Basty bet

Нашақорлық – қоғам дерті

Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Нашақорлық – бұл адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Есірткінің қармағына бір іліндірген соң, торға түскен балықтай қанша бұлқынғанмен, одан қайтып құтылу екіталай. Әсіресе, жастарды көктей орып, жуадай солдыратын – көкнәр, апиын, наша тарту есірткіқұмарлыққа жатады. Есірткінің әлемнің көп елдеріне жайылып, жасырын бизнестің ең қауіпті түріне айналуы қазіргі кездің ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл мәселенің шешілуі біздің мемлекетіміз үшін де маңызды.
Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күресте болашақта жақсы нәтижеге жету үшін «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығының негізінде, ең алдымен уәкілетті мемлекеттік органдармен нашақорлыққа қарсы қоғамдық корғаныс қабілетін әлеуметтік иммунитетті (наркоиммунитетті) қалыптастырудың маңызы зор.
Сонымен бірге, баспасөз беттері және электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа есірткінің зияны туралы кең көлемде ақпарат бере отырып, есірткі пайдалануға және нашақорлыққа қарсы насихаттау жұмыстарын күшейту қажет. Қорыта айтқанда, қылмыстар мен зұлымдық атаулының туындауына әкеліп соқтыратын нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күреске бүгінгі таңда ерекше назар аудару арқылы, мейлінше ықпалды әрі тиімді шараларды үздіксіз жүргізіп отыру баршамыздың басты міндетіміз.
Нашақорлық – биологиялық, үдемелі және өлімге душар ететін ауру. Адам баласы өзінің алғашқы есірткісі ретінде героинды қабылдамайды, керісінше ол марихуана, стимуляторлар мен құрамында есірткі бар дәрілік заттарды қабылдаудан бастайды. Адамдар арасында жеңіл есірткі түрі туралы жалған мәлімет тарап кеткен. Егер адам баласы марихуананы шегіп, өлмеген болса онда героинда сондай қауіпті емес деген ой пайда болады. Жеңіл деген есірткі шымылдығының ар жағында үнемі ауыр тәуелділікке әкеп соғатын есірткілер тұрады. Жеңіл есірткі дегеніміз ол мүлдем жалған және ол есірткі қолданатын адам санын көбейтуге бағытталған деп айтуға болады.
«Ләззат алу» кезеңі өте қысқа – 3-5 ине героин, 2-3- ине амфетамин салу. Бұталы өсімдіктерден дайындалған есірткілерді пайдалану кезінде тәуелділік өте жылдам қалыптасады. Содан ары есірткі дәріге, нашақор мүгедекке айналады да тән тәуелділігі қалыптасады. Науқас адамға «кінәлі» деп қарауға да болмайды. Нашақорлық бизнесі бұл басқа іс.
Нашақорлыққа қарсы күресушілер арасында нашақорларды емделгісі келмейді деушілерде бар. Бұл шындыққа жанаспайды. Әрбір науқас нашақордың емделуге деген тілегі бар. Бүгінгі таңда медицина есірткіден бас тартқан кездегі ауру белгілерін емдеуді жақсы меңгерген. Бірақта психологиялық тәуелділік 6-8 айға дейінгі ұзақ уақыттағы оңалтуды талап етеді. Бұған сол жолды аяғына дейін жүріп өтуге бәрінің күш-жігері жете бермейді.
Облыста есірткіге тәуелділерді емдеу облыстық наркологиялық диспансерінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көмегі аясында жүзеге асырылады. Павлодар қаласындағы нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік мәселелерінің Республикалық ғылыми-практикалық орталығы жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Сонымен бірге Павлодар қаласында «Асар» оңалту орталығы жұмыс істейді.
“Нашақорды емдеуге бола ма?” деген сұрақ туындайды. Егерде емдеу нәтижесін тұмау мен ангинаны емдеу сияқты қарайтын болсақ, онда жоқ деп айтуға болады. Бірақта бұл да басқа аурулар сияқты дерт. Оны қант диабетімен салыстыруға болады. Қан диабетімен ауыратын адам басқалардан өзгеше. Бірақ ол тәтті жемей және уақытында дәрісін қабылдап отырса толыққанды, дені сау адам қатарына жатады.
26 маусым – Бүкіләлемдік нашақорлықпен күрес күні. Бұл күні бүкіл әлем қазіргі қоғамға ауыр психикалық ауру қаупі төнгенін, оны емдеу қажет екендігі туралы жар салады.
Нашақорлық бүгінде әлеуметтік ауру статусына ие болған. Ол бүкіл халықтың тобын зақымдайды және жылдам ұлғая береді. Бұл аурумен ауырғандардың нақты санын ешкім дөп басып айта алмайды. Ресми көрсеткіштерді айсбергтің шың басы деп айтуға болады. Біреулер бұл сандарды онға көбейтуге әбден болады десе, екінші біреулер тіптен елуге дейін көбейтуге болады деседі. АВИТ-жұқпасын жұқтырғандардың 97%- нашақорлар.
Нашақорлықпен күресу үшін барлық позитивті қоғамдық күштер – дінбасылар, мемлекет, білім беру барлығы бірігулері қажет!

Зоя Бердихожаева,
нарколог-дәрігер

Таңдаулы материалдар

Close