Basty bet

Ел қамын ойлаған тұғырлы тұлға

Жуалы өлкесінің шығыс жағындағы мұнар құшқан Кіші Қаратаудың күнгейіндегі Көсегенің көк жоны аталатын жотасына иек артқан қоңыр адырлардың қойнауындағы мөлдір бұлақты жасыл мекен Бақа ата өзенінің (жұрт Бақатей атап кеткен) сағасы ежелден ел жайлауы саналады. Ұлан өңірдің осы бір бал құрақты, балауса шалғынды, бел-белесті, жон-жоталы Бақа ата алабында Шымыр ата оның ұрпақтары қожық, бақа қаңлы, байтана руларының қоңыр шаруалы ауылдары қатар қоныстанып отыратын. Ат тұяғы араласып қашанда шаруалы ауылдың шабатын бәйгесі, тартысқан көкпары, жиын-тойлары, қайғы-қуанышы ортақ, ішек қарындары араласып жататын.
Шет Бақа ата саналатын Құрамадан бастап ортаңғы Бақа атадағы Сарықайқаң өңірлерінде 50-60 үйден тұратын «Заветы Ильича», «Қызыл жұлдыз», «Молотов» сынды шағын колхоздар болатын. 1953 жылдарға дейін жеке колхоз болып саналатын «Қызыл жұлдыз» колхозы тұрған ауыл «Феодоровка» деп аталатын. Осы жылдары Молотовқа саяси кінә тағылып айыпталған шақта колхоздың аты өзгертіліп, «Путь к коммунизму» – деп аталды. Кейінірек 1960 жылдардың басында осы жоғарыдағы аты аталған кішігірім колхоздардың басы біріктіріліп, «Путь к коммунизму» колхозына қосылды.
Бұл Бақа ата өңіріндегі 50-ші жылдардағы жер жағдайы мен елдімекендер туралы тәптіштеп айтып жатқан себебіміз; бүгінде аты сол кездегі ұрпақтардың жадында қалып, өзі егіс алқабына айналып орны ғана қалған «Қызыл жұлдыз» колхозы аталған Феодоровка елдімекенінде біздің кейіпкеріміз, Жуалы өңірінің даңқты ұлдарының бірі Қойбақов Сейітжан Мелдебекұлы 1954 жылы дүниеге келген.
Сейітжанның әкесі Мелдебек Қойбақұлы 1914 жылы туған, осы Шыңбұлақ аталатын өңірде кісілік, адамгершілік, адалдық және ақындық қасиеттерімен сыйлы болған кісі болған. Ал, анасы Бәкира Нысанбайқызы 1928 жылы Мыңбұлақ өңіріндегі Диқан ауылында туылған, он бала тәрбиелеп өсірген (бес ұл, бес қыз) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Батыр ана» атағын алған. Бакира апа салиқалы, ауыл аймағына сыйлы, ағайын-туыс пен абысын-ажынды біріктіріп отыратын берекелі, білікті жан. Тұрмыс тауқыметіне қарамай Мелдебек екеуі ұл-қыздарын түгел жоғарғы оқу орындарында оқытты.
Біздің әңгімеміздің негізі осы Қойбақовтар әулетінің ішіндегі Сейітжан туралы болғандықтан енді солай қарай ауысайық. Сол он перзентінің төртіншісі, ішіндегі ең еті тірі пысығы, еңбекқор да табандысы осы Сейітжан болатын. Осы Қойбақовтар жанұясы туралы «Жұлдыз ғұмыр» атты деректі публистикалық повесть жазған жазушы Мырзахан Ахмет Сейітжанның жанұядағы алар орны туралы «Жұлдыз – ғұмыр» кітабында былай жазады:
«…Әкесі Мелдебек Сейітжанның үйдегі бір тауқыметті, бала да болса, тік көтерген пысықтығына іштей риза. «Осы бала еті тірі, іскер адам болады, өз қатарының алды болмаса соңында қалмайды түбі», – деп ішінен тоба қылып отырар еді сол кезде.
Сейітжан еті тірі, пысық болуымен бірге өте бауырмал, мейірімді жан болып өсіпті. Бүгінде жасы жер ортасына келсе де сол мінезінен ауған жоқ. Әлі де кісіге жақсылық істегісі келіп тұрады.
