Basty bet

Ұлы Жаратушыға құлшылық жасауға асығайық!

Бақалы және Теріс ауылдарына ортақ мешіттің құрылысы аяқталуға жақын

Ежелден ынтымағы берік, имандылықты алға ұстаған Көкбастау ауылдық округіне қарасты Бақалы және Теріс ауылдарының орта тұсында жаңа мешіттің бой көтеріп келе жатқанына да біраз уақыт болды. Алла қаласа, асыл дінімізді құрметтеген қалың жамағаттың ниеті қабыл болып, ауылдық мешіттің ашылатын күні жақын қалды. Алла үйінің алғашқы қазығы қағылып, құрылыс жұмыстары осыдан төрт жыл бұрын басталған болатын.
Алла үйі құрылысының бұлай созылып кетуіне кейінгі екі-үш жыл көлемінде елімізде тараған аты жаман індеттің едәуір кедергі болғаны анық. Әйтсе де, Аллаға құлшылық жасаушы қауымның тілегі жерде қалмайтынына қалың жамағат та сеніп отыр. Міне, биыл халқымыз бір ел болып аты жаман дерттің де зардаптарын еңсеріп, бұрынғы қалыпты өмірге қайта орала бастады.
Ауыл имамы Еркін Зауырбеков мешіт құрылысының жақында аяқталатынына үмітті. Себебі, ауылдағы барша жамағат құлшылық үйінің ашылуын көптен тағатсыздана күтуде. Бір Жаратушыға құлшылық етуге ниет етіп, соған асыққан жамағаттың үміті ақталатын күн де жақын қалды. Себебі, аз ғана іркілістен соң мешіт құрылысында ілгерілеу байқалады.
-Мешіттің құрылысы қарқын алуда. Оның тез аяқталуын ауыл тұрғындары да асыға күтіп жүр. Құрылыс жұмыстарына құрылысшы шеберлермен қатар, ауыл адамдары да көмектесіп жатыр. Алла үйінің айналасына жүздеген жеміс ағаштары отырғызылды. Енді көлік тұрағы мен айналасындағы жолға құм төсеуге ауыл тұрғындары да белсенді атсалысуда,- дейді ол.
Сыйымдылығы 150-200 адамға арналып салынған, бір мезгілде осынша адамның намаз оқуына мүмкіндік беретін құлшылық үйінің ашылуын күтіп жүргендер көп. Соның бірі – ауыл тұрғыны Өмірхан Ералиев. «Теріс пен Бақалы ауылы тұрғындарына арнап осындай зəулім мешіт салып беріп жатқан ерлі-зайыпты иманды азаматтар Ержан мен Гүлнарға ауыл тұрғындары дəн риза. Алла қаласа, Құрбан айт мерекесіндегі құлшылық намазымызды осында оқимыз деген ниетіміз бар. Мешіт құрылысының тезірек аяқталуы үшін қос ауылдың тұрғындары да аянып қалып жатқан жоқ. Күнде кезекпен келіп, көмек беруде»,- дейді.
Мұсылманның тіршіліктегі негізгі міндеттерінің бірі Ұлы Жаратушыға құлшылық жасау екені бәрімізге белгілі. Сондықтан мешіттің қолданысқа берілуі ауыл тұрғындары үшін ғана емес, барша мұсылман қауымының ортақ қуанышы болатынына күмәніміз жоқ.
Диас ҚҰЛИБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
конвергенттік журналистика мамандығының І курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close