Basty bet
Жедел ішек ауруларының алдын алу
Жедел ішек инфекциясы (ЖІИ) – балалар арасында таралған барлық жұқпалы аурулардан кейін екінші орынға ие (жедел респираторлы инфекциялардан кейін) кең таралған ауру тобы.
ЖІИ аурушаңдық жыл бойы тіркеледі, әсіресе жаз-күз маусымында көбейеді.
Ересектер де, балалар да ауырады 1-ден 7 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Ауру көзі – ауру адам, бактерия тасымалдаушы (адам ағзасында аурудың қоздырғыштары бар, бірақ клиникасы көрінбейді).
Берілу жолдары: тағам арқылы (ластанған тағам және су) және тұрмыстық қатынас арқылы (ластанған қол және заттар (ойыншықтар).
ЖІА аурушаңдығының балалар арасында тіркелуінің негізгі себептері тамақтандыру ережесінің, жеке бас гигиенасы және тамақтану тәртібінің бұзылуы. Эпидтексеру жүргізу барысында көп жағдайда ата-аналар өз бау-бақшаларындағы жуылмаған көкөніс, жеміс-жидектерді таза деп есептеп балаларына беретіндігі анықталады.
Өз балаңызды ішек ауруларынан қорғау үшін:
– Үйге келген кезде (жұмыстан, қыдырудан), тағам дайындап, ішер алдында, баламен ойнау және күту алдында қолды сабындап жуу;
– Балалардың ойыншықтарын жиі жуу;
– Барлық жеміс-жидектер мен көкөністерді ағынды сумен мұқият жуу;
– Өнімдерді рұқсаты бар, салқындатқыш сөрелері немесе тоңазытқышы бар сауда орындарынан сатып алу;
Тоңазытқышқа қоюды ұмытқан тағам өнімдерін балаға бермеу;
Егер бала емізік қолданатын болса мына қағиданы есте сақтау қажет: қорда бірнеше емізіктің артығымен болуы, оларды қайнату, жабық күйде сақтау. Егер емізік жерге түсіп кетсе қайнату немесе ыстық сумен жуу (ауызға салуға немесе киімге сүртуге болмайды).
Назипа Әзімбекова,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы