Basty bet

Кемеріңе тол тезірек, Аралым!

«Арал тағдыры – адам тағдыры!».
Рахымжан Отарбаев,
жазушы, драматург.

Өткен күндер қалың елдің есінде,
Естен кетпес айналса да елеске.
Айдын беті самал желмен тербеліп,
Сыр ашатын көк аспанның жүзіне.

Тіршілік көз өзіңде еді Аралым,
Аққу-қаздар ертелі-кеш ән салған.
Мөңке, шортан, бекіре мен сазаның,
Су төрінде жүзіп еркін ойнайтын…

Келешектен елің күтіп үмітпен,
Елің үшін теңіз толса сол арман.
Оралса екен мамыражай сол дәурен,
Кемелерге көз салатын жағадан…

Сенеді ел жарқырайды ертеңім,
Тербелер деп толқынымен Аралым.
Көсіліп кең, шалқып жатар теңізі.
Ниеті мен пейіліне халқымның.

Зеңгір көктен нұрын шашып арай күн,
Еске салып хас сұлудың жанарын.
Күн батқанда көкжиектен қызарып,
Ойға шомып жатушы едің Аралым.

Өткен күндер ойда қалмас қиял боп,
Зарықтырмай жетсе екен оралып.
Арнасына толған сәтті көз көріп,
Бар әлемге қуанайық, жар салып…

Ұмыт болсын, су жағадан тартылған,
Кемеріңе тезірек тол, Аралым.
Ойға батып ұзақ қарап алыстан,
Қимай қарап, сенен кетіп барамын…

Рәтбек ҚАСЫМБЕКТЕГІ,
білім беру саласының ардагері, ақын.
Нұрлыкент ауылы

Таңдаулы материалдар

Close