Basty bet
Үдемелі бақтардың үлесі көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында ауыл шаруашылығы құрылымдарын дамытуға елеулі басымдық беріп отыр. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтарына қойылып отырған талап шаруашылықты әртараптандыру. Бір ғана емес бірнеше бағытта дамуына жол ашылуда.
Соңғы жылдары облысымызда егін және мал шаруашылығымен қатар жеміс бақтарының көлемі артып келеді. Мәселен, бүгінгі таңда облыстағы үдемелі бақтар 1163,2 гектар алқапқа жеткен. Оның 168 гектарын шие бауы құрайды. Мұндай бақтар Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов пен Меркі аудандарында жақсы жолға қойылған. Жуалы ауданында алма өсірумен 25 шаруа қожалық айналысуда, олардың жеміс бағы 234 гектар алқапты алып жатыр. Бұл 2008 жылдан бері отырғызылып, бүгінгі таңда жемісін беріп тұрған бақтар. Мұның сыртында бұл есепке енбеген, бұрыннан пайдалануда бар жүзге жуық жеміс бақтары бар.
Үдемелі алма плантацияларының артықшылығы – алғашқы өнім алу мерзімінің қысқа болуы. Яғни, ол алқаптар екінші-үшінші жылдары өнім беретінімен ерекшеленеді. Аймақтағы үдемелі бақтарды қоса есептегенде облысымызда 3500 гектарға жуық жеміс-жидек бақтары бар екен. Бұл алқаптардан жиналған өнімдер өз нарығымызбен қатар экспортқа шығарылуда. Өткен жылы ол бақтардан 30 мың тоннаға жуық өнім жиналған.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, биыл үдемелі бақтардан 625 тоннадан астам өнім жиналып, оның біразы қоймаға сақтауға қойылыпты. Ал алдағы жылдары ауданда үдемелі алма бақтарының көлемін бірнеше гектар алқапқа артыру жоспарлануда.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап», дей келіп, олардың өнім өндіру қабілетіне қарай бағалайтынын айтты. Бүгінгі таңда бір қуантарлығы, аудан шаруа қожалықтары бір ғана егін және мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған жоқ. Олар өз шаруашылығын әртараптандыру арқылы балық, жеміс-жидек пен көкөніс шаруашылықтарына да қатар алып келеді. Сонымен бірге өндіріс бағытында да жұмыстарды қолға алуда. Мәселен, 2008 жылы ауданда 36,5 гектар алқапқа үдемелі алма бағы салынса, одан кейінгі жылдары оның көлемі арта түсті. Жаңа кәсіпке көп шаруа қожалықтар бастапқыда қалай болады деген қорқынышпен барғаны да рас. Мемлекеттен алма бақтары субсидияланса да олар алғашқыда бір мен үш гектар алқаптан асырылған жоқ. Шаруа қожалықтардың арасынан тек Ақсай ауылдық округінен «Ақылбек бауы» мен ақтөбелік «Бағдат» шаруа қожалығының ғана батылы барып әрқайсысы 6 гектар алқапқа алма бағын салған еді. Сол кездегі рекордты Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты «Жанболат» шаруа қожалығы ғана орындап, ол 8 гектар алқапқа жеміс бағын орналастырған болатын, – дейді Ержан Серкебаев.
Бұдан кейін алма бақтарының ұлғаюына Қызыларық ауылдық округінде «Дархан», Шақпақ ауылдық округінде «Әділет» шаруа қожалықтары үлес қосады. «Дархан» 2010 жылы 42,5 гектарға жеміс ағашын отырғызса, келесі жылында оның көлемін 23,5 гектар алқапқа ұлғайтады. Ал «Әділет» шаруа қожалығы 2011 жылы 21,3 гектар алқапқа жеміс отырғызса, 2012 жылы оған 25,6 гектар алқап қосып, алма бағын 47 гектарға жеткізеді.
