Basty bet

Облыс әкімі аудандағы бірқатар құрылыс нысандарын тексерді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Жуалы ауданында болып бірқатар нысанның жұмысымен танысты.
Облыс әкімі алдымен Қарасаз ауылына ат басын бұрып, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын көрді. Мұнда жұмыстар жоспарға сәйкес жүруде. Келер жылы балалар игілігіне берілмек.
Бүгінде Жуалы ауданында 160 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Халықтың спортпен шұғылдану үлесі 40,8 пайызды құрайды.
Ербол Қарашөкеев болашақ чемпиондар ауылда қанаттанатынын негізге алып, мердігер компанияға жұмысты сапалы және уақтылы аяқтау керектігін ескертті.
Шыңбұлақ ауылында медициналық пункттің құрылысы жүруде. Өңір басшысы жұмыс қарқынын бағамдап, кеткен кемшіліктерді тез арада реттеуді міндеттеді.
Бұдан соң «Темірбеков» шаруа қожалығына барды.
Ербол Қарашөкеев егіс алқаптарын әртараптандыру, жоғары сұранысқа сай өнімдерді өсіру – уақыт талабы екенін айта келе, қожалық иесіне тауарлы сүт фермасын салуды ұсынды. Мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетінін жеткізді.
Шаруа қожалық алаңында аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың есебін баяндады.
Аймақта егін науқаны аяқталуға таяу, биыл жылдағыға қарағанда өнімділік жоғары. 85 438,1 гектар жерге дақылдар егіліп, жалпы түсімі 403 4188 тоннаны құрады. 2 002 гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. 130-дан аса техника сатып алынып (жоспар – 171), аграршыларға 10 мың тоннадан аса минералды тыңайтқыш берілді.
Жұмыс сапары барысында Кәріқорған ауылына да табан тіреп, қайта жаңғыртудан өткен спорт мектебін аралап көрді.
Кейін аталған ауылдағы Т.Әкімов атындағы №7 мектептің жай-күйімен танысты. Білім ошағының жылу жүйесі көмірден газға көшкен, яғни өткен жылы модульді қазандық орнатылған.
Ербол Қарашөкеев бұл жобаның ұтымдылығын кеңінен зерделеп, басқа да білім ошақтарына тәжірибені енгізу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Модульді қазандық орнату – шығын көлемін үнемдеу бойынша тиімділігін көрсетіп отыр.
Облыс әкімі мал және егін шаруашылығымен айналысатын «Б.Сейдалиев» шаруа қожалығына, сүт өнімдерін өндіретін «Аqmol 2025» ЖШС-не, минералды су өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырған «Ақсай Жуалы» ЖШС-не барып, жұмыс қарқынын көзбен көрді.
Шаруа қожалық жем-шөп алқабын кеңейту мәселесін шешуді жоспарлап отыр.
Облыс әкімі «Аqmol 2025» ЖШС-не қуаттылықты арттыру қажеттігін жеткізді.
Сапар соңы гемодиализ орталығында қорытындыланды. Медициналық мекеме бір мезетте 30 адамға қызмет көрсете алады. Бүгінде мұнда 13 науқас ем қабылдап жатыр.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close