Basty bet

Бабадан қалған бақ мекен.

Қасиетті Әулиеата өңірінің даму белесі мен өсіп-өркендеу тарихында оның құрамындағы жұлдызы биік Жуалы ауданының да өзіндік үлесі бар деп біз толық сеніммен айта аламыз. Елдің басына «күн туған» небір қиын-қыстау кезеңдерде қол бастап, ел қорғаған батырлар мен жұлдызы биік генералдарды және ел дамуында ойып орын алатын даңқты тұлғаларды түлетіп, қияға қанат қақтырған қасиетті өңір осынау даңқымен-ақ былайғы жұртшылыққа кеңінен мәлім. Жуалы ауданының тарихы жұртшылықтың есінде және халықтың жадында қаһармандығымен аты қалған бірегей тұлға, әскери қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ерлік даңқымен тікелей тамырлас екенін де баса айтқым келеді.
Жуалы ауданының құрамындағы Күреңбел ауылдық округіне қарасты бұрынғы Төңкеріс ауылы – осынау қасиетті топырақта өсіп-өнген азаматтары құз-қияға қанат сермеген қасиетті де киелі елдімекен саналады. Қазіргі таңда Төңкеріс ауылы Күреңбел ауылына қосылған. Төңкеріс ауылынан елімізге есім-сойы белгілі, батырлығымен атағы алысқа тараған қалмақ-жоңғар шапқыншылығында қол бастаған батыр, Ұлы жүз Төле бидің жиеншары Рысбек батыр Шінетұлының және ел бірлігін сақтауға, жастардың білімі мен имандылығын жетілдіруге өз үлесін қосып, қасиетті өңірдің әр аймағында мешіт-медресе салдырып, елді егін салуға, отырықшылыққа үндеп, оңтүстік өңірде тоған-каналдар қаздырған Батырбек датқа Рысбекұлының, одан кейін ел тізгінін қолға алған (баба ұрпақтары) Ыса және Белқожа сынды болыстар шыққан қасиетті ауыл.
Төңкерісті іргесі берік, қаймағы бұзылмаған елдімекен дейтін болсақ, сол ауылда колхоз құруға, кейіннен оның іргелі ұжымшарға айналуына және ауыл-аймақтың өркендеуіне белсене атсалысқан атпал азаматтар мен қазыналы қариялардың көп болғаны белгілі. Олардың көш басында – Нағашыбек, Саудабай, Сабыр, Сенбек, Жолтан, Әбдікерім, Мейіртан, Дәулет, Құрақ, Бүтінбай, Мұқым, Өтеген, Қандашбек, Әбдірайым, Мұғал, Тұрған, Тәш, Орынбай, Махан, Базарбай, Мүсілім, Рүстембек, Сейдаш, Мәден, Жамалбек, Жолдасбек, Құрманәлі, Жұмабек, Тұяқ, Наралы, Шералы, Жұматай, Шәріп, Кемел, Шерхан сияқты еңбекқор да қазыналы қариялар тұр. Міне, есімі аталған қариялардың адал еңбектерінің арқасында Төңкеріс колхозы аудандағы алдыңғы қатарлы ұжымшарға айналды.
Ендігі кезекте жоғарыда аталған қариялардың атқарған еңбектеріне аз-кем тоқталатын болсам, Нағашыбек ата тәртіпті қатаң ұстайтын қария болды. Саудабай мен Бүтінбай қариялар тазалықты өте жақсы көретін, есік алды мұнтаздай, ағаш бұтақтарынан өріп, айналаға қоршау жасайтын. Ал Базарбай ата етікші еді, ол кісіге ауыл адамдары жыртылған аяқ киімдерін жөндететін. Сейдаш ата белорақты өткір етіп шыңдайтын, ауыл балалары шөп оратын бел орақты шыңдату үшін сол үйге баратынбыз.
Иә, ауыл өмірі төрт түлік малмен тікелей байланысты екені ежелден белгілі. Осыған байланысты болу керек, Әбдірайым және Әбдіренбай аталар таңның атысы, күннің батысы төрт түлікке шөп дайындаумен болатын. Ал Мұғал ата жертөле жасап, онда 200-дей қоян асырап, бағатын. Рүстембек ата өте сауатты, білімді кісі еді жарықтық. Қазақ шежіресін ол кісідей жетік білетіндер қазір кемде-кем. Ол кісі республикалық, облыстық және ауыдандық мерзімді басылымдарды тұрақты түрде жаздырып алып, ондағы жаңалықтарды ауыл тұрғындарына айтып беріп отыратынын бала кезде көп көрдік. Біз елде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді сол кісіден еститінбіз. Ал Жадыра қарияның денсаулығы өте мықты болды. Қыстың 30-40 градус суық аязды күндері далаға қардың үстіне от жағып, денесін беліне дейін жалаңаштап шешіп тастап, отқа қыздырынып отыратынына куәміз. Міне, Төңкеріс ауылында осындай қазыналы қариялар өмір сүріп, ұрпағына ұлағатты істерді аманаттап кеткені анық… Қазіргі таңда аталған кісілердің ұрпақтары сонда тұрып, ауылда ұлағатты ұрпақ өрбітіп, тәрбиелеп, қазір олар қасиетті өңірдің дамуына еңбек сіңіру үстінде.
Халқымыздың тарихында өшпес із қалдырып, төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы елеулі орын алатыны белгілі. Соғыстың аяқталғанына биыл 81 жыл өтсе де соғыс салған жара әлі де жазыла қойған жоқ. Ел басына қиын күн туған сын сағатта Ұлы Отан соғысына Төңкеріс ауылынан да «елім» деп еңіреген бірнеше азамат аттанды. Дәлірек айтқанда, майданға ауылдағы әрбір үйден екі-үш азаматтан алынып, олар әскер қатарында бола жүріп, ел қорғауға аянбай үлес қосты. Ал сол сұм соғыстан солардың ішінен санаулылары ғана аман-есен елге оралды. Олар – Мәжен Қозыбеков, Мейірбек Қандашбеков және Әбдірейім ақсақал. Олар соғыстан кейін де ұзақ жылдар Төңкеріс ауылында аянбай еңбек етті. Соғыстан келмей қалғандардың қатарында – Зұлпыхар Серғазиев, Наралы Жолдасбеков, Шералы Құрманалиев, Байдуан Андасбеков бар. Олардың жұбайлары жесір қалды. Басқасын айтпағанда, менің анам Седепкүл Мырзалықызы 27 жасында ерінен жесір қалып, одан қалған екі баланы тәрбиелеп өсіріп, азамат қатарына қосты. Иә, ерлері соғыста қайтыс болған әйел-аналар өте ауыр күндерді бастан өткергені анық. Ауылда жетім қалған балалардың да жағдайлары мәз болған жоқ…
Ауыл өмірінде мектеп үлкен маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сол колхоздастыру кезінде ауылда Төңкеріс бастауыш мектебі ашылған болатын. Бұл мектептің тарихы тереңде жатыр. Әрі бұл қасиетті шаңырақтан бірқатар тұлғалы азаматтардың да оқып, қияға қанат қаққанын баса айтқым келіп отыр. Төңкеріс бастауыш мектебін бітіргендердің қатарында – Сәрсенбек Есмұратов, Әбзелбек Жапаров, Ысқақ Жарылқасынов, Асубай Қозыбеков, Арапбай Қозыбеков, Өскенбай Мұғалов, Мекемтас Нағашыбеков, Дүйсеналы Наралиев, Мелдеш Жұманов, Сатылған Маханов, Әбдіранбай Сатылған, Серкебай Момышев және Мырзакерім Тұрлықұлов, жоғары оқу орындарында білім алып, еліміздің әр өңірінде адал еңбек еткен азаматтар. Төңкеріс бастауыш мектебін бітірген түлектердің қатарында Мақсатбек Алтынбеков өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын Ауған жерінде өтеп, сондағы соғысқа қатысып, елге аман-есен оралған ардагер азаматтың бірі. Аталған мектепті бітірген Сәкен Құрманалиев бірнеше жыл Қазақстанның ішкі істер органдарында үлгілі де жемісті қызмет атқарып, қазір отставкадағы полиция подполковнигі. Ал Талғат Парманов полиция полковнигі дәрежесінде ішкі істер министрлігінде абыройлы еңбек ету үстінде. Бұл азаматтар – туған ауылының мақтаныштары. Одан бөлек, аға буын азаматтардан – Серік, Абай, Қабыланбек, Тыныбек, Тұрлаш, Аярбек, Еңсен, Шырынбек, Тұрғын, Әбдікерім және Аманжол, т.б. Төңкеріс ауылының белсенді әрі жанашыр азаматтары бола білді.
«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген ұлағатты сөзде айтылғандай, бұрынғы Күреңбел ауылдық округіне қарасты Төңкеріс ауылы – менің де туған ауылым, кіндік қаным тамып, жалынды жастық шағым өткен жер. Ол аймақтағы Бүтінбай бұлағы, Теріс өзені, Кедейсаз, Датқасаз, Ұзынбұлақ және Құрсай – барлығы менің бала кезде басып өткен жерлерім. 15-16 жастағы балалар жазғы каникул кезінде колхоз жұмыстарына көмектесетінбіз. Жаздыкүні шөп таситын арбашыларға уақтылы түскі астарын апарып тұрдым. Ат тырма тарттым, арбамен жұмысшы әйел, қыз-келіншектерді шөмелей салуға және қант қызылшасының шөбін отауға және суғаруға тасыдым. Ағамның орнына жұмысқа шығып, колхоздың сиыр, жылқыларын баққан кездерім де болды. 9 сыныпты бітірген жылы жазғы каникулға шыққанда Мойынқұмдағы Жуалының малы қыстайтын жайлауға шөп дайындауға барғаным әлі есімде…
Төңкеріс бастауыш мектебінде менімен бірге замандас, құрбы-құрдастар оқыды. Олар – Мекембай Нағашыбеков, Қияқ Көмекбаев, Жетпіс Көпбаев, Расылхан Сыдықов, Мырзакерім Тұрлықұлов, Сейсен Сарманов, Оңғар Абылаев, Батырбай Базарбаев, ал құрбы қыздардан – Күлпан Мұғалова, Тұрсынкүл Әбдіренбай, Мамыркүл Қуанышбек, Базаркүл Парманова, Әсет Жапарова және Райхан Жаңышева бар. Ауылдағы бастауыш мектепте бізді Найзабай Қылышбаев, Сағынбек Есентаев, Ахметжан Кемпіреков оқытып, сабақ берумен қатар, өмірлік үлгі-өнегелерін де бойымызға сіңірді. Олар бізді адамгершілікке және бауырмадылыққа тәрбиеледі. Біз де мектепте тәлім-тәрбие берген ұстаздарды өте қатты құрметтеп, сыйлайтынбыз. Ол кісілер жақын келсе, басымыздан бас киімімізді алып, иіліп сәлем беретінбіз. Ал, апта аяқталып, сабақ аяқталған демалыс күндері ұстаздардың көзіне түспеуге тырысатынбыз.
Мына бір оқиға менің әлі есімде. Анам Седепкүл мені мектепке жетектеп 1 сыныпқа әкелген кезде мұғалім Ахметжан Кемпіреков ағайға: «Баламның сүйегі менікі, еті сіздікі. Әйтеуір тәрбиелі азамат етіп шығарарсыздар деп үміттенемін. Мен сонда ғана Сіздерге риза боламын!» деді. Марқұм анамның қатал мінезінің арқасында және ұстаздардың тәлім-тәрбие беруімен мектепте білім алып, кейіннен азамат қатарына қосылдым. Өмір бойы шәкірт тәрбиелеп, туған өңірдің дамуына адал еңбек еттім деп ойлаймын. Ол үшін анам Седепкүл Мырзалықызына мәңгілік ризамын!
Ауыл өмірі, ауылдың тыныс-тіршілігі маған бала кезден етене таныс. Төңкеріс бастауыш мектебі – сол ауылдағы тарихы терең, табалдырығы киелі мекеме саналады. Білім саласына жауапты басшылардың аталған мектептің жұмысын тоқтатып, ағарту мекемесін белгісіз себептермен жауып тастағаны меніңше дұрыс шешім болған жоқ. Ел дамуына, қасиетті Жуалы өңірінің өсіп-өркендеуіне өздерінің қомақты үлесін қосқан талай тұлғалы азаматтарды оқытып, тәрбие берген киелі табалдырық – Төңкеріс бастауыш мектебін қайтадан ашуға күш салу керек. Онымен қоса, ескі мектептің орнына жаңа ғимарат салып, жанынан балабақшамен қатар, шағын музейді де жасақтаса артық етпейді. Мектеп ғимаратының ауласына бұрынғы Төңкеріс колхозына еңбегі сіңген қариялардың, одан бөлек, Төңкеріс бастауыш мектебін бітіріп, Қазақстанға еңбек сіңірген түлектердің де аллеясын ашу керек деген ұсынысым бар.
Осы тұста Төңкеріс бастауыш мектебінің ғимаратын қайта жаңғыртуға тікелей атсалысып, бұрынғы Чапаев колхозынан қомақты қаражат бөлдіріп, мектепке бірнеше қосалқы бөлме салуға тікелей басшылық жасап, киелі ғимаратқа қамқорлық көрсеткен еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Жетпіс Көпбаевқа ризашылық білдіргім келеді.
Иә, уақыт өтеді, ұрпақ ауысады. Бірақ, бұлжымайтын біра-ақ дүние бар. Ол – ауыл балаларының білім алып, өнер және спортпен тұрақты қамтылуы. Осы тұста ауыл мектебін қайта ашып, бұрын үзіліп қалған оқу-тәрбие үдерісінің қайта жалғанып, жандануына тілектес азаматтың бірі екенімді аудан басшылығына жеткізгім келіп отыр. Олай дейтінім, бұрынғы Төңкеріс ауылы мен ауылдық округтің орталығы Күреңбел ауылының арасы бес-алты шақырымды құрайды. Әсіресе, қыс мезгіліндегі жауын-шашын мен боранды күндері мектепке қатынап оқу балаларға едәуір қиындық тудырады. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын ауылдарды жаңғырту, онда бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмасына сәйкес, қазіргі Күреңбел ауылынан алшақта орналасқан шағын ауылға тұрғындардың және балалардың спортқа қолжетімділігін арттыру үшін шағын спорт нысаны салынса, мұнда да тиісінше, тұрғындардың да тұрақтауы қазіргіден де арта түсер еді деген тілек-ниет біздікі.
Бұрынғы Төңкеріс бастауыш мектебін үздік бітірген шәкірттердің ел дамуына, тіпті, бірқатар шет мемлекеттерде, мәдениет саласында, үлкен спортта, зауыт, фабрикаларда, білім мен денсаулық сақтау салаларында әскери-қорғаныс салаларында аянбай тер төгіп жүргенін сөз арасында тілге тиек еткенімдей, мектепті үздік бітірген түлектердің бірі – Әсілбек Жұмабековтың есімін ерекше атап өтуге тұрарлық. Әсілбек Аярбекұлы алғашқы еңбек жолын сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдары құрылыс саласында бастап, қазіргі таңда «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» деген жоғары салалық атаққа ие. Түркістан облысының Шымкент қаласында тұратын сәулетші-меценат, кәсіпкер азаматтың есімі елге кеңінен танымал десем, артық айтқандық емес. Айта кету керек, Әсілбек Жұмабеков пен Қабыланбек Қандашбеков екеуі бірнеше жыл қатарынан аудан, облыс және республикалық мерзімді басылымдарда мақалалар жазып, мәселе көтере жүріп, Күреңбел өңірінен шыққан тарихи тұлға Батырбек датқа Рысбекұлының басына кесене және ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылының кіреберісінен бабаның еңселі ескерткішінің тұрғызылуына ұйытқы болған атпал азаматтар.
Сөзімді қорыта келе айтарым, туып-өскен жердің қасиетті топырағы, тасы мен құмын, сай-саласы мен өзен-көлін, сылдырап аққан бұлақтарын ұмытуға әсте болмайды. Күреңбел, Төңкеріс өңірінің батысында әйгілі Құлантауы, ондағы Бөкей шыңы, бәрі-бәрі маған да ыстық. Өмірге мұқалмас жігер мен талап беріп, талмас қанат сыйлаған туған жер мен туған ауылдың қасиетті жұрт, бабадан қалған бақ мекен екенін барлығымыз ұмытпауға тиіспіз!

Тілеуқабыл НАРАЛИЕВ,
ардагер ұстаз.
Ауданның Құрметті азаматы,
облыстың Құрметті ардагері.
Нұрлыкент ауылы

Таңдаулы материалдар

Close