Бұдан кейінгі жылдары Қызыларық, Жетітөбе, Шақпақ және Күреңбел ауылдық округтеріндегі «АБР-агро», «Арай», «Таң» мен «Құндыз» шаруа қожалықтары барлығы 62 гектарға жеміс ағашын отырғызып, бүгінде ол бақтан мол өнім жинап, аудан мен облыс тұрғындарын жеміс-жидекпен қамтуға өз үлестерін қосуда.
Тағы бір атап өтерлігі, үй іргесінде өсіріліп жатқан жеміс бақтарының көлемі де аз емес. Одан да табыс тауып, ауылдастары мен ауылын жеміспен қамтып отырған жекелеген азаматтар туралы бұрын газет бетінде жариялаған болатын.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, бүгінгі таңда өнімнің бір бөлігі қоймаларда сақталуда екен. Мәселен, «Таң» шаруа қожалығы 200, «Әділет» шаруа қожалығы 100 тонна өнімін сақтауға қойса, өзгелері де шағын ұраларында сақтап, нарыққа шығаруда. Қазіргі таңда аудан шаруалары өз өнімін Тараз, Шымкент пен Түркістан қалаларына, сонымен қатар аудан орталығындағы базарға шығарып, өткеруде. Ақтау мен Астанаға шығарып отырғандары да бар.
«Әділет» шаруа қожалығының мүшесі Беспай Қансейітұлы алма бағының жұмысының көп екенін айтуда. «Жеміс бағы күтім бен бапты қажет етеді. Ол бала сияқты мәпелеп баптасаң ғана өнім береді» дейді ол.
– Бұрын ойлаушы едім, алма ексең табысқа қарық бола қаласың деп. Сөйтсем, мүлде олай емес екен. Алма бағын баптау үшін де көп жұмыс керек екен. Алғашқы жылдары тек қаржы салып отырасың. Дәрі бересің, ол болмаса отырғызған ағаштарың қурап қалады. Өйткені жас өскіннің жауы да, ауруы да көп. Осындай шаралардан кейін, оның өзінде он жылдан кейін барып көңілдегі өнімді алуың мүмкін. Күзде алма жинауға маусымдық жұмысшы жалдайсың, оның тасымалы тағы бар. Алқап басынан өткізейін десең арадағы делдалдар бағаны төмен сұрайды. Биыл Жамбыл ауданындағы тоңазытқышы бар қоймаға 100 тонна алма қойдық. Жаңа жыл қарсаңында қойма басшылығы қоңырау шалып, «алмаңызды сатасыз ба, алымсақ келіп тұр, килограмына 80 теңгеден сұрауда» дейді. Кейде диқанның өсірген өнімін осылай жерге ұрып, еңбегін еш етіп жіберетін арадағы алып-сатарларға не дейсің. Бағбанға қолдау осы кезде берілсе, – дейді Беспай Қансейітұлы.
Өнімді өткеруде қиындықтың барын барлық шаруа қожалықтары айтуда. Алма тоңазытқышта сақталмаса тез бұзылып кететін болғандықтан, көп шаруа қожалықтар оны арадағы делдалдарға сұраған бағасына беріп жіберетіні тағы бар. Ал консерві зауыттары жергілікті өнімнен гөрі сырттан тасымалдағанды жөн көретіні белгілі. Дегенмен әрбір шаруа қожалық осындайда өз бетінше қарекет етуге мәжбүр. Мәселенің басқа жолын іздеген «Әділет» шаруа қожалығы күзде 5 тонна алмабақ жасаған. «Алмабаққа сұраныс жоғары деген соң, алмабақ та жасадық. Бірақ оның өзін өткізе алмай отырмыз» дейді Беспай Қансейітұлы.
Алма бағы мен оның өткерілуінде мәселе көп екені белгілі. Дегенмен, болашақта алма бақтарының қарқынды дамуы өңірімізге Қытай, Польша, Қырғыз бен Пәкістан елдерінен келетін алманы нарықтан ығыстырып шығарады деген сенім басым. Ал жалпы алдағы уақытта, тек үдемелі бақтар ғана облыс тұрғындарының тұтыну нормаларын 100 пайызға қамтамасыз ететін болады деген болжам бар.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»