Basty bet
Арманның бір бөлшегі, жарқын болашақтың бастауы
Білім ошағында әр жас армандағы мамандық иесі атансам деп ниеттенеді. Дегенмен өз қалауынан гөрі ата-анасының ықпалына не ҰБТ-ның шешіміне қарап қалады. Кей деректерге жүгінсек, жоғары білім алғандардың 10-20 пайызы ғана өз мамандығымен жұмыс істейді. Демек, біздің қоғамда мамандық таңдау мәселесі әлі де өзекті.
Мамандық – арманның бір бөлшегі, жарқын болашақтың бастауы. Өмірде екі нәрседен қателеспеу қажет болса, соның бірі – мамандық таңдау. Мамандықты дұрыс таңдау – болашақты айқындайтын үлкен маңызды қадам. Қазіргі таңда көптеген оқушы мамандық таңдау мәселесіне бей-жай қарайтыны жасырын емес. Өздерінің нақты қалауларын білмек түгіл, кейбірінің мамандығын ата-аналары я ұстаздары таңдап беріп жатады. Бұл дегеніміз – болашағына салғырттық таныту. Бүгінгі таңдаған мамандығын ертеңгі болашағың үшін өте маңызды. Уақытың мен энергияңды өзің қалап таңдамаған мамандыққа сарп ету арқылы уақытыңды текке өткізіп алуың ықтимал. Қалауын нақты білмейтін талапкерлер өз келешегі үшін уайымдап, таңдау жасай алмаса, түрлі әдістерді сынап көруіне болады. Мәселен, мамандық анықтауға көмектесетін психологиялық тесттер бар және арнайы мамандардан ақылы кеңес алу дегендей. Қысқасы «өзімді дамытамын» дейтін талапкер үшін түрлі жағдайлар қарастырылған.
Әділетті Қазақстанның болашағы – білімді жастардың қолында. Білімді жастар мамандығын қабілеті мен жүрек қалауына сай таңдап, сол арқылы өнімді қызмет ете білген кезде көбейетіні анық. Жапон ғалымдарының мәліметінше, адамның сүйікті ісімен айналысуы – мол энергия сыйлап, өмірінің мәнін табуға көмектеседі екен. Сондай-ақ денсаулығы зор әрі өмірі ұзақ болады. Ойлап қарасақ, сүйікті жұмысыңды істеу керемет сезім сыйлайды. Таңертең көзіңді ашқанда ерекше шабытпен оянып, бір күнге жететін энергия қорын молынан жинайсың. Көтеріңкі көңіл-күймен жұмысты өнімді атқарып, кәсіби жетістіктерге жетуің де оңай болады. Адам сүйікті жұмысымен айналысқанда келешекте немесе жұмысын атқару барысындағы кездесетін қиындықтар мен ауыртпашылықтарға да төтеп бере алатыны белгілі. Ісіне деген махаббаты бар азамат материалдық құндылықты екінші орынға қойып, мамандығы бойынша жұмыс атқаруды үлкен бақыт тұтады. Адам өзі қаламаған істі жасағанда салғырт қарай бастап, энергиясы мен жұмыс өнімділігі төмендеп, ісінде көптеген мәселе туындайды. Осындай себептерден адам стресстік жағдайға түсіп, өзін жоғалтып түрлі қиындыққа душар болуы мүмкін. Мінекей, бір ғана қате таңдау адамның болашағы мен денсаулығына қауіп төндірмек.
Дегенмен әрбір адамның кез келген саладағы табысқа әсер ететін белгілі бір жеке қасиеті болады. Бұл тамаша есте сақтау, күрделі ойлау, бай қиял және табиғаты бойынша генетикалық, яғни көбінесе тәрбиеге, білімге және өмірлік тәжірибеге байланысты басқа да ақыл-ой қабілеттері болуы мүмкін. Мамандықты дұрыс таңдап, қоғамда лайықты орнын табу оңай емес. Таңдай жасамас бұрын «болашақ мамандығыңыздан не күтесіз?» деген сұраққа шынайы жауап беру керек. Көп нәрсе осыған тікелей байланысты.
Барлық мамандық маңызды. Кейбірі математикалық қабілеттерді қажет етсе, басқасы шығармашылықты, енді бірі дене шынықтыруды қажет етеді. Жақсы немесе жаман мамандық болмайды, тек Сізге ұнайтын немесе ұнамайтын мамандық бар. Өмірде бәрі бір-бірімен байланысты болғандықтан, дұрыс мамандық өмірдің барлық саласына әсер етеді. Таңдау неғұрлым сәтті болса, өмір жолыңыз соғұрлым қызықты әрі табысты болмақ. Мамандық таңдау – маңызды қадам. Ұлы Абайша тәмсілдегенде өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау мәселесіне дұрыс көңіл бөліңіз!