Сейітжанның табандылығы мен қажырлығы кішкене кезінен-ақ тынбайтын, бірбеткейлігінің арқасында да ол биіктерден биікке, арманның ақшаңқан шыңдарына көтерілді».
Атамыз қазақ өмірлік қағида сынды «адамның жақсы болуы тегіне байланысты» деген сөзді көп айтады. Олай болса, Сейітжанның арғы тегі де рухы биік, ел қорғаған, жер қорғаған даңқты батырлар болған. Арғы атасы Қойгелді – жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресте қол бастаған атақты қолбасшы, қазақ батырларының ішіндегі шоқтығы биік батыр болса, Аңырақай шайқасында ерен ерлік көрсетіп мерт болған Ақша батыр, сол сияқты Қожық батырлар шежіре бойынша таратқанда Сейітжанның алтыншы – жетінші аталары болып келеді. Осынау бабаларынан мирас болып қалған қаһармандық пен батырлық асыл тектіліктен шыққан азаматтың осал болар қақысы да жоқ болса керек. Оның үстіне әкесі Мелдебек соғыс кезінде, бейбіт кезеңде де Бауыржан Момышұлын пір тұтып тұңғыш баласына «Бауыржан» деп оның есімін берген, оны әрқашан мақтан тұтып, ерліктерін балаларына өнеге етіп отырған.
Адам болашағының қашанда балалық шақтағы алған тәлім мен тәрбие, арман талаптан басталатыны ақиқат нәрсе. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде ақ Сейітжан өз қатарынан ерекшеленіп көрінетін. Төменгі сыныптың өзінен ақ кішіпейілділік, сыпайылық, тазалық, тәрбиелік сияқты шәкіртке тән қасиеттерді бойына жиып өсті, және оны бұлжытпай орындайтын. Одан бөлек ол сурет салуды, қабырға газеттерін шығару, мерекелерде сыныпты безендіруге жан-тәнімен кірісіп, қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысты.
Енді осы Сейітжан Мелдебекұлының мектеп қабырғасынан кейінгі өмір жолына тоқталайық.
1974 жылы Сейітжан мектеп бітірген соң Түлкібас ауданындағы Ванновкідегі гидромелиоративтік техникумға оқуға түсті. Техникумды үздік бітірген соң әскер қатарына азаматтық борышын өтеуге аттанды. Ол әскери борышын Польша жерінде өтеп жүргенде де «әскери және саяси дайындықтың үздігі» атанып, әскери басшылық пен бөлім атынан ата-анасына «осындай тәрбиелі, көрегенді өжет ұл тәрбиелеп өсіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз!» деген алғыс хаттар келіп тұрды.
Сейітжан Отан алдындағы борышын Польша жерінде абыроймен өтеп қайтқан соң Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік – құрылыс институтына оқуға түсті. Осы кезден бастап ол қоғамдық жұмыстарға араласып, ұйымдастырушылық қабілеті көріне бастады. Бұл кезде Сейітжан Қойбақов күнделікті сабағымен бірге Жамбылдағы машина жасау заводының комсомол ұйымының қызметін қоса атқарып жүрді. Одан кейін ол қалалық комсомол комитетінде нұсқаушы болып жүріп қызметі жоғарылап, қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды.
Осы кезеңдерде жас жігіттің қажыр-қайраты, оның қандай іске де шалымды, еңбекқор, табанды екендігі осы қызметтер барысында айқындала бастады. Сейітжанның осындай ерек қасиеттерін байқаған ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер қалалық партия комитетінің қарсылығына қарамастан 1981 жылы өздеріне жұмысқа шақырады. Сейітжан Мелдебекұлының Мемлекеттік қауіпсіздік саласындағы қиын да құпиялы, әрі жауапты қызмет жолы міне осылай басталып еді.
Алғашында Сейітжан облыстық мекемеде, одан соң Шу, Жаңатас қалаларында тиянақты қызмет етті.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңде Жамбыл облысының жекелеген қалаларында да қылмыс өршіп елімізге әйгілі болып тұрған тұс еді.
Мысалыға, Жамбыл ауданының әкімі Ю.Н.Морозовты осы ауданға қарасты Ақкөл деген жерде белгісіз біреулер атып кетсе, Мұның алдында ғана сол аудандағы тас сұрыптау зауытының директоры Қуаныш Мұстафаев та қылмыскерлер қолынан қаза тапқан еді. Қылмыскерлердің енді жоғарғы лауазым иелеріне ауыз сала бастаған уақыт болатын.
Өзінің сорға біткен сорасымен аты шулы Шу алқабы іс жүзінде ТМД-ның барлық елдерінен есірткі үшін келетін шабармандарының сүйікті орнына айналған еді.
Осындай қылмыстық оқиғалар белең алып тұрған кезде Сейітжан кәсібилігімен өз жұмысына жаңаша серпін бере білді.
Ол қызмет атқарған Қауіпсіздік саласы өмірдің ашық-жарқын болмысымен бірге көптің көзіне көрінбейтін, құпиялылығымен ерекшеленетін. Сейітжанның табандылық, қайраттылық, жігерлілік сияқты қасиеттері тал бойына орнығып, бұрынғыдан да қалыптасып, шыңдала түсті. Ол Мемлекеттік қауіпсіздік саласында қызмет ете жүріп Алматыдағы онан кейін Москвадағы жоғарғы курстардан өтті.
Республикамыз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптаса бастаған сәтте Қазақстанның мемлекеттік мүддесін, аумақтық тұтастығын, Конституциялық құрылымын сақтау мақсатында шаралар атқару қажет еді. Мемлекеттік жауапкершіліктің осындай жауапты кезеңінде Сейітжан Қойбақов Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Орталық аппаратына қызметке келді, қарсы барлау бас басқармасы бастығының орынбасары болып, одан кейін басқарма бастығы болып тағайындалды. Бұл кезде Сейітжанның әскери шені полковник дәрежесіне өскен еді.
Одан кейін ол Шығыс Қазақстан, Семей облыстарында қауіпсіздік қызметін жалғастырды, елдің есін тандырып, қара жамылтқан «Секеней», «Бабан» деп аталатын қарақшылық топтарды құрықтады, шекаралық аймақтарда Отан байлығын қорғауда ерлікке пара-пар әрекеттер жасап, ел сенімін ақтай білді. 1999 жылы Сейітжан Қойбақов Маңғыстау облыстық қауіпсіздік департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды. Каспий теңізі бұл кезде шекаралас мемлекеттердің көз құртына айналған тұс еді. Бұнда келгесін де Сейітжан Каспийдің ұшан теңіз байлығы саналатын балығы мен қара алтынымен байланысты экономикалық қылмыстарға тосқауыл қоя білді. Ұлттық қауіпсіздік саласы қызметкерлері есірткі, сыбайлас жемқорлық, экономикалық қылмыстарға қарсы батыл да сауатты әрекет ете білді.
Сейітжан Қойбақов Маңғыстау облысына бастық болып келген соң Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде жаңаша қозғалыс басталды. Қызметкерлерге қойылатын талап күшейтіліп, жұмысқа жауапкершілікпен қарау, мамандардың біліктерін, шеберліктерін көтеру, қырағылығын күшейту басты мәселе болып қойылды. Бұның нәтижесі ретінде ирандық тыңшылар қолға түсірілді. Алыс-жақын шетелдік барлаушылардың жолдары кесілді. Маңғыстауда 90-жылдардың соңында ерекше белең алған есірткі саудасының жолы кесілді. Есірткі саудасына қатысы бар ішкі істер қызметкерлерін де құтқарып қалған жоқ. Барлығы да әділ түрде тиісті жазаларын алып жатты. Осы кезде героинді асқазанына жұтып, аяқ киімдерінің өкшелеріне тығып алып өтпекші болған шет ел азаматтары мен қоса еліміздің қылмыскерлері де көптеп қолға түсті. Ю.Салимов деген Тәжікстанның азаматы 43 килограмм героинді алып өтпекші болған жерінен Ақтау қаласында қолға түсіп сотталды. Душанбе – Москва пойызы арқылы ұйымдасқан түрде есірткі алып өтпекші болған тәжік азаматтарын да Бейнеу станциясында жолын кесті. Айта кетерлік бір жайт осы кезде шекарамыздың ашықтығын пайдаланып, заңсыз көші-қон орын алған. Мұны да дер кезінде құрықтап, елімізден шығарып, тікелей қатысы барларын жазаға тартқан.
Бұл кезде Маңғыстау облысында экономикалық қылмысқа қарсы күрес те өзінің оң нәтижелерін көрсетті. Атап айтсақ, индонезиялық, канадалық және басқа да шет елдік компаниялар мен елімізден шыққан фирмалардың заңсыз іс-әрекеттері әшкереленіп жауапқа тартылған.
Сейітжан Мелдебекұлы Қойбақов 2002 жылы тамыз айында 45-ке толып нағыз кемеліне келген шағында Астанаға шақырылып Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» деп аталатын команданың бастығы етіп тағайындалды. Бұл «Арыстан» халықаралық терроризммен күрес жүргізетін, экологиялық және радиациялық қауіпті нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, мемлекетіміздің мүддесін қорғайтын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аса жауапты арнайы қызметі болатын. Сейітжан жанына топтасқан кілең кәсіпқой қылшылдаған жігіттермен арыстанша айбат, жолбарысша қайрат көрсете білді, қауіпсіздік қызметінің жоғарғы талаптардың деңгейінен шыға білді. «Арыстан» терроризммен күресте ресейлік және шетелдік үлгідегі қару-жарақтармен жарақтандырылып отырды. Израиль, АҚШ, Германия, Норвегия, Голландия сияқты елдердің арнаулы қызметтерімен тығыз байланысып жұмыс жүргізеді.
Арыстанның аса жауапты қызметін атқарып жүрген шағында Сейітжан Мелдебекұлына 2003 жылдың 13 желтоқсан күні генерал-майор атағы берілді. Бұл жетістікке жету үшін Сейітжан ел қамын ойлаған талай күндер мен түндерді бастан кешіріп, лейтенант шенінен бастап жүріп генералдық атаққа дейін өтті. Ойлап отырсақ арада отыз жылдай уақыт зымырап өтіпті…
Сейітжан Мелдебекұлы ағасы Бауыржанның өнегесі бойынша өзінің көптен көкейде жүрген арманы ғылым саласына да уақыт таба білді. Ол ұлттық қауіпсіздік қызметінің жоғарғы лауазымында бола жүріп, өз қызметінің саласы бойынша 2004 жылы докторлық диссертация қорғады.
2006 жылы Сейітжан өз еркімен отставкаға кетті.
Ия, осынау атақ пен абырой, даңқ пен дәреженің барлығы сонау күміс қоңыраудай сылдырап алыста қалған балалық шақтан, азаматтық, адамгершілік қырларына қанат бітірген алтын ұясы Шыңбұлақтан бастау алған болатын.
Ол барша парасат, жақсылық, биік дәреже атаулыға сол өзін өсірген орта, құт мекен, тау мен даланың келбет – көркі, Жуалының жұпар ауасы, кәусар бұлағынан сусындады.
«Жолы болар жігітке Қызыр ата кез келер» – деп бұрынғы данышпан бабаларымыз айтқандай, Сейітжанның алдында мұрат жолына қадам басып, тіршілік жарығына талпынған бала кезінен-ақ адамдықтың, ерліктің биік шоқысындай жерлесі Баукең – Бауыржан Момышұлы тұратын. Тұтас бір ұлт, ел Отан дейтін ұлан ғайыр ұғымдардың кенеріне сыймай, атақ даңқы дүниенің шартарабын шарлап кеткен батыр Баукең Сейітжанның жүрегіне ұя салып, сезімнің шұғыласына айналған.
Сейітжан Қойбақов «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ұлттық Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медальдарымен, ондаған грамоталармен марапатталған.
Сейітжан Мелдебекұлының ықпалымен өзінің туған ауылы Шыңбұлақта 2006 жылы жаңа типті мектептің ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Ол ауданға жиі келіп, жерлестерімен дидарласып тұрады. Жастарға отаншылдық тәрбие беруде өлшеусіз үлес қосып жүр. 2007 жылы Сейітжан Қойбақовқа «Жуалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Сейітжан өмірлік жары Жамал екеуі Ерлан, Айжан есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Көңілдерінің көркіндей болған Гүлжан, Талғатжан, Аяжан есімді немерелері бар.
Елім деп жүрегінде бабалары, әкесінің аманаты, солар қалдырған ерліктің, адамдықтың асқақ сыры, мәңгілік өмірдің таусылмас жыры, шексіз өмірдің адам затына мирас еткен өшпес нұры Сейітжан сынды ер ұландары барда әлем аспанында шұғыла шашып тұра бермек.

Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ,
өлкетанушы,
ауданның Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close