Basty bet

Қарлы қалашық

Жылдың барлық мезгілі балаларға қуаныш әкеледі. Оның ішінде, қыс мезгілі өзінің ерекше қызықтарын сыйлайды. Қыстың қызығы сол – қар лақтырып ойнау, қардан аққала және басқа қызықты түрлі мүсіндер жасау.
Біздің балабақшамызда жыл сайын қардан мүсіндер жасау конкурсы өтеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ата-аналар мен педагогтар осы конкурсқа қатысып, әр топ өз ойын алаңдарында «Қардан жасалған мүсіндер» тақырыбы бойынша түрлі мүсіндер тұрғызды.
Іс-шарамыздың мақсаты – мектеп жасына дейінгі балаларды саламатты өмір сүруге қызығушылығын арттыру. Қысқы табиғат ерекшелігін айыра білу арқылы, ақыл-ой қызметін дамыту. Дене шынықтыру жаттығуларының әдістерін үйрену, оларды қолдану, салыстыру арқылы балалардың ой-өрісін дамыту. Балалардың психо-эмоционалдық жағдайын, бұлшықет жүйесінің жұмысын жақсарту.
Көз қуантатын мүсіндер балалардың қысқы серуендерін одан әрі қызықты етіп қуантты. Балалар өздерінің ойындағы қиялын шығармашылығымен ұштастырып, қардан әртүрлі мүсіндер жасады. Қардан жасалған түрлі бейнелер көздің жауын алатындай. Бейнебір ертегілер елінде жүргендей сезінесің. Өткен-кеткен жанның бәрі де қызықтап, суретке түсіп жатты. Өз істерінің рақатын көргендей балалар да мәз. Қардан жасалды демесеңіз әдемі мүсіндер балабақшамыздың сәнін келтіріп-ақ тұр. Әттең, осынша еңбекпен жасалған дүниенің күн жылынса болғаны, еріп кететіні өкінішті-ақ. Қар қалашығы балаларымыздың бойына шығармашылық ой-өрісін, қиялын дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында салынды. Ата-аналар мен педагогтар және біздің кішкентай бүлдіршіндермен бірлесіп жасаған еңбектері жемісті болды!

Айгүл Құрымбай,
«Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі

Таңдаулы материалдар

Close