Basty bet
БАҒБАН БОЛСАҢ, БАҚ ӨСІР…
Ауданда дәнді дақылдарды жинау науқанынан кейін іле-шала көкөніс және бау-бақша өнімдерін теру науқаны басталып кетті.
Әне, міне дегенше, берекелі де мерекелі күздің алғашқы айы да бел ортасынан асып қалды. Күз мезгілі жазира даланың дархан дастарқаны деп те аталады. Күз – тоқшылық пен ырыс-берекенің мезгілі. Бұл сонымен қатар бағбанның ала жаздай еткен еңбегінің нәтижесін көретін шағы.
Ақ басты Алатаудың баурайындағы таумен аттас Алатау ауылының еңбекқор тұрғыны Дәурен Бозтайұлы ауласын бауға айналдырып, онда 20 жылдан бері алманың бірнеше түрін баптап, бағбандықтың қыр-сырын меңгеріп келеді.
Шағын бауда уылжып піскен алма ағаштары иіліп, қызылды-жасылды жемістері самсып тұр. Бақта терім басталғалы бір аптаның көлемі болып қалыпты. Бағбан әзірге ағайын-туыстардың қол жәрдеміне сүйеніп отыр. Терімнің алғашқы күндері Шымкент қаласынан келген жиендері көптеп-көмектеп, әжептеуір жұмысты еңсеріп кетіпті. Бұл олардың өздеріне тиімді. Әрі шаруаға қол ұшын береді, әрі қысқа қажетті алмаларын алып кетеді.
-Негізінен алма бау толық табысына төртінші жылы кіреді. Одан ары жылдан-жылға климатқа орай көбейе береді. Алма бағы бір жыл демалып, келесі жылы жеміс береді деген бос сөз. Бабын келтіре білсең, одан жыл сайын өнім алуға болады.
Қазіргі таңда алманың жеті-сегіз түрін өсірудеміз. Бәрі бәсекеге қабілетті сұрыптар. Өткен жылмен салыстырғында биыл өнім жаман емес. Бірақ ауа райы жазда ыстық болған жағдайда, алма ағашы қанша жерде су ішіп тұрса да, ыстық ауа жемістің еркін өсіп-жетілуін тежейді.
Түнде тұрған жел біраз алманы қағып, жерге түсіріп кетті. Баудың іші айнала көгал болғандықтан, жеміс жерге қатты ұрынбайды. Былтыр қолмен жұлынған алмалар мен жерге түскендерді бөлек жинап көргенмін. Екеуі де жақсы сақталды. Биыл оларды бөлектемей жинап жатырмыз. Қазіргі таңда 10 тонна өнім жиналып қалды,- дейді Дәурен Бозтайұлы.
Алма бақтағы ағаштардың дені аласа бойлы ағаштар. Барлық алма ағаштары күзде пісіп-жетілетін сорттар.
Біз бауды аралап, алма ағаштарын өз көзімізбен көріп шықтық. Алма баудың ішінде 60-80 жыл болған алма ағаштары да өнім беріп тұр. Мұны бағбанның анасы өз қолымен еккен екен. Міне ғажап, сонша жылдан бері бұл ағаштар өнім берулерін тоқтатпай тұрғанына таң қаласыз. Баудың ішіндегі қол жетерлік алма ағаштары иіліп, көз жауын аларлық қызылды-жасылды жеміске самсып тұр.
Жиналған өнімді сақтайтын екі жертөле бар. Ол жертөлені алма салмастан бұрын екі рет суарып алады. Жертөле ылғал болса алма жақсы сақталады екен. Өнімді жинап-тернеп алған соң бір-екі ай сол жертөледе сақталады. Жаңа жылға қарай аудан орталығына, Тараз және Шымкент қалаларындағы базарға шығарып, саудалайды. Өздері бақ басынан теріп алып кетіп жататындар да бар.
Бау күтімі жыл он екі ай бойына үзілмейді. Жиын-терін аяқталысымен талдар ұйқыға кетер алдында ауырған, қураған, ұштары өсіп кеткен бұтақтар бұталады. Ұштары да қысқартылып отырады. Қыстың алдында 2 грамдық дәрілік капсуланы ар ағаштың түбіне тастайды.Ол ағаштардың діңін қатайтып, жарылмауына септігін тигізеді. Көктемде ағаш бүршік атқаннан бастап, гүлдеп, түйнек салғанға дейінгі аралықта екі-үш мәрте өңдеуден өтеді. Бау маусым кезінде бес-алты мәрте суғарылады.
Тәжірибелі бағбан алдағы уақытта алма жемістерін өңдейтін шағын цех ашуды межелеп отыр. Өйткені оның сөзінше дүкендегі кішкентай пластик құтыдағы шырынның өзі бір келі алманың бағасымен тең келеді. Егер өзімізден шығарсақ, бағасы да аудан тұрғындары үшін жүйелі болатын еді дейді. Бағбанның сөзінің жаны бар. Біз дүкендегі алма шырынын 600-700 теңгеге сатып аламыз, ол қалай өңделгенін де білмейміз. Осындай алма өңдейдін цехтар өзімізден ашылса, нұр үстіне нұр болатын еді. Бағбан жоспарының орындалуы уақыттың еншісінде.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»