Basty bet
Төрт түліктің басы артып, техника паркі жаңарды
өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған бірегей жоба тиімділігін көрсетуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту ісінде маңызды рөл атқарып, ел өңірлерінде бұған дейін айтарлықтай жоғары нәтиже бере бастаған «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігі туралы да оң пікір білдіргені белгілі. Президент сонымен қатар, отандық агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартудың өте маңызды міндет екенін, агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет екенін де ерекше атап өтті.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан»: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет.
Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек» делінген. Президент тапсырмасы барлық деңгейдегі атқарушы органдарға қатысты екені анық.
Сонымен қатар, 2024 жылдың қараша айының орта тұсында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен елордада Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы ұйымдастырылғаны белгілі. Форумда: «Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асылтұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр», деп атап өтті Президент.
Президенттің Үкіметке тапсырған маңызды мәселелерінің барлығы дерлік аграрлық саланы дамыту арқылы ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруды көздейтіні анық. Ауыл – халқымыздың қара шаңырағы. Қалалық жерлерде тұратын тұрғындарды да сапалы әрі экологиялық азық-түлік өнімдерімен, оның ішінде, ет, сүт және сапалы көкөністің түрлерімен, т.б. күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету ісіне мол үлес қосып отырған да ауылдағы еңбекқор ағайын. Ал ондағы шарауқор ағайынға мемлекеттің тарапынан жасалатын көмек-қолдауларды жергілікті атқарушы органның өкілдері дер кезінде жеткізуі керек деп есептейміз. Онсыз ауыл шаруашылығы саласы ілгері баспайды, мемлекеттің нақты көмек-қолдауынсыз ауылдағы ағайынның да тұрмысы түзеліп кетеді деп айту қиын.
Бұл бағытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында Жуалы ауданына қарасты Ақтөбе, Ақсай, Жетітөбе, Қарасаз, Қызыларық және Мыңбұлақ ауылдық округтерінде бұған дейін жүйелі жұмыстар атқарылып, аталған жоба өзінің тиімділігін көрсетті деуге толық негіз бар.
Алғашқы кезде Жамбыл облысында облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жоба ретінде қолға алынған аталған бағдарлама ең алдымен ауданға қарасты Ақтөбе ауылдық округінде сәтті жүзеге асырылғанынан жұртшылық хабардар.
Сол тұста аталған жобаға Ақтөбе ауылдық округіне қарасты 4 елді мекеннің 444 ауласы қатысып, жобаның 4 бағытына жалпы – 723,3 миллион теңге несие қаражаты беріліп, толық игерілді. Таратып айтар болсақ, жобаның 1-бағытымен үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалануға – 444 ауладан 68 гектар жер игерілсе, мал шаруашылығын дамытуға 2-бағытпен 191 тұрғын жалпы сомасы – 588,3 млн теңгеге 2 347 мал басын сатып алды. (Оның ішінде: МІҚ – 545 бас, жылқы – 724 бас, қой – 1 078 бас).
Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалануға бағытталған 3-бағытпен – 36,5 млн теңге несие беріліп, игерілген егістік жер көлемі – 1 423 гектарды құрады. (Оның ішінде: арпа – 1 045 гектар, жоңышқа – 328, жүгері – 50 га). Ал жобаның 4-бағыты ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, техника сатып алу бойынша «Атамекен-Бастау» АШӨК-на 93,8 млн теңгеге 3 трактор, 2 дана дәнсепкіш, 1 дана БДТ, 1 дана картоп егетін, 3 дана КУН, 3 дана соқа, 1 дана астық комбайны, 2 дана минералды тыңайтқыш сепкіш, 1 дана тырма, 1 трактор тіркемесі, 1 сүт тасымалдайтын техника, барлығы 19 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Одан бөлек, тұрғындардың өз кәсібін ашуға бағытталған 5-бағытпен ауылдың бір тұрғыны 4,7 млн теңге несиеге кондитерлік цех жұмысын жолға қойып, өндіріс іске қосылған.
Бұдан бөлек, игілікті істің жалғасы ретінде «Ауыл аманаты» бағдарламасына Ақсай ауылдық округінен екі елді мекеннің 518 ауласы қатысып, жобаның 5-бағытына жалпы 565,6 млн теңге несие қаражаты беріліп, межеленген қаражат толық игерілді. 1-бағытпен үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға – 518 ауладан барлығы 61 гектар жер игерілді. 2-бағыт мал шаруашылығын дамытуға – 78 тұрғын жалпы сомасы 341,6 млн теңге несие қаражатына 1 254 мал басын сатып алды. (МІҚ – 407 бас, жылқы – 250, қой – 597 бас).
3-бағыт ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалануға – 43,1 млн теңге несие қаражатына игерілген егістік жер көлемі 800 гектарды құрайды. (Бидай – 220 гектар, арпа – 220, жүгері – 60, мақсары – 100, жоңышқа – 200 га). 4-бағытпен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне техника сатып алу мақсатында осында құрылған «Ақсай» АШӨК-на 148,0 млн теңгеге 3 дана трактор, 1 дана тас жинағыш, 2 дана шөп оратын комбайн, 2 дана трактор тіркемесі, 1 дана жүгері комбайны, 2 дәнсепкіш, 1 дана қопсытқыш, 2 дана соқа, 1 дана шөп тайлағыш, 2 дана минералды тыңайтқыш сепкіш, 1 дана арық қазғыш, 2 дана КУН, барлығы 20 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. 5-бағыт тұрғындардың өз кәсібін ашуға – 3 бал ара өсіру жобасы іске асырылды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының аудан бойынша атқарылуына тоқталсақ, жалпы өңірде 2019-2024 жылдары аралығында аталған бағдарламаға барлығы 6 ауылдық округ, оның ішінде, 3 263 аула қатысып, мұның нәтижесінде, аталған бағдарламаның 1-бағыты бойынша – 3 263 ауланың 319 гектар жерін тиімді игеруге 14,7 млн теңге, 2-бағыт бойынша – 805 тұрғын 16 140 бас мал басын сатып алуға 4,5 млрд теңге (МІҚ – 3 328, жылқы – 2 543, уақ мал – 10 269), 3-бағыт бойынша – 4 394 гектар егістік алқапты игеруге 155,5 млн теңге (жаздық арпа – 2 270, бидай – 520, мақсары – 650, жүгері – 110, жоңышқа – 758, картоп – 36), 4-бағыт бойынша – 61 ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 448,9 млн теңге (трактор – 17, астық комбайны – 1, шөп оратын комбайн – 2, жүгері комбайны – 1, сүт таситын көлік – 1, техника тіркемелері – 39 (соқа -8, дәнсепкіш -8, картоп егетін -1, КУН -7, тыңайтқыш сепкіш -4, тіркеме (тележка) -3, тырма -2, тас тергіш -1, қопсытқыш -1, шөптайлағыш -3, арық қазғыш -1,), ал 5-бағыт бойынша – 8 кәсіпкерге кәсібін дамытуға 102,1 млн теңге несие беріліп, жұмыстар жүргізілу үстінде. (Кондитерлік цех -1, бал ара өсіру -3, наубайхана -1, жиһаз цехы -1, техникалық жөндеу орталығы -1, сүт өңдеу цехы -1, жылыжай -1, кілем тоқу цехы -1).
– Ауданға қарасты 6 ауылдық округ тұрғындарының «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қамтылуының нәтижесінде ауданға қарасты Ақтөбе, Ақсай, Жетітөбе, Қарасаз, Қызыларық және Мыңбұлақ ауылдық округтерінде малдың басы айтарлық өсіп, атап айтқанда, мүйізді ірі қара малы (МІҚ) -124%-ке 25 907 басқа, жылқы -130% 9 679 басқа, уақ мал -112% 96 369 басқа өсті. Аталған ауылдық округтерде барлығы – 813 жеке кәсіпкер және 6 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (АШӨК) құрылып, барлығы 1 130 жаңа жұмыс орны құрылды. Жоғарыда аталған ауылдық округтерде 102 атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы саны 53-ке қысқарды, яғни 49 отбасы несие алып өз кәсібін ашты. АШӨК 61 жаңа техникамен қамтылып, 105 шағын шаруа кооперативке бірікті.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасының 5-бағытын жүзеге асыру жұмыстары басталып, бұл жұмыстар 2025 жылы да атқарылып, биыл да жалғасатын болады. Аудан бойынша былтыр 575,5 млн теңгеге барлығы 79 жобаны іске асыру жоспарланып, сәтті жүзеге асырылды. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясындағы атқарылатын жүйелі жұмыстар ары қарай да жүйелі түрде жалғаса береді,- дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.
Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуына тоқталсақ, бағдарламының 5-бағытын жүзеге асыру бойынша бүгінгі күнге «Тараз» ӘКК»-ден 86 кәсіпкерге жалпы сомасы – 773,7 млн теңге несие берілген. Сонымен қатар, ауданда барлығы бес ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (АШӨК) құрылып, жұмысын бастайды.
Оның ішінде: 1 АШӨК құс өсіру бағытында, 4 АШӨК сүт өндіру бағытында жұмыс атқармақ. 5 АШӨК-де 33 мүше тіркеліп, барлығы 20 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. АШӨК-лардың жұмыс атқаруына жалпы сомасы – 422 500,0 мың теңге несие қажет. Бұл қаржыға – 334 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара, 950 бас түйетауық және құрал-жабдық сатып алынады деп күтілу үстінде. Алғашқыда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» деп аталып, кейіннен атауы «Ауыл аманаты» болып қайта өзгерген бұл маңызды бағдарлама – үлкен әлеуметтік мәнге ие әрі өңір тұрғындарына қажетті жобалардың бірі. Сонымен қатар бұл жоба жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға негізделген. Оның іске асырылуы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын арттыруға және жер телімдерін пайдалану мен мал шаруашылығын дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктерге жол ашты деп толық сеніммен айта аламыз.
Ең бастысы, пилоттық жоба іске асырылған ауылдық округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны бірнеше есеге кемиді деген нақты болжам да расталып отыр. Бір сөзбен айтқанда, қасиетті Әулиеата өңірінде сәтті жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының облыс тұрғындар ыүшін пайдасы орасан, оның болашағы да зор деп білеміз!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»