Basty bet
Тәрбиемен берілген білім өлшеуі жоқ қазына
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында баса айтылған білім саласындағы маңызды мәселе – орта білім беру жүйесін жетілдіру. “Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс” деген еді ел Президенті.
2022-2023 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша көш басында Бәйтерек ауылындағы №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектеп тұр. Яғни, мектеп түлектері жинаған орташа балл 90,4-ті құрады. Бұл жақсы көрсеткіш – мектеп мұғалімдері мен түлектерінің еңбегінің нәтижесі. Осы ретте аталған мектептің директоры Гүлнар Жорабековамен мектептегі тәрбие мен білім сапасына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы сұхбаттасқан едік едік.
-Гүлнар Молдақұлқызы, алдымен мектептегі оқушы саны, мұғалімдер, олардың санаты, сонымен бірге тәжірибелі, білімді де білікті ұстаздар туралы айтып өтсеңіз.
-№11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектеп 2023-2024 оқу жылын 278 білім алушымен бастады. Мектепте жалпы педагогтар саны – 46, соның ішінде 2 мұғалім педагог-шебер санатында, 13 мұғалім педагог-зерттеуші, 12 мұғалім педагог-сарапшы болса, педагог-модератор санатында 11 мұғалім бар. Тәжірибелі, білімді де білікті ұстаздарымыз да көп. Атап айтқанда: Н.Ходжабекова, Г.Сыдығалиева, А.Төрежанова, Р.Әліпбаева, М.Таштанқұлова, К.Құрманалиева, Р.Төлегенова, Б.Тұрғыналиев, Н.Тлеуқұл, Г.Сманбаева, Г.Алжанова, Е.Каладжиева, С.Мамашева, А.Үсенова, С.Сегізбаева, т.б ұстаздар.
-Мектептің материалдық-техникалық базасы, қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы туралы айтып берсеңіз.
-Мектебіміз 1988 жылы қолданысқа берілген. Қазіргі таңда күрделі жөндеуді қажет етеді. 2023-2024 оқу жылында мектептегі физика, химия, биология кабинеттерінің зертханалары жаңа жабдықтармен жасақталды.
-Өткен оқу жылын қанша түлек бітірді, олардың ішінде Алтын белгімен, үздік аттестатпен аяқтағандар бар ма, қанша түлек мемлекеттік грант бойынша ЖОО-на түсті?
– 2022-2023 оқу жылында мектепті 16 оқушы бітірді. Оның ішінде Сегізбай Сәбина есімді оқушымыз жалпы орта білімді үздік аттестатпен аяқтады. ҰБТ қорытындысы бойынша 90,4 орташа балды құрады. 16 оқушының 11-і мемлекеттік грант негізінде ЖОО-на түсті.
-Мектеп мұғалімдері мен оқушыларының өткен оқу жылындағы ең негізгі жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.
-Дарынды шәкірттеріміз мектеп қоржынын жыл сайын жаңа жетістіктермен толықтырып келеді. Мәселен, Алматы қаласында өткен республикалық «Абайтану» олимпиадасына қатысқан 11 сынып оқушысы Сегізбай Сәбина ІІІ орынды иеленіп, мектептің абыройын асқақтатты.
Республикалық «Мың бала» ұлттық зияткерлік сайысынан 2020-2021 оқу жылында Нұрдана Әуезқызы, Кемел Секер, 2021-2022 оқу жылында Мерей Өміржан, Динара Мұхамеджан, Татьяна Вишневская, 2022-2023 оқу жылында тағы да Динара Мұхамеджан, Татьяна Вишневская жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, облыстық «Абайтану» олимпиадасында Сәбина Сегізбай І орынды, облыстық “Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ” эссе байқауында Мерей Өміржан І орынды, “Мәшһүр Жүсіп оқулары” байқауында Шырын Жұмабек ІІ орынды, «Ясауитану» байқауынан Меруерт Берекет ІІ орынды, «Қанипа Бітібаева» олимпиадасынан Нұрайым Сатымқұл ІІ орынды жеңіп алды.
-Мектепте білім сапасын көтеру мәселесі бойынша қандай жүйелі жұмыстар жүргізіледі? Мұғалімдерге қандай талап қоясыздар?
– Мұғалімдердің сабақтарына қатысып, оларға конструктивті кері байланыс беру арқылы кәсіби біліктіліктерін арттыруға көмек көрсетеміз. Бұл әрекеттің тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуі мұғалімдердің ізденімпаздығын арттырды. Нәтижесінде ұстаздардың сабақ жүргізу әдістемесі біршама жақсарды. Оқыту үдерісіндегі оқытудың нәтижесін анықтау мақсатында мектепте www.tastandiev.kz сайты ашылып, арнайы тест базасы құрылды. Бұл сайтта тесттер барлық тоқсан бойынша негізгі пәндерден 2-9 сыныптар аралығында құрастырылған. Ақпараттық технология арқылы тест тапсырмасын орындату оқушылардың жұмысын жаңа деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді және әр оқушының жаңа қырынан дамуына ықпал етеді. Оқу процесінде тест алудың осындай форматын пайдалану оқытудың сапасын арттырады. Озық іс-тәжірибені тарату және алмасу мақсатында аудандық «Білім сапасын арттыру: тәжірибе, технология, инновация» атты семинар-практикум өткізілді.
Мұғалімнің біліктілігін арттыру – педагогиканың өзекті мәселелерінің бірі болғандықтан, мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Ақбота Сағындыққызын шақыртып, іс-әрекеттегі зерттеу курсын оқып, барлық мұғалім сертификатталды. Іс-әрекеттегі зерттеу идеясы оқу үдерісіне тікелей қатысты адамдарға негізделген. Зерттеуді сыныпта анықталған маңызды, көкейкесті мәселесі бойынша бір мұғалім, жалпы проблема бойынша жұмыс істейтін мұғалімдер тобы жүргізе алады. Осы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы мектептің кәсіби қоғамдастығында зерттеу мәдениеті қалыптасып, білім сапасы артады деген сенім ұялатады.
-Бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіздер? Мектепте тәрбие сағаты өте ме?
-«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегендей, біз бала тәрбиесіне баса назар аударамыз. Ұрпақ тәрбиесінің дұрыс жүргізілуі барысында тәрбие сағаттары уақытында, үздіксіз жүреді. Сондай-ақ, тәрбиелік іс-шаралар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, байқаулар ұйымдастырып отырамыз.
Мектепте 2022 жылдың 24 қараша күні ата-аналар мен серіктес мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтарын шақырып, «Балалықтан даналыққа: АТА-АНА. МЕКТЕП. МҰҒАЛІМ” тақырыбында кездесу өткіздік. Кездесудің қонағы:«Балалықтан даналыққа» кітабының авторы, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының сарапшысы, педагог, психолог Сейілбек Мырзабай Саттарханұлы. Аталған кездесудің мақсаты – бүгінгі таңдағы бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелердің шығу төркіні мен оны шешу жолдарын ата-аналарға, мектеп психологтары мен педагогтарына түсіндіру. Кездесу барысында кітап авторы ата-аналар мен мұғалімдердің бала тәрбиелеу барысында жіберетін қателіктері мен дұрыс тәрбие берудің тәсілдерін, жолдарын атап, мысалдар келтіріп, баяндап өтті. Бұл мұғалімдер үшін де, ата-аналар үшін маңызды, тағылымды шара болды.
Мектептің тәрбие процесі жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушы бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруды жүзеге асырады.Мектептің тәрбие жүйесінің ұйытқысы – тәрбиелеуші ұжым, оқушылар мен мұғалімдер, ата-аналар ұжымының бірлігі. Мақсатты тәрбие жұмыстардың нәтижесі мектептегі құқықтық тәрбие бағытындағы жұмыстар жақсы жемісін беріп отыр. Оның дәлелі, күні бүгін тәртіпсіздік жасап, мектеп бойынша ішкі істер бөлімінде есепте бақылауда тұрған оқушы жоқ.
-Ата-аналармен қарым-қатынастарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
-Ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жиналыстар мен басқосулар, “Ашық есік күндерін”, отбасылық спорттық сайыстар ұйымдастырып келеміз. Мысалы: «Толағай» отбасылық спорттық сайысы, «Мектептегі бір күн» атты ата-аналарға арналған “Ашық есік күні”, әр айда ұйымдастырылатын сыныптардың жиналысы, «Әке көрген оқ жонар» атты әке мен балалар арасындағы құстарға ұя жасау сайысы, т.б.
Биыл әдістемелік нұсқау хатта көрсетілгендей, мектептердің ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимылын нығайту мақсатында «Даналық» атты ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығын құрып жатырмыз. Ол орталықта ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты кеңестер айтылады, бүгінгі күннің мәселелерінің шығу төркіні анықталып, оны шешу жолдары қарастырылады. Бала тәрбиесінің оң бағытта жүруі мақсатында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсетіледі.
-Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жұмыстары туралы айтып өтсеңіз. Оның ішінде, мектепте домбыра үйірмесі бар ма? Адами құндылықтарды бала бойына сіңіруде қандай жұмыстар жүргізіледі?
-«Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деп дана халқымыз айтқандай, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру барысында оқушыларды халық ауыз әдебиетімен сусындата отырып, халықтық салт-сана, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарды көкіректеріне құю мақсатында дөңгелек үстелдер, тәрбие сағаттары үздіксіз өтіп отырады. Адами құндылықтарды бала бойына сіңіруде тәрбиелік іс-шаралар, қайырымдылық жұмыстар жүргізілуде. Әр сынып күз мезгілінде қарияларға көмек көрсету мақсатында ауылымызда көмекке зәру отбасыларға барып, ауласын тазалауға қол ұшын береді. Көктем кезінде ауыл сыртындағы бұлақтардың көзін ашып, қоқыстарды жинап, табиғатқа қамқорлық танытады, қыс мезгілінде құстарға ұя жасап, оны мектеп жанындағы ағаштарға іледі. Шәкірттеріміздің туған жерге, Отанға, табиғатқа, халыққа деген сүйіспеншіліктері осындай іс-шаралар негізінде қалыптасады деп сенеміз.
Мектебімізде домбыра үйірмесі жоқ болғанымен, мектеп жанынан құрылған №2 Балалар өнер мектебінің домбыра үйірмесіне қатысатын оқушыларымыз бар. Атап айтқанда, Жансая Жолшиева, Жарас Ыбырай, Арабхан Алейдар, Фариза Абдрахманқұл, т.б оқушылар домбырада ойнайды.
-“Оқуға құштар мектеп” жобасы бойынша оқушылардың кітап оқуына қаншалықты көңіл бөлесіздер?
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылардың кітап оқуға деген құлшыныстарын арттырып, жалпыадамзаттық құндылықтарды бойларына сіңіріп, жас жеткіншектерге патриоттық және адамгершілік тәрбиені дарыту мақсатында Сейілбек Мырзабаймен кездесуден кейін мектептің қазақ тілі және тарих пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Құндылық» оқырмандар клубы 2022-2023 оқу жылында өз жұмысын бастады. Клуб жоспарына сәйкес әр апта сайын жаңа шығарманы оқушыларға таныстырып, оқытып, талдатады; ай сайын білім алушылардың интеллектуалды қабілеттері мен жалпыадамзаттық құндылықтарын дарыту мақсатында байқаулар ұйымдастырып отырады.
Клуб жұмысының нәтижесі – шәкірттеріміздің кітап оқуға деген құлшыныстарының артуы және аудандық, облыстық, республикалық сайыстарда жеңімпаз атануы. Сондай-ақ, кітапханашымен бірлесе отырып, 10 минуттық үзіліс кезінде оқушыларға жаңа кітаптар таныстырылып, автор және оның шығармасы жөнінде қысқа да, нұсқа ақпараттар беріледі. Аудандық, облыстық «Үздік оқырман отбасы» атты сайыстарға оқушыларымыздың отбасыларымен бірге қатысып, жеңімпаз атанулары да ұрпағымыздың кітап оқуға деген құштарлығының артқандығының көрінісі деп білеміз.
-Мектепте оқушылардың мамандық таңдауына көмек ретінде қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?
– Кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыру оқу-тәрбие жұмысының құрылымындағы бағыттардың бірі болып табылады және білім беру процесінің барлық қатысушыларының кәсіби өзін-өзі анықтау мәселелерінде әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған. 2022-2023 оқу жылында 9,11 сынып оқушыларының тұлғалық ерекшеліктері мен кәсіби бейімділігін зерттеу бойынша диагностикалық жұмыс жүргізілді. Оқушылардың кәсіби қалауының салалары, сондай-ақ жеке-тұлғалық ерекшеліктері анықталып психологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша қорытынды анықтама жазылды.
Әсіресе, тренингтер түрінде оқушылармен топтық кәсіптік бағдар беру сабақтары өткізілді. 9-сыныптарда “Кім болғым келеді?”, “Заманауи мамандықтардың атласы”, “Темперамент және мамандық “, “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан”, “Болашақ мамандығым – менің тағдырым, “Мамандық күні” тақырыптарындағы кәсіптік бағдар беру бойынша төрт сабақ 2022 жылдың қаңтар айынан ақпан айына дейін өткізілді. «Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау» 9 сынып оқушыларына мамандықтар туралы түсінік жүргізілді. 7 сынып оқушыларымен мектеп психологі А.Бикозиевамен бірге «Мамандықты тап» атты тренинг өткізілді. 5-6 сынып оқушыларының арасында «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында сурет көрмесі және сауалнамалар өткізілді.
-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған ең басты талап білім сапасын арттыру болғандықтан осы бағытта жасалып жатқан жұмыстарымыз жалғасын табатын болады. Ұстаздар қауымының жасап жатқан қызметінің нәтижесі білімді де білікті, дарынды, әрі талантты, өнерлі де жігерлі жастар қатарының көбеюіне зор үлес қосады.
-Әңгімеңізге рақмет!
Оқу жылының табысты, абыройлы болуына тілектеспіз!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”