Basty bet
Ізденіс қана істі ілгері бастырады
Соңғы уақытта қыз-келіншектер арасында «Упи пирогы», «Қызыл бархат», «Сүтті қыз» аталатын торттарды пісіру сәнге айналды. Түрлі торттарды пісіруді үйренгісі келетін жандарға шеберлік сағаттарын өткізетін шеберлер де бар. Бұл іс карантин кезде де тоқтаған жоқ. Яғни, онлайн курстар жүріп жатты.
Торт пісіру кәсібі ауданымызда ғана емес, ауданға қарасты ауылдарда да жақсы жолға қойылған. Осы күні тұрғындар кондитер өнімдерін сырттан іздеп әлек болмайды.
Өйткені ауданда торт пісіретін қыз-келіншектер қатары артып отыр. Кейбірі хобби ретінде пісірсе, кейбірі бұл істі кәсіп көзіне айналдырған. Осындай неше түрлі тәттілер пісіріп, көпшілікті қуантып жүрген жандардың бірі – Нұрлыкент ауылында тұратын Майра Оразқызы.
Майра Оразқызы 2002 жылы Қарақалпақстан Республикасынан атажұртқа қоныс аударған.
Мұнда көшіп келгенде Майра 6 сынып оқушысы болған. М.Ломоносов атындағы орта мектепті тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, әрі қарай Тараз мемлекеттік университетінің «Көпсалалы» колледжін ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бүгінде Майра отбасында асыл жар, төрт баланың анасы.
– Қыз бала болған соң ас үй жұмыстарына кішкентайымнан араластым. Анамның жанында көмектесе жүріп, түрлі тағам пісіруді үйрендім. Өсе келе көңілім тәттілерді пісіруге құмартты. Алғашында әпкем екеуміз үйде неше түрлі қоспалар қосып тәтті бәліштер пісір көрдік. Шын көңілмен дайындалғаннан болса керек, пісіргенім үйішінің көңілдерінен шықты. Ата-анам мен бауырларымның оң бағасы маған ерекше мотивация берді.
Торт пісіруге деген қызығушылық осы тәтті бәліштерден кейін басталды. Ең алғаш пісірген тортым 2014 жылы абысынымның баласының 1жасына пісіріп алып барған «Бисквит» торты болатын. Сол кезде бәрі дәмді болыпты деп мақтауларын асырды.
Тәтті бәліштерді шайқаумен араластырып пісіре беремін. Ал торт пісіруге арнайы миксер керек. Өзіміз абысындар болып «Алтын сандық» ойнаймыз. Менің кезегім келгенде, сол «Алтын сандықтан» түскен ақшаға миксер алдым. Тортты дайындау үшін неше түрлі құралдар керек. Тортты пісіргенде рецептке қосатын заттың бәрін өлшеп қосу керек. Торт арнайы пеште пісіріледі.
Әпкемнен «Бал» тортты пісіруді үйрендім, ол кісінің де тәтті пісіргенге жаны құмар. Білмей қалған нәрселерімді әпкемнен сұраймын. Тәтті бәліштен кейін «Бал» торт дайындауға кірістім. Алғаш тәжірибе ретінде өзімізге дайындадым. Солай тәтті торттарды пісіруге деген қызығушылығым ояна берді,- дейді Майра.
Өздігінен тортты пісіре беру ойдағыдай нәтиже бермейтінін түсінген Майра өз шеберлігін шыңдай түсу үшін көптеген онлайн шеберлік кластарға қатысып, тәтті пісірудің қыр-сырын үйренеді. Майраның тәтті торттарын абысындары жарнама жасап, өздерінің туысқандарына инста желісі арқылы танытуда. Ол кісілер қолдау білдіріп, торттарын өздері де алып, мақтауларын асырады екен.
– Үйде баламен отырғасын, бір іспен айналысқым келді. Тәтті пісіруге өзім қызыққан соң неге торт пісіріп көрмеске деп ойландым. Маған бірінші болып мотивация беретін ол – балаларым. Пісірген торттарымның дәмін татушы да балаларым. Солай пісірген торттарымды жайлап инстаграмға шығара бастадым. Күйеуім де қарсы болған жоқ. «Үйде отырып пісірсең, пісіре бер» деп маған қолдау көрсетті. Сонымен инстаграмнан бәрі жақсы пікірлер жазып, одан әрі шабыт берді. Ең алғаш тапсырысымды 2019 жылдың желтоқсан айында «Бал» тортына алдым. Әрі қарай инстаграм мен ватсап желісі арқылы туысқандарымнан тапсырыстар ала бастадым.
Басында торт пісіргенде қалай істеймін, қалай болады деп уайымдайтын едім.
Қазіргі таңда торт пен тәтті бәлішті туысқандарыма, жақын ағайындарға, құрбыларымның балаларының туған күндеріне пісіріп беремін. Олар ақ баталары мен алғыстарын жаудырып жатады. Туысқандарымның, жақындарымның тапсырыстарын орындап, олардың қуанышқа толы жүздерін көргенде ісіңнің бекер емес екенін түсінесің. Адамға қуаныш сыйлау – керемет сезім,- дейді Майра.
Иә, кез келген істі кәсіпке айналдыруға болады. Ол үшін ерінбей еңбек ету керек.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»