Basty bet
Сөнбейді әке, шырағың!
Екінші дүниежүзілік соғыс – ел тарихындағы ең ауыр да қасіретті кезең. Қан майданға аттанған миллиондаған сарбаздардың арасында туған жеріне оралмаған, хабарсыз кеткен боздақтар да аз емес. Олардың тағдыры әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып, артында қалған ұрпақ жүрегінде сағыныш пен үмітке толы жара болып қала берді.
Майданнан хат келмей, қара қағаз да жетпеген талай отбасы сарбазын жылдар бойы күтіп өтті. Сол сарбаздардың есімін қайта жаңғырту – бейбіт күннің қадірін арттыру, елдің бірлігін бекемдеу. Өйткені, олардың қайсарлығы мен ерлігі бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлады. Дәл осындай мақсатпен құрылған «Atamnyn Amanaty» жобасы елімізде бүгінде үлкен маңызға ие.
«Atamnyn Amanaty» жобасы – соғыс жылдарында хабарсыз кеткен майдангерлердің тағдырын анықтап, жерленген жерін табуға, отбасына хабарлауға бағытталан ауқымды Республикалық қоғамдық бастама.
Апта басында Бауыржан Момышұлы ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде «Atamnyn Amanaty» Республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сөнбейді әке, шырағың» атты тағылымы мол әскери-патриоттық кеш өтті. Іс-шараға аталған бірлестіктің бас маманы Бақытгүл Жексекеева, Ауған соғысының ардагерлері және мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.
Ең әуелі аталған жобаның басты мақсаты – ел үшін құрбан болған батырлардың есімін ұмыттырмау, ата-баба мен ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғау. Осы бастама аясында арнайы іздеу жұмыстары жүргізіліп, архивтер зерттеліп, майдангерлердің соңғы хабарлары мен хаттары ұрпақтарына табысталатыны айтылды.
Қазіргі таңда орталықта еріктілер де қызмет етуде. Олардың қатарында колледж студенттері де бар. Бұл – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, отансүйгіштікке баулу мақсатында қолға алынған игі іс. Жастар осындай ізгі шараларға қатысу арқылы тарихты тереңнен ұғынып, бабалар ерлігінің мәңгі үлгі екеніне көз жеткізеді.
Кеш шымылдығы Ұлы Отан соғысы жылдарынан сыр шертетін бейнероликпен ашылды. Сондай-ақ, батырлардың жерленген орындарынан әкелінген топырақ туған жерге жеткізіліп, туыстарына табыс етілген сәттің бейнежазбасы да экранға ұсынылды. Бағдарлама барысында Шақпақ ауылдық округі туралы да бейнематериал көрсетілді. Бұл ауылдан майданға аттанып, хабарсыз кеткен 11 жауынгердің ұрпағы бар екендігі мәлім болды. Соның бірі осы жоба арқылы қай жерде жерленгені анықталып, туыстарына «Майдангер ұрпағына» марапаттау қағазын табыстап, қуанышты хабарды жеткізді. Сол сәтте еріксіз көзге жас үйіріліп, зал іші толқып, әр жүрек өткен тарихпен үнсіз тілдескендей күйде болды. Бұл – өткеннің ұлы тарихы бүгінмен қауышқан сәт, ата аманатының орындалғанының бір үлкен айғағы болды.
Айта кету керек, аталған жоба еліміздегі Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен сарбаздарды іздеумен жүйелі түрде айналысатын жалғыз ұйым. Бүгінде еліміз бойынша 271 мыңнан астам жауынгердің тағдыры беймәлім. Осы жасалған жұмыс барысында 10 мыңнан астам өтініш қабылданып, еріктілер мен ұйым мүшелерінің тынымсыз еңбегінің арқасында бес мыңға жуық майдангердің тағдыры анықталды. Ал табылған 16 батырдың сүйегі әскери құрметпен туған жеріне жеткізілген. Осы өтініштердің ішінде аудан бойынша 15 отбасы да өздерінің хабарсыз кеткен аталары жайлы дерек іздеуге өтініш берген. Оның ішінде, қазір бір жауынгердің жерленген жері анықталса, ал үш жауынгердің аты тізімдерде табылғанын айтты.
– Бүгінде әр шаңырақта қазыналы қарттарымыз бар. Сол кісілердің есінде соғысқа кеткенімен, қайтып оралмаған талай боздақтың аты аталады. Егер әулетіңіздің арасында тағдыры беймәлім, хабарсыз кеткен майдангерлер болса, бізге хабарласыңыздар. Бұл – тек отбасының ғана емес, ұрпақтың қасиетті міндеті. Себебі, біз ата-бабамыздың атын түгендегенде ғана тарихтың үздік беттері қайта толығады, -деді Бақытгүл Хасенқызы.
Кеш соңында Ауған соғысы ардагерлері мен табылған жауынгердің ұрпақтары сөз алып, «Atamnyn Amanaty» жобасына жүрекжарды алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ, осындай сауапты істі атқарып жүрген Бақытгүл Жексекееваға ризашылық білдірді.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»