Basty bet

СОҒЫС ҺӘМ ЕҢБЕК МАЙДАНЫНДАҒЫ ЖЕҢІС

жуалылық майдангер, еңбек майталманы Расылхан Заппаровтың бейбіт өмірдің орнығуына қосқан үлесі мол

Адамзат баласына орасан зор апат, қайғы-қасірет әкеліп, ананы баласы мен отағасынан, туған бауырларды бір-бірінен мәжбүрлеп айырған екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына да биыл мерейлі 80 жыл толып отыр. Сол тұста Кеңестер Одағы неміс басқыншыларын тас-талқан етіп, жеңіске жетпегенде, бәлкім қазіргі өміріміз басқаша болар еді… Құдай оның бетін аулақ етсін деп тілейік. Батыр бабалардың қанымен, қасиетті Аналардың көз жасымен келген Ұлы Жеңіс бізге арзанға түспегені анық.

Бұл туралы даңқты қолбасшы, қаһарман жерлесіміз Бауыржан Момышұлы: «Біз майданда болдық. Белуардан қан кештік. Тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн, түн демей еңбек етіп, жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдында, Отан алдында, адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік. Сөйтіп оны абыроймен ақтадық. Бұл жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары аз емес. Қол-аяғын беріп, мүгедек болып қайтқан ерлеріміз де аз емес.
Ұлы Отан – туған елім, туған жерім. Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бір де бір семья жоқ. Соғыс қайғысы, соғыс мұңы әрқайсымыздың басымыздан өтті. Солдаттың сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың көз алдымызда.
Мен өзім қырық жыл қырғында тірі қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлерінің қаза тапқанын мен өз көзіммен қан майданда көргем. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттер өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олардың иманы жолдас болсын. Олар Ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі үшін жан аямастан соғысты, тәуелсіздік үшін жан тәсілім етті. Имандары жолдас болсын!» деп толғанады.

