Basty bet

Кәсіптің көзін тауып, айтулы табыстарға қол жеткізген

Әйел – Ана, Әйел – киелі бесікті тербетіп, ұрпақ жалғастырушы. Әйел – отбасының ұйытқысы. Қоғам мен мемлекет дамуында Әйел-Ананың алатын орны ерекше. Ел экономикасын дамыту ісінде де, жарық дүниеге ұрпақ әкеліп, демографиялық өсімді қамтамасыз етуде де әйелдің еңбегі орасан. Барлық істе ерлермен қатар еңбек етіп, қай саланың жұмысын алып қарасаңыз да, әйелдердің қолтаңбасын анық көреміз. Сондықтан, Әйел-Аналарға деген қоғамның сый-құрметі жоғары болуға тиіс!
Шынында, қазақ әйелінің бойындағы ерекше күш-жігері, биік қадір-қасиеттері мен дүниеге ұрпақ әкеліп тәрбиелеуге атсалысып, жалпы олардың қоғам дамуы мен жарқын болашаққа қосып келе жатқан қомақты үлестерін бір сөзбен айтып немесе бір мақаланың аясына сыйғызу мүмкін емес шығар?!

Отбасы мен қоғамда ерлерге сенімді серік болып, еңбек майданында олармен бір сапта қызмет етіп, отбасында да ұлағатты ұрпақтарды адал еңбекпен қатарға қосқан қайратты Әйел-Аналар елдің қай өңірінде де бар. Мұндай әйелдер Жуалы ауданында да көптеп кездеседі. Өмірге деген көзқарасы дұрыс, ұстанымына берік, тірлігіне бекем, еңбекке адал сондай қарапайым еңбек адамының бірі – Гүлсара Жүзбаева. Гүлсара Тұрысқызы ауданға қарасты Көктөбе ауылында үлгілі отбасында туып-өсіп, аталған ауылдағы №30 Көктөбе орта мектебін (бұрынғы Гагарин атындағы мектеп) 1976 жылы жақсы үлгеріммен бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы политехникалық техникумды «зауыттағы өндіріс технологы» мамандығымен аяқтаған. Онда төрт жыл білім алып, мамандығын біршама меңгерген кейіпкеріміз Жуалы ауданына қайта оралып, аудандық тұтыну кооперативтері одағының нан зауытына технолог болып жұмысқа орналасады.
Ауылда өсіп, жастайынан еңбекпен есейген бойжеткенге алып кәсіпорынның жұмысын игеру аса қиын бола қойған жоқ. Технологтан аталған зауыттың шебері (ауысым шебері), лаборатория меңгерушісі, зауыт директорының орынбасары сияқты жауапты қызмет сатыларынан сүрінбей өткен білікті маман Гүлсара Жүзбаева 1980-1992 жылдары аралығында – 1 500 адам еңбек ететін зауытта абыройлы қызмет атқарған. Сол тұста аудандық тұтынушылар кооперативінің одағына қарасты үлкен зауытта нан өнімдерімен қатар, шұжық, конфет, пряник, басқа да кондитер өнімдері, сонымен қатар, лимонад, т.б. халық көп тұтынатын сапалы азық-түлік тауарлары көптеп шығарылатын. Зауыт директоры Юрий Кисилевтан және сондағы білікті аға мамандардан өндірістің қыр-сырын меңгерген жас маман мол тәжірибе жинақтағанын айтады. Айта кету керек, мұндай кәсіпорындар негізінен КСРО кезеңінде және Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның әрбір ауданында жұмыс істеген және жергілікті халықты нан өнімдерімен қамтамасыз ететін маңызды өндіріс орны болатын.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары еліміз алғаш егемендікке қол жеткізген тұста өңірдегі кәсіпорындардың жұмысы банкротқа ұшырап, тұтынушылар кооперативі одағының нан зауыты да біржолата жабылды. Сол тұста «екі қолға бір күрек» таппай қиналып, жұмыссыз қалған тұрғындар негізінен жан бағып, отбасын асырау мақсатында сауда-саттық саласына бет бұрғаны белгілі. Гүлсара апай да нарық заманының тынысын дөп басып отбасын асырау қамымен алғашқыда орталық базарда киім-кешек саудасымен айналысып, кейіннен жеке кәсіпкерлік ашу арқылы жиһаз саудасына біржолата ауысады. Аудан тұрғындарын сапалы жиһаз түрлерімен қамтамасыз етуді басты мақсат тұтқан кейіпкеріміз орталық базар аймағында, кейіннен Б.Момышұлы ауылындағы «Қаракөз» сауда үйінің бірінші қабатын жалға алып, жиһаз саудасымен айналысты. Қазір де базар аймағында үлкен контейнерде жұмысын жалғастырып келеді.
