Basty bet

Заманауи үлгідегі спорт алаңшаларын салып берді

2021 жылы Жамбыл облысында осы өңірден шығып, бүгінде түрлі салада жетістікке жеткен танымал түлектерді жастарға таныту және үлгі ету мақсатында «Жомарт түлек» жобасы қолға алынған еді.

Бұрынғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған аталған жоба қазіргі кезде аймақтың барлық ауданында іске асырылу үстінде. Оның ішінде, жоба аясында Жуалы ауданы да айтарлықтай көлемді жұмыстар атқаруда.
Осыған орай, аудан орталығында орналасқан №29 орта мектептің 1988 жылы бітірген түлегі Талғат Тұрымбаев өзі түлеп ұшқан мектепке заманауи үлгідегі футбол, баскетбол, волейбол ойындарына арналған спорт алаңшаларын және бастауыш сынып оқушыларына ойын алаңшасын салдырып берген.
Аталған мектептің директоры Мұхамеджан Бейшеновтың айтуынша, кәсіпкерге мектеп директоры ретінде ұсыныс тастағаннан бастап, Талғат Тұрымбаев өз қаражаты есебінен 23 миллионнан жоғары қаржы аударып, игілікті іске қолұшын созған.
«Байсал-Е» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қыркүйек айында бастаған құрылыс жұмыстары бүгінде толық аяқталды деуге негіз бар. Тек спорт алаңшаларының аумағын сызу және футбол алаңшасының қабырға сеткаларын қатайтып қағу жұмыстары ғана қалған.
– Біз бұл жұмыстарды жан-жақты ойластыра отырып жасадық. Өздеріңіз көріп отырғандай, ойын алаңшасының айналасына арнайы арықтар қазып, бетоннан фундаментін тұрғызып алдық. Арық салғызған себебім, жауын-шашынның салдарынан бұл жерге көлшік сулар жиналып қалатын. Сондықтан ағып кетуі үшін ыңғайлы болсын деп, жалпы жұмыстарды жан-жақты пысықтап жасаған жайымыз бар. Жасалып жатқан жұмыстарға тек мектеп оқушыларғы ғана емес, сонымен қатар мектеп ұстаздары, ата-аналар да өз ризашылықтарын білдіруде. Мектеп директоры үшін бұл өте қуантарлық жайт.
Тағы бір айта кетерлігі, мектептің ер мұғалімдері, шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Қалқаман Сұрамысов бастаған және мектептің кіші қызметкерлері жұмыстан тыс уақыттарында көмек қолдарын созып, құрылыс жұмыстарына құлшына атсалысты.
«Туған жерге туыңды тік!» демекші, шет елде жүрсе де өз туған жерін, түлеп ұшқан мектебін ұмытпай, келіп, жағдай сұрап, әрқашан қол ұшын созуға даяр тұратын, жерлесіміз Талғат Тұрымбаевқа айтар алғысымыз шексіз. Біз түлегімізбен мақтанамыз! – дейді Мұхамеджан Пернеқұлұлы.
Айта кету керек, жерлесіміз Талғат Тұрымбаев 2015 жылдан бері Сингапур мемлекетінде «Kusto Group» компаниясында басшылық қызмет атқарады. Ол «Жыл меценаты» Республикалық атағын иеленген.
Жеке кәсіпкер аталған мектепке 2019 жылы 20 оқушы, бір мұғалім компьютерін және 1- 3/1 түріндегі принтерді сыйға тарта отырып, мектеп спорт залына баскетбол щитын жасатқан. Сондай-ақ, елде төтенше жағдай енгізілген уақытта тұрмыс жағдайы төмен 15 отбасына ақшалай көмек берген.
Сонымен қатар, ол «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудан орталығында орналасқан орталық аурухананың жансақтау бөліміне құны 40 миллион теңге тұратын жедел жәрдем көлігін және емханаға керекті дәрі-дәрмек, медицина кызметкерлеріне керекті құрал-жабдықтар және жалпы құны 102 миллион теңгені құрайтын 30 оттегі балонын әперіп, жан-жақты көмек көрсеткен.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close