінің басым бағыттарының бірі деп жариялады. Бұл күн қоғамға өскелең ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілікті еске салады. Өйткені, баланың ең маңызды құқығы – олардың бақытты өмір сүруі!

Балаларды қорғау қай кезеңде де мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып саналады. Балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту – Қазақстан Республикасы Үкіметінің жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қазіргі таңда елімізде бұл бағытта бірқатар бастамалар мен түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылуда. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде, озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек екенін ескертіп, бала оқыту ісіне көбірек назар аудару қажет екенін айтты. Президент: «Ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды» деп атап өтіп, жас ұрпақтың тәлім-тәрбие мәселесіне ерекше ден қойғаны белгілі.

Биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданды. 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдама 4 бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – балалардың қауіпсіздігі, екінші – сапалы білім, үшінші – денсаулықты қорғау, төртіншісі – отбасы және әлеуметтік қорғау саласындағы  құқықтары. Аталған құжатта балалардың қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше мән берілген.

«Қазақстан балалары» бағдарламасы – бұл ұлттық стратегия. Бұл маңызды құжат балалардың құқығын қамтамасыз ету шараларын біріктіріп, баланың жолын цифрлық түрде сүйемелдеу, ата-аналарды қолдау және олардың жауапкершілігін арттыру, стандарттарды енгізу, балалар құқықтарын қорғау саласындағы мамандарды қолдау және балалар инфрақұрылымын дамыту арқылы алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағытты айқындайды. Міне, елімізде өскелең жас ұрпақтың болашағы мен өмірінің қауіпсіздігіне баса мән беріліп, бұл тұста озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу қоғамның ортақ міндеті екені анық аңғарылады.

Балалардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағын жан-жақты қамтамасыз ету ісін – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті деп түсінген абзал. Елімізде өскелең ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру, олардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар мен бастамалар балалардың құқығын қорғауға, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.

Бүгінгі бала – егемен елдің ертеңгі тірегі! Сайып келгенде, бұл – әрбір азаматқа жүктелген үлкен жауапкершілік. Балалардың алаңсыз күлкісі, олардың мектепте сапалы білім алып, қауіпсіз ортада өсуі – басты көрсеткіш. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан ауқымды реформалар мен бағдарламалар әрбір баланың бақытты өмір сүру құқығын қорғауға бағытталған. Өскелең ұрпақтың бойына озық ой мен ізгілік қасиеттерін қатар сіңіру – баршаға ортақ міндет. Өйткені, бақытты балалық шақ – қуатты мемлекеттің іргетасы!

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Жуалы ауданында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл – игі дәстүр биыл да өзінің заңды жалғасын тауып, осыған сәйкес, алдын ала тиісті іс-шаралар жоспары бекітіліп, негізгі іс-шаралар ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы орталық алаңда өтеді.

Қымбатты балалар!

Ардақты өскелең жас ұрпақ!

Сіздерді 1 маусымда атап өтілетін Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, бақытты да алаңсыз балалық шақ тілеймін! Оқуда озат, заманауи білім мен ғылымды игеру ісінде белсенділік танытып, сонымен қатар, спорт пен өнерде де табанды еңбектеніп, талмай іздену арқылы жарқын жетістіктерге жетеді деп сенемін!

Елдің жарқын болашағы – Сіздердің бүгінгі ізденістеріңізге тікелей байланысты. Ендеше, іске, сәт!

Анар АХМЕТОВА,

аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері

және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close