Basty bet

Өнерге құрмет – елге құрмет

21 маусым – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған сала қызметкерлерімен қатар аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған аудан басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары мен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады.
Сала қызметкерлерін алдымен аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтады.
-Бұл күн кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері аталып келеді.
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Сондықтан мәдениет – біздің елде ғана емес, әлемдегі барлық мемлекеттер дамуының маңызды басымдықтарының қатарына кіреді. Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді.
Ұлт руханиятының шырақшысы болып жүрген мәдениет майталмандарының қоғамдағы алар орны ерекше,- деді аудан әкімі.
Жалғас Әлижанұлы мәдениет саласының қызметкерлері тарихи үрдістің алдыңғы шебінде жүріп, ұлттық өнеріміздің, ұлт руханиятының дамуына ықпал ететінін атап өтті.
-Ауданда өткізілетін қоғамдық – саяси, мәдени-рухани көпшілік шаралардың барлығы мәдениет саласы қызметкерлерінің араласуынсыз өтпейтіндігі белгілі.
Ауданның өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, осы саланың мерейін өсіріп жүрген 262 қызметкер бар.
Аудандағы жарты ғасырлық тарихы бар «Жуалы» халық театры мен «Мыңбұлақ» театры көптеген шығармаларды сахналап, көрерменнің көңілінен шығып келеді.
«Жуалы» халық театры 1970 жылы Москвада Кремль сахнасында өнер көрсетіп «халықтық» атағын иеленді.
Сіздердің еңбексүйгіштіктеріңіздің және шығармашылық қабілеттеріңіздің арқасында ауданымыздың мәдениет саласы жылдан-жылға дамып келеді. Осы салада аянбай еңбек етіп, халықтың көңілінен шығып жүрген Сіздерге деген алғысымыз зор. Киелі өнер жолында қасиетті Жуалы өңірін елге танытып, биік тұғырдан көрсетіп жүрген еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін!
Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, өнер нәрімен суысындатып жүре беріңіздер!
Әрдайым абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем, өнердегі жұлдыздарыңыз жарық болсын!- дей келіп аудан әкімі бірқатар сала қызметкерлерін Құрмет грамотасымен және Алғысхатпен марапаттады.
Кәсіби мерекемен аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Шынар Әбдікерімова мен “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, “Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Эльмира Дүтбаева да құттықтап, саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қызметкерлерді марапаттады.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева бөлімнің жыл ішінде атқарған жұмысы мен жеткен жетістіктері туралы баяндама жасады.
Кітапханашылар “Кітапхана гимні” әнін орындады. Сонымен бірге “Қызғалдақ” ән-би ансамблі, “Жаңабаевтар” халықтық- отбасылық ансамблі, “Бөкейтау” вокальді аспапты ансамблі де өнер көрсетті. Жылдағы дәстүр бойынша жас мамандар ант қабылдады.
Мәдениет саласының ардагері, «Даңқ» орденінің және «Мәдениет саласының майталманы» төсбелгісінің иегері Ришад Қуанышев пен “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері, жас мамандардың рухани анасы Назипа Тұранқызы да әріптестерін құттықтады. Ришад Алшынбайұлы мәдениет саласына оң көзқарасы мен саланың дамуына деген көмек-қолдауы үшін аудан басшылығына алғысын білдірсе, Нәзипа Тұранқызы өзінің бала кезден өнерге деген қызушылығы, махаббаты туралы сәулелі сәттерімен, естеліктерімен бөлісті.
Мерекелік іс-шара “Алғыс саған, Өнерім!” әнімен қорытындыланды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close