Basty bet

Антыңа адал бол, жас сарбаз!

Әрбір азамат үшін Отан алдындағы әскери борышын өтеу – абыройлы міндет. Қазақ халқы ежелден ел қорғаған ерлердің еңбегін жоғары бағалаған. Сондықтан қасиетті Отанды қорғау – әрбір азаматтың асқақ парызы. Әскери ант қабылдау – елге, халыққа адал қызмет етуге, қажет болса, Отан үшін жанын қиюға серт беру деген сөз. Ант қабылдаған сарбаз ата-бабаларымыздың ерлік жолын жалғастырып, ел қорғанына айналады.

Өткен сенбі күні аудан орталығындағы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы ескерткішінің алдында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімінің таулы-егерлік полкіне Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген 50 жас сарбаз салтанатты түрде Ант қабылдады.
Салтанатты рәсімге әскери бөлімнің жеке құрамы, аудан әкімінің орынбасары, жас сарбаздардың ата-аналары және Ауған соғысының ардагерлері қатысты. Іс-шара даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
Одан кейін әскери бөлімнің Жауынгерлік туы саптық алаңға енгізіліп, жас сарбаздар әскери ант қабылдау рәсіміне кірісті. Алғашқы құттықтау сөзді бөлім штабының бастығы, подполковник С.Нуриев сөйлеп, сарбаздарды маңызды сәтпен құттықтады.
– Бүгін Сіздер әскери ант қабылдап, Қазақстан Республикасының халқына және оның заңды сайланған Президентіне адал қызмет етуге серт бердіңіздер. Бұл – өмірлеріңіздегі ерекше күн әрі ел қорғау жолындағы алғашқы қадам. Анттарыңызға адал болып, Отан алдындағы борышты абыроймен атқаруға тілектеспін, – деді ол.
Ант қабылдаған сарбаздар еліміздің әр өңірінен шақырылған. Жауынгерлік ту енгізіліп әкелгеннен кейін рота және взвод командирлері жас сарбаздарды кезекпен саптан шығарып, ант қабылдау рәсімі өтті. Әскери ант қабылдау рәсімі аяқталғаннан кейін кезек құттықтауларға берілді.
Салтанатты шарада алғаш болып аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйледі. Анар Садыққызы әскери анттың – азамат өміріндегі маңызына тоқталды.
– Әскери ант – Отанға адал қызмет етуге, ел Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қорғауға берілген қасиетті серт. Бүгін Сіздер, 91678 әскери бөлімінің сапына қосылып, әскери ант қабылдау арқылы ел алдындағы азаматтық борышты абыроймен атқаруға дайын екендіктеріңізді дәлелдеп отырсыздар. Бұл күн сарбаз өміріндегі ұмытылмас күн болып қала береді.
Әскери қызметтеріңізге табыс, мықты денсаулық, қайсарлық пен төзімділік тілеймін, – деді ол.
Сондай-ақ, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бақытжан Қырғызәлиев жас сарбаздарды Ант қабылдауымен құттықтап, олардың елінің – патриоты болып қалыптасуына тілектестік білдірді.
Құттықтау сөз алған Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерғали Тілеубеков жастарға әскери борышын мінсіз орындап, биік белестерді бағындыруға тілектес екенін жеткізді.
Жас сарбаздардың ата-аналары атынан Эльвира Разгелдиева сөз сөйлесе, жас сарбаздардың атынан Данияр Байболұлы мен Еркебұлан Рысбек берілген антқа адал болуға уәде берді.
Ант қабылдау рәсіміне сарбаздардың ата-аналары еліміздің түкпір -түкпірінен арнайы келді.
– Ұлым Марат Ерасылдың осы әскери бөлімде жүргеніне бір ай болды. Қысқа уақыт ішінде оның есейіп, жауапкершілігі артқанын байқадым. Бүгін әскери ант қабылдағанын көріп, ерекше қуанып тұрмын. Барлық сарбазға Отан алдындағы борышын өтеп, отбасыларына аман-есен оралуын тілеймін, – деді Шымкент қаласынан келген Эльвира Әбілдақызы.
Одан бөлек, біз Диқан ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Залина Нысанбаевамен де сұхбаттасқан едік. Залина Әбдәліқызының ұлы да осы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеуде. Көпбалалы ананың үлкен екі ұлы да әскери қызметкер екен. Ал жолдасы осы әскери бөлімде 20 жылдан бері машинст болып қызмет атқарады. Ұлы өз еркімен әскерге келіп, Отан алдындағы борышын өтеуде.
Шара соңында әскери қызметшілер қоян-қолтық ұрыс элементтерін және қарумен орындалатын саптық тәсілдерді көрсетті. Салтанатты шерумен қорытындыланған іс-шарадан кейін жас сарбаздарға ата-аналарымен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік берілді.

Таңдаулы материалдар

Close