Basty bet

Халық қалаулысы өңірге жұмыс сапарымен келді

Елге адал қызмет ету – барлығымыздың қоғам мен мемлекет алдындағы азаматтық борышымыз. Елдің дамуы мен халықтың тұрмысын көтеруге, оны іске асыру үшін тиімді заңдар қабылдау ісіне халық қалаулылары да хал-қадірінше атсалысуда. Осы орайда биылғы жазғы демалыс кезінде Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары ел өңірлеріне жұмыс сапарымен шығып, олар ең бірінші кезекте өңірлердің тұрғындарымен және сайлаушылармен түрлі кездесулер өткізуде. Мұндағы басты мақсат – ел ішіндегі ахуалмен танысу және жергілікті тұрғындардың, онымен бірге әлеуметтік мәселелерге, сонымен қатар, түйінді проблемаларға назар аудару.

Жақында Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Мәжілістегі фракция мүшесі Нұрлан Әуесбаев жұмыс кестесіне сәйкес, апта ішінде Жуалы ауданына да арнайы атбасын бұрды. Халық қалаулысы ең алдымен аудан орталығы Б.Момышұлы ауылына аялдап, аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысты.
Нұрлан Сатыбалдыұлы орталық аурухананың қабылдау бөлімі, емхананың тіркеу бөлімі, маммолог, хирург, т.б. дәрігерлердің кабинетін аралап көріп, дәрігерлермен және ем алушылармен сөйлесті. Сонымен қатар, аудандық орталық аурухананың материалдық-техникалық жарақтандырылуына да баса назар аударды. Жалпы аудандық орталық аурухананың тыныс-тіршілігі, науқастарды қабылдау, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету мәселелерін бас дәрігердің ішкі аудит жөніндегі орынбасары, хирургия бөлімінің меңгерушісі Қалдыбай Байрамов егжей-тегжейлі айтып берді. Қосымша айта кететін болсақ, аудандық орталық аурухана дәрігерлер құрамымен толықтай қамтамасыз етілген. Емдеу мекемесінің материалдық базасы жыл санып нығайып, заманауи қондырғылармен тұрақты қамтамасыз етілу үстінде.
Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Мәжілістегі фракция мүшесі Нұрлан Әуесбаев келесі кезекте аурухананың акт залында аталған мекеменің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев ашып, сөзді Нұрлан Сатыбалдыұлына берді. Халық қалаулысы өз кезегінде Мәжілістің жұмысынан бастап, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясының жұмысы, министрліктермен байланысы туралы, сонымен қатар, аудандық орталық аурухананың да проблемалық мәселелеріне назар аударды.
Жиында сөз сөйлеген мекеме қызметкерлері аудандық орталық ауруханаға заманауи жаңа ғимарат салынса деген тілектерін жеткізіп, жоғары оқу орнын бітірген орта буын қызметкерлердің айлық жалақысына қосымша ақы төленсе, айлық жалақы кешіктірілмей уақтылы төленсе деген өтініштерін айтты. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев халық қалаулысын мекеме жұмысынан толықтай хабардар етіп, кейбір проблемалық мәселелердің шешілуін назарға алатынын жеткізді. Кездесуде қызметкерлердің тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын жетілдіру туралы өтініш-тілектерге де назар аударылды. Нұрлан Әуесбаев аудандық орталық аурухана қызметкерлерімен болған басқосуда айтылған маңызды мәселелердің барлығын жазып алып, кейбірінің бақылауда болатынын атап өтті.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Мәжілістегі фракция мүшесі Нұрлан Әуесбаев ауданға жұмыс сапары барысында өңірге қарасты Күреңбел ауылында да болып, осындағы ауызсу жүйелерін жаңғыртуға бағытталған құрылыс жұмыстарымен танысып, ауыл тұрғындарымен де тілдесті.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close