Basty bet
Конституция – ел тірегі!
Өткен аптада №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның акт залында «Конституция – ел тірегі» тақырыбында білім беру ұйымдарының педагогтарына арналған мазмұнды семинар өтті. Жиынның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясының маңызын насихаттау, жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру бағытындағы педагогтардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
Семинарға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбуғали Ералиев, Б.Момышұлы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов және аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Маденова қатысты.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Шерелханұлы Конституцияның ел өміріндегі айрықша маңызына тоқталды:
– Конституция – мемлекетіміздің басты тірегі, Тәуелсіздігіміздің айқын айғағы. Бұл – әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын айқындайтын, ел бірлігі мен тұрақтылығының негізін қалайтын маңызды құжат. Біз, аға буын өкілдері жас ұрпаққа заңды құрметтеуді, Отанға адал қызмет етуді үйретуіміз қажет. Себебі, құқықтық сауатты, елін сүйетін азамат қана мемлекетіміздің жарқын болашағын қалыптастыра алады. Сондықтан Конституция талаптарын білу әрі оны құрметтеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы. Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл наурыз айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің басты құжаты Конституцияға көптеген өзгерістер енгізді. Бұл өзгеріс ел болашағы үшін жасалған қадам деп санаймыз,- деді ол.
Жиын барысында қатысушылар Конституцияның қоғамдағы орны мен рөлі, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызы туралы ой бөлісті. Спикерлер жас буынға құқықтық білім берудің өзектілігіне тоқталып, патриоттық тәрбие мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудағы ұстаздардың рөлін ерекше атап өтті.
Семинар аясында педагогтар өзара тәжірибе алмасып, түрлі әдістемелік тәсілдермен танысты. Қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтып, осындай мазмұнды кездесулердің маңызы зор екенін жеткізді.
Жиын қорытындысында қатысушылар өзара пікір алмасып, алдағы уақытта да бірлескен іс-шараларды жалғастыруға ниетті екенін білдірді.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»