Өмір жолы – өнегеге толы

Ұлы Отан соғысының майданында болып, кейіннен елге, туған ауылға оралып еңбек майданына жанкештілікпен араласып, соғыстан кейінгі жылдары ел өміріндегі қиын кезеңдер мен халықтың ауыр тұрмысын еңбекпен еңсерумен бірге, өмірге келер жас ұрпақ болашағының жарқын болуына аянбай атсалысқан жуалылық майдангердің бірі – Расылхан Заппаров болатын. Қазір қасиетті өңірге қарасты Жаңаталап ауылындағы бір көше Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер Р.Заппаровтың есімімен аталады.
Біз әңгіме еткелі отырған Расылхан Заппаров 1913 жылы Жуалы ауданына қарасты қазіргі Ақтоған ауылының маңындағы ескі атақоныста туған. Майдангердің үлкен ұлы, қазір сексеннің сеңгіріндегі ақсақал Сапархан ата: «Ол тұстарда қазақ халқы жартылай көшпелі болғандықтан, біздің де ата-бабаларымыз қазіргі Ақтоған ауылының маңындағы сай-сала, бұлақ-бастаулардың басында ағайындарымен топтасып отыратын. Әкем сол маңда туғанмын айтып отыратын. Сол ескі ауылдың маңында ескі диірмен болушы еді. Менің есімде қалғаны сол. Әкем атадан жалғыз. Әкесінің бір аға, бір әпкесі болды. Әкемнің немере ағасы Әмір де Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Ұзақ жасап, біраз жыл бұрын қайтыс болды» деп еске алады ол.
Ел өміріндегі қиын-қыстау кезеңдерде дүниеге келген Расылхан Заппарұлының да өмір жолы тақтайдай тегіс болды дей алмаймыз. Өткен ғасырдың бас жағында Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылып, оған Жамбыл, Шымкент және Қызылорда облыстары біріктірілген тұста, Шымкенттің бірқатар аудандарында мақта егіп, оны суғару үшін каналдар қазу қажет болғаны белгілі. Еңбекке жарамды азаматтардың барлығы сондай қара жұмыстарға тартылса, әжептеуір білім-сауаты бар Расылхан сондағы «Шорнақ» стансасында тұрақтап, сонда аудандық сотта судья қызметін атқарады. Ол алғашқыда ауыл молдасынан ескіше сауат ашса, кейіннен талаптанып жүріп Алматы қаласында жоғары оқу орнында судья мамандығын да қоса игерген екен.
Расылхан Заппарұлы еңбек пен ел дамуына деген құлшынысын арттыра жүріп, алғашқыда белгілі бір уақыт аралығында оңтүстік өлкеде судья лауазымын атқарып, біршама тәжірибе жинағаннан кейін туған ауылға қайта оралады. Ауылға келгеннен кейін көп ұзамай соғыс басталып, ол ел қорғау үшін майданға аттанып кете барады. Жас жауынгерлерді оқыту курсынан сәтті өткен ол майдан даласында неміс басқыншыларына қарсы соғысып, кейіннен тізеден жараланып, туған елге оралады. Келе салысымен еңбек майданына араласқан Расылхан Заппарұлы Жаңаталап ауылындағы ескі колхозда алғашқыда бас бухгалтер болып еңбек етеді.
-Жас бала болсам да әлі есімде. Біз осында көшіп келгенде мұнда корейлер тұрады екен. Естуімізше, олар Ресейдің Амур өзенінің бойынан осында жер аударылған корей ұлтының өкілдері. 1961-ші жылдары болуы керек, Кеңестің ақшасы ауысып, сол тұста біздің ауылдағы корейлер де жан-жаққа көшіп кетті. Олар тұрған үйлердің барлығына жергілікті қазақтар көшіп келіп орналасты. Олар бұрын осы ауылда өз алдына мектеп салып, балаларының сауатын ашып, оқытқан.
Әкем соғыстан келгеннен кейін ауыл колхозында бас бухгалтер, кейіннен біздің отбасы ауданның орталығына көшіп, әкем сонда аудандық сотта жауапты жұмыс атқарды. Мен онда 10 жасқа да толмаған баламын. Әкем ауданның соты болған жылдары біз орталықта (қазіргі Б.Момышұлы ауылы) теміржолдың үйлерінің бірінде тұрдық. Сол төңіректегі сайдағы бұлақтан үйге ауызсу таситынбыз. Кейіннен әкем Шақпақ өңіріндегі бұрынғы Куйбышев колхозына төраға болып тағайындалды да, біз орталықтан сонда көшіп бардық,- дейді майдангердің үлкен ұлы Сапархан Расылханұлы.
Істің көзін тауып, ел-жұртпен тез тіл табыса алатын іскер басшы, жұртқа жанашыр, қайраткер азамат Расылхан Заппарұлы колхоз бастығы қызметінен кейінгі жылдары аудан орталығындағы элеваторда, жеміс-жидек, астық дайындау мекемелерінде меңгеруші болып біршама жыл қызмет атқарғанын да айтады ұрпақтары. Ол кейін бұл қызметтен өзінің туған ауылы Жаңаталапқа қайта оралып, одан кейінгі жылдары бұрынғы Габаевка селосындағы «Красная звезда» колхозының бастығы, 1968 жылдан бастап, №10 әскери совхозда әртүрлі жауапты қызметтер атқарады. Оның ішінде, совхоз жұмысшыларының басшысы (рабучком) ретінде ұжымшар жұмысының өрлеп, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына үлкен ықпал еткенін де айта кеткен жөн. Ұлы Отан соғысының майданын көзбен көріп, кейіннен еңбек майданында жан аямай еңбек ете жүріп әбден шыңдалған Расылхан Заппаров әскери совхоздан зейнеткерлікке шыққан.

Орнында бар оңалар…

Ауыл-аймаққа белгілі азамат, соғыс және еңбек ардагері Расылхан Заппарұлы отбасында өнегелі ұрпақ өрбіткен іргелі әулеттің бас иесі, асыл жар, ардақты әке бола білді. Одан тараған ұрпақтар қазіргі таңда қасиетті өңірдің және Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеп, дамуына үлкен үлес қосып келеді. Оның кіндігінен Сапархан (1940 жылы туған) қазір Жаңаталап ауылында тұрады. Одан кейінгі балалары Рақымхан мен Қапархан (ерте қайтыс болған). Сара, Күлзахан, Медетхан, Райымхан, Зурахан, Арабхан, Әсембүбі, Мелісбүбі, Раушан және ең кенжелері Арыстанғани – майдангер, еңбек ардагері Расылхан Заппарұлынан тараған ұл-қыздар.
Қазір 85 жастағы үлкен ұлы Сапархан да еңбекке ерте араласып, совхозда түрлі жұмыстар атқарып, қазіргі таңда зейнеткер, ауылдың