Basty bet
Сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы
Сәрсенбі күні аудан әкімдігінде 2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Жуалы ауданында әзірлеу мен өткізудің қорытындысы бойынша аудандық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Оған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, аудан әкімі Жалғас Мұртаза, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, учаскелік сайлау комиссияларының басшылық құрамы қатысты.
Кеңейтілген отырыстың күн тәртібіне екі мәселе ұсынылды. Олар: 2023 жылғы 19 наурызда Жуалы ауданында өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізудің қорытындысы туралы. Екінші – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлауын даярлау мен өткізу барысында жоғары белсенділік танытқан азаматтарды марапаттау.
Бірінші мәселе бойынша аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева баяндама жасады.
Нүрзия Бақыторазқызы жалпы сайлаудың өту барысы жайлы баяндай келіп, соңынан 2023 жылы мерзімінен бұрын өкілеттігі тоқтатылғанына және өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты өтетін ауыл әкімдері сайлауы туралы айтып өтті. Баяндамашының айтуы бойынша мерзімінен бұрын (2023 жылдың 6 сәуірінде) өкілеттігі тоқтатылғанына байланысты Ақсай ауылдық округі әкімінің сайлауы 2023 жылдың 26 сәуірінде тағайындалып, 2023 жылдың 4 маусымында өткізілуі жоспарланып отыр.
2023 жылы өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты Қошқарата, Билікөл және Нұрлыкент ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы жоспарлануда. Қошқарата ауылдық округі әкімінің сайлауы 2023 жылдың 26 сәуірінде, Билікөл ауылдық округ әкімінің сайлауы 2023 жылдың 27 маусымында, Нұрлыкент ауылдық округі әкімінің сайлауы 27 маусымында тағайындалып, сәйкесінше Қошқарата ауылдық округі әкімінің сайлауы 2023 жылдың 4 маусымында және Билікөл, Нұрлыкент ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы 2023 жылдың 6 тамызында өткізілуі жоспарланып отыр.
Сөз кезегі облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловке берілді.
Серғали Өмірзақұлы еліміздегі саяси ахуалды және халықтың өмір сапасын жақсартуды көздеген саяси реформаның маңызы жайлы өз ойымен бөлісті. Сонымен бірге алдағы ауылдық округ әкімдерінің сайлауына үлкен дайындық керек екенін жеткізді. Яғни басқару жүйесіндегі кадрлардың білімі, кәсіби деңгейі жоғары болмай, елдегі саяси ахуал дұрыс болмайтынын, сондықтан кадрларды таңдау, оларды дайындауға ерекше көңіл бөлу керектігін басса айтты. Білімді, отаншыл жастардың бетін қайтармай, оларға қолдау көрсету керектігіне тоқталды.
Еліміздегі сайлау конституциялық негізде қалыптасқанын айта келіп, кейбір шет мемлекеттердегі сайлауға қатысты ел азаматтарының құқығын шектеуге байланысты жағдайлар барын айтты. Мәселен, Виликобританияда сайлауға қатыспаған азаматтарға несие берілмейді екен.
Сонымен бірге “Күшті Президент. Ықпалды Парламент. Есеп беретін үкімет” қағидасының мән-мағынасына түсінік берді.
-Президент күшті болуы үшін парламенттік жүйе мықты болуы керек. Яғни, бүгін шығарған заңдарға араға біраз уақыт салып өзгерістер енгізуге тура келеді, неге жаңа заңдар халықтың көңілінен шықпайды? Сондықтан депутаттардың сапалық құрамы мықты болуы керек. Бұл жолғы өткен сайлауда осындай азаматтарға жол ашылды.
Депутаттар сессияда мәселені көтеріп қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсету керек. Онсыз ықпалды бола алмайды. Депутат білімді, мәдениетті, елді тыңдай білетін, елмен тіл табыса білетін адам болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда жаңа заң бойынша депутатты кері шақыру механизмі де бар.
Жалпы депутаттар мен жергілікті билік бірлесіп, ақылдасып жұмыс істеуі керек.
Жуалы ауданында мен де басшы болдым. Содан бері 15 жылдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында халықтың жағдайы да әжептәуір көтерілді. Қазір халыққа 2,5 пайызбен несие берілуде. Бұл ауыл тұрғындары үшін жақсы мүмкіндік. Өкінішке қарай, көбімізде ештеңе істемей жеңіл жолмен жақсы тұрғысы келетін психология қалыптасқан. Мәселен, жақында Қырғызстанда болып келдім. Онда баубақшасы аударылмаған бірде-бір үй жоқ. Ал, бізде ауылға барсақ, арық тазаланбаған, қаншама жер бос жатыр. Әрине барлығы емес, бірақ көп жерде осындай көрініс.
Қазір халықтың тұрмысын, өмір сапасын жақсартуға бағытталған қаншама бағдарламалар бар. Оның барлығын халыққа түсіндіру керек.
Біздің аудан аграрлы аудан. Сондықтан осы бағдарламаларды пайдаланып, игілігін көріп, еңбек ету қажет. Сонда ғана ауылымыз, еліміз дамиды,- деді Серғали Өмірзақұлы.
С.Айдапкелов сөз соңынан маңызды науқанның өтуіне белсене атсалысқан бірқатар азаматтарды Алғысхатпен марапаттады.
Сонымен бірге аудан әкімі Жалғас Мұртаза да Президент реформаларының бір бөлшегі – сайлаудың жаңаша форматта өтуі және оған атсалысқан барша жауапты түрлі сала қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, Алғысхатпен марапаттады.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»