Basty bet
Тазалыққа үлес қосу – ортақ жауапкершілік
Туған жердің тазалығы – әрбір азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің айнасы. Көшенің көркі, ауылдың ажары, табиғаттың тазалығы тұрғындардың қоршаған ортаға деген жанашырлығына тікелей байланысты. Осы ретте, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының маңызы айрықша.
Аталған акцияның аясында ауданда елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру және табиғи ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Президенттің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы аудан тұрғындарының тарапынан да қолдау тауып отыр. 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспарына сәйкес, елдімекендердің тазалығын сақтау мен көркейтуге бағытталған жұмыстар жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Жыл басынан бері аудан көлемінде – 20 сенбілік және 32 түрлі экологиялық акция өткізіліп, нәтижесінде, 800 тонна қоқыс шығарылды. Әр сенбі сайын ауылдық округтерде мекеме қызметкерлері мен тұрғындардың қатысуымен тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар, скверлер, арық жүйелері мен қоғамдық орындар ретке келтірілуде.
Аудандағы тазалық жұмыстары маусымдық науқанмен шектелмей, жүйелі түрде жалғасуда. Аудан әкімінің 2026 жылғы 28 тамыздағы №201 қаулысына сәйкес күзгі екі айлық, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Аталған жоспардың негізінде ауылдық округтерде апта сайын сенбілік өткізіліп, оған бөлімдер мен мекеме қызметкерлері және тұрғындар белсенді қатысуда.
Өткен сенбіде ауданда ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған 1000-ға жуық адам, яғни, мемлекеттік мекеме, бөлім қызметкерлері, жастар және тұрғындар қатысты.
Сенбілікте әр мекеме өзіне бекітілген аумақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, ретсіз қоқыс орындары жойылды. Сонымен қатар, ауданның сәулеттік келбетіне нұқсан келтіріп, тұрғындарға қолайсыздық туғызған қараусыз қалған ғимараттар сүрілді. Бұл жұмыстар ең алдымен аумақтың тазалығын қамтамасыз ету және мектеп оқушыларының қауіпсіздігін сақтау мақсатында жүргізіліп отырғанын айта кеткен жөн.
Тазалық жұмыстарына екі КамАЗ, бір жүктиегіш және бір экскаватор-тиегіш техникасы жұмылдырылып, 70 тонна қоқыс шығарылды. Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар «Күйік-Теріс-Ащыбұлақ» автомобиль жолының екі қапталы қоқыстан тазартылды.
Теріс өзені мен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының маңында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Орталық полигон аумағы мен оның айналасын ретке келтіру жұмыстары да кезең-кезеңімен жалғасуда.
Табиғи су көздерін қорғау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Мөлдір бұлақ» акциясының аясында аудан бойынша 41 бұлақ көзі тазаланды. Атап айтқанда, Талапты ауылындағы «Момыш бұлағы», Күреңбел ауылындағы Рысбек батыр бұлағы және өзге де бұлақтардың маңайы қоқыстан тазартылып, абаттандырылды.
«Таза Қазақстан» акциясын тұрғындар арасында кеңінен насихаттауға да айрықша мән берілуде. Жыл басынан бері аудан бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде акцияның маңызы мен атқарылған жұмыстар туралы – 302 материал жарияланған. Оның 47-сі баспа басылымдарында жарық көрсе, әлеуметтік желілерде 255 ақпараттық жазба орналастырылды.
Тұрғындардың ұсыныс-өтініштерін жедел қабылдау мақсатында Telegram-бот арқылы кері байланыс жүйесі іске қосылған. Бүгінгі күнге дейін келіп түскен 33 өтініштің барлығы орындалған.
«Таза Қазақстан» – бір күндік немесе науқандық шара емес. Бұл – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, елді мекендерді көркейтуге бағытталған ортақ қозғалыс.
Туған жердің тазалығы бір күнде қалыптаспайды. Ол – күнделікті еңбектің, ұқыптылықтың және ортақ жауапкершіліктің нәтижесі. Сондықтан, әрбір тұрғын өз ауласы мен өз көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қараса, ауданның да ажары арта түсері анық…