– Аудандық тұтынушылар одағының нан зауыты өндіріс жұмыстарын тоқтатып, кәсіпорын жабылғаннан кейін абдырап қалғанымыз рас. Мамандық бойынша орналасатын жұмыстың ешбір реті болмағаннан кейін сауда-саттық саласына біржолата бет бұрғаныма өкінген емеспін. Клиенттердің сұранысына қарай сапалы шетелдік және отандық жиһаз түрлері осында жеткізіліп, көп ұзамай-ақ жұмыс жолға қойылды. Тауарлар негізінен облыстың орталығы Тараз қаласынан, Шымкенттен және Алматы қаласынан жеткізіледі. Сатылымда жатын бөлме жиһазы, қабырға және ас үйге арналған жиһаздар, шкаф және үстелдің түрлері бар. Қазір өңірде көбінесе Беларусь мемлекетінде өндірілген сапалы жиһаздар сұранысқа ие деуге болады. Кәсіпкерлік ісін жолға қойып, оны жүргізу оңай жұмыс емес. Кәсіп болған соң қиындықсыз болмайды. Барлық істе сабыр сақтап, ұзақ жылдан бері сауда-саттық саласының ыстық-суығына шыдап келе жатырмыз. Ең бастысы – адал ниетпен басталған тірліктің береке-табысын арттырып, ұрпағымыз аман-есен болсын. Қалғанын Алла тағаланың өзі жеткізеді,- дейді жеке кәсіпкер, еңбексүйгіш қайсар жан Гүлсара Тұрысқызы.
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас», «Кәсіптің көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген нақыл сөздер текке айтылмаса керек-ті. Тірлігін ақ адал ниетпен бастап, содан бері кәсіпкерлік ісін жемісті жүргізіп келе жатқан еңбексүйгіш жан Гүлсара апай біраз жыл бұрын өзі туып-өскен Көктөбе ауылының кіреберісінен аумағы үлкен жер телімін алып, онда отбасы мүшелерімен бірге қосалқы шаруашылық ісін де қоса жүргізіп келеді. Жер телімінің бір бөлігіне үлкен еңселі үй-жай салып, батыс бөлігіне қосалқы жайлардың да құрылысын жүргізген. Ал, шарбақтың басым бөлігіне егілген алма, басқа да жеміс ағаштары жайқалып өсіп, көп ұзамай мол өнім бере бастады.
– Аудан орталығында жұмыс істеген жылдары отбасымен Б.Момышұлы ауылында тұрдық. Кейіннен ойлана келе қосалқы шаруашылық ісін ашып, кәсіпті кеңейту мақсатында Көктөбе ауылынан жер телімін сатып алып, біраз жылдан бері осында тірлік жасап келе жатырмыз. Үлкен үйдің құрылысын жүргізіп, үйдің іргесіндегі жерді де тиімді игеріп, оған 500 түп алма ағашының көшетін Меркі ауданындағы тұқымбақтардан әкеліп ектік. Жақсы ниетпен басталған іс көп ұзамай өз жемісін бере бастады. Көшеттердің барлығы дерлік өніп, көп ұзамай-ақ жеміс бере бастады,- дейді Гүлсара апай.
«Бағыңда өскен бәйтерек, күтімін тапсаң солмайды» демекші, алма бауға уақтылы күтім жасалып, сол арқылы жылма – жыл мол өнім алуға қол жеткізіліп келеді. Алманың кең таралған «Превосходное» аталатын сұрпының бірнеше түрі, басқа да қыстық алманың түрлері, алмұрт және қара өрік, т.б. баудың сәнін келтіріп-ақ тұр. Экологиялық таза жолмен өсіріліп, өндірілген сапалы өнімге сұраныс қашанда жоғары.
Ел өмірінің тарихында «Тоқырау жылдары» деген атпен қалған өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы тұрмыстық-экономикалық қиыншылықтарды еңсеру көп отбасыларға оңай болмағаны белгілі. Осындай экономикалық күрделі кезеңде көлденең кездескен қиындықтарға мойымай, тәуекел ету арқылы кәсіп бастаған Гүлсара Тұрысқызын нағыз қайсар жан деуге болады. Осы тұста қазақ әйелінің кез келген қиындыққа қарсы тұрып, сын сағаттарда дұрыс шешім қабылдай алатын ақылмандығы мен тапқырлығын айтпай кетуге болмас. Жиһаз саудасымен бірге, отбасын шашау шығармай қатар алып келе жатқан біздің кейіпкеріміз Гүлсара Жүзбаева отбасында өзі тәрбиелеп өсірген Медет Ғалымұлы мен келіні Лаура Орынбасар екеуінен Мүслима, Мансұр және Әлихан есімді үш бірдей немере сүйіп отырған бақытты әже. Немерелердің алдыңғы екеуі оқу озаты. Мансұр қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтудан республикалық «Абай аманаты» жас дарындар байқауының жеңімпазы атанып, бағалы сыйлықпен марапатталған. Бұл жетістік ұрпағына ұлағатты тәлім бере білген өнегелі әже тәрбиесінің жемісі болса керек…
Кәсіпкерлік ісін терең меңгеріп, сол арқылы табысқа жеткен кейіпкеріміз отбасымен ақылдаса келе екі жыл бұрын өзі тұратын Көктөбе ауылындағы үйдің іргесінде орналасқан қосалқы ғимаратты ыңғайластыру арқылы көлік жуу орнын жабдықтап, оны іске қосқанын айтады. Заманауи қондырғылар арқылы жұмыс істеп, өзіне-өзі қызмет көрсететін ақылы көлік жуу орнында бір мезетте үш бірдей автокөлікті жуып, тазалауға мүмкіндік бар.
Бір сөзбен айтқанда, ерінбей еңбек етіп, кәсіптің көзін табу арқылы айтулы табыстарға қол жеткізген кәсіпкер, қоғамға үлгілі жан Гүлсара Жүзбаеваның тындырымды тірлігі көпке үлгі. Кейіпкеріміз өз кезегінде аудан әкімінің, Көкбастау ауылдық округі әкімінің және «БанкХоумКредит» АҚ» басшысының Алғысхаттарымен марапатталған.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close