Basty bet

Халыққа қызмет – мерейлі міндет!

қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған пайдалы семинар өтті

Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласының жұмысын дамыту әрі жетілдіру, оның сапалық деңгейін арттыру – мемлекеттік аппарат қызметін дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы салада қызмет көрсетушілер мен мемлекеттік қызметтерді алушылардың, яғни қарапайым азаматтар, кәсіпкерлер және т.б. арасында тікелей қарым-қатынас жүзеге асады.
Мемлекет өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларында мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламада алғаш рет мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін электрондық форматқа ауыстыру бағытында міндеттер қойылды.
Кеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру, осы саладағы қызмет сапасын арттыру және мемлекеттік органдар арқылы қызмет алушыларға қолайлы жағдайлар туғызу, тағы басқа маңызды мәселелер жөнінде семинар өткізілді. Семинарға облыстық деңгейдегі мекемелерден бірқатар жауапты азаматтар қатысып, ауданның мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелерінің, атап айтқанда, аудандық әкімдіктің бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлеріне және ауылдық округтің әкімдері мен мамандарына бірқатар маңызды мәселелер жөнінде кеңестерін ұсынды.
Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Рәтбек Көсембаев ашып, жүргізіп отырды. Семинарда сөз алған Жамбыл облысы әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің басшысы Ғалия Боранбаева тақырыпқа сәйкес бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды.
-Мен ең алдымен мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсету саласындағы өзекті мәселелерге тоқталғанды жөн көріп отырмын. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің маңыздылығы және оған қойылып отырған жауапкершіліктің өте жоғары екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Себебі, біз азаматтармен тікелей жұмыс істейміз. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірден бір көрсеткіші. Адамдардың күнделікті өмірі мемлекеттік қызметпен тікелей байланысты. Елімізде бүгінгі таңда барлдығы 1 324 мемлекеттік қызметтің түрі көрсетіліп жатса, соның 297 түрін жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Жауаптылар жақсы білетіндей, өткен жылы облыста 11,3 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінінің ақпаратына сәйкес, алдағы уақытта реестрге өзгерістер енгізіліп, 50 көрсетілетін қызмет түрін енгізу жоспарлануда. Бұл әрине, мемлекеттік орган қызметінің ауқымын одан әрі кеңейте түспек.
Біз ең бірінші мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға көңіл бөлуіміз қажет. Халықтың сұранысын қанағаттандыратындай жұмыс атқарып, заң талаптарын мүлтіксіз орындаудың маңызы зор. Қызмет көрсетудің сапасын арттыру – мемлекеттік органдар жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады. Президенттің тиісті Жарлығының негізінде ендігі кезекте мемлекеттік қызмет сапасын бағалаудың әдістемесіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсетудегі рейтингісі қалыптасады. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау деген сөз.
2022 жылдың бағалау рейтінгісіне сәйкес, Жамбыл облысының бұл саладағы көрсеткіші 88,73 пайызды құрап отыр. Ал мемлекеттік көрсету сапасына келсек, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырысы негізінде жасалған қоғамдық мониторингтің нәтижесіне сәйкес, оның ішінде, жергілікті атқарушы органдардың қызметтеріне қанағаттану көрсеткіші бойынша Жамбыл облысында толық қанағаттанған респонденттердің үлесі 4,48 балды құрайды. Біздің алдымызда осы саладағы жұмыстарды ширатып, сапалы қызметтің үлесін 100 пайызға жеткізу міндеті тұр.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің барысында көптеген проблемалық мәселелер туындап, оны мерзімінде орындамай, заң талаптарын сақтамай, тиісінше, заң бұзушылықтарға да жол беріліп жатқан жайлар да кездесуде. Былтыр бұл салада облыс көлемінде 60 мерзім бұзу фактісі тіркелді. Соның ішінде, Жуалы ауданында екі мерзім бұзу фактісі тіркелген. Биылдың бірінші тоқсанында бір мерзім бұзу фактісі орын алған.
Облыс әкімі аппаратының мониторингілеу бөлімінің тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге талдау жасаған кезде 16 қызмет түрінде мерзім бұзу фактілері жиі орын алатынына көз жеткіздік. Олардың ішінде, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру мемлекеттік қызмет көрсету түрінде былтыр барлығы 13 мерзім бұзу фактісі орын алды. Оның Жуалы ауданына бір фактісі тиесілі. Тағы басқа қызметтерде мерзім бұзу фактілері бар.
Сөзімді қорыта келгенде, мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсететін тұлғаның деңгейі өте жоғары болуы қажет. Жұмысты үйлестіре білу маманнан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сонымен қоса заң талаптарын да бес саусағындай жатқа білуі қажет. Мұндағы туындайтын проблеманың бірі ретінде үйлестіуші мамандардың жиі ауысуын айтуға болады. Бұл жағдай да қызмет сапасының төмендеуіне алып келеді. Сіздерден сұранарым, осындай маңызды жайттардың барлығына жоғары жауапкершілікпен қарауларыңыз қажет,- деді Ғалия Бектенқызы.
Жиын барысында облыс орталығынан келген мемлекеттік қызметтерді көрсетуге жауапты қызметкерлер тақырыпқа сәйкес, қатысушыларға теориялық және практикалық тұрғыдан кеңестер беріп, әдістемелерімен бөлісті. Атап айтқанда, облыс әкімі аппаратының өтініштерді қарау бақылау бөлімінің басшысы Бауыржан Молдашев, облыс әкімі аппаратының заң қызметінің бас инспекторы Қарашаш Әубәкірова, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Айдар Тәжібаев, облыстық сәулет, және қала құрылысы бюасқармасының бөлім басшысы Алмас Тілеубаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Жанәділ Құрбанов, «ҰАТ» АҚ-ның облыстағы өкілдігінің қызметкері Ғабит Тоқтағұлов және облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің бас инспекторы Диана Ысқақова тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар жиын барысында қатысушылардың өтініштері назарға алынып, аудиториядан түскен сұрақтарға мамандардың тарапынан тыңғылықты жауаптар берілді.
Қосымша айта кететін болсақ, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандырумен қатар, «бір терезе» қағидасының негізінде көрсетілетін қызметтердің тізімін ұлғайту міндеті айқын көрініс тапқан.
Қорыта айтқанда, электрондық түрде көрсетілетін қызметтердің саны жылдан жылға ұлғайып келеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік орган қызметкерлерімен қызмет алушылардың тікелей қарым-қатынасын азайтып, сыбайлас жемқорлық фактілерін де болдырмауға бағытталып отырған маңызды қадам.
Иә, мемлекеттің алдында осынау көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Осы ретте қабылданған шаралар қызмет көрсетушілер жұмысының тиімділігін арттыруға және әкімшілік кедергілердің азаюына ықпал жасайтынына күмән жоқ.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close