Basty bet
Уақытында қабылданған маңызды шешім
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын толығымен тыңдадым. Бұл Жолдауда ел дамуын айқындайтын біршама мәселелер кеңінен сөз болды. Соның ішінде, Су ресурстары және ирригация министрлігін құру туралы шешімі өз уақытында қабылданды деп білемін. Қазіргі кезде елімізде құрғақшылық болып жатыр. Көршілес елдерден келетін су көлемінің азайып кетуінен көптеген облыстарда мал азығын дайындау ісі кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Міне осы министрлік тікелей аталған мәселені шешумен шұғылданады деп сенемін.
Сондай-ақ, күнделікті тұтынып отырған ауызсуымыздың да жағдайын жақсарту күн тәртібінде тұр. Кезекпен, сағаттап қана су ішетін ауыл-аймақ елімізде әлі де бар. Тіпті сатып алып ішіп отырған ауыл тұрғындары да жетерлік. Сондықтан біз суды үнеммен пайдалануымыз қажет. Президентіміздің қойып отырған басты талабы да осы.
«Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Жолдауда Президент Қазақстанның су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалатынын қоса айтты. Бұл құптарлық шешім деп ойлаймын.
Ермек АБДУВАИТОВ,
аудандық Халыққа қызмет көрсету
орталығының директоры.
Аудандық мәслихаттың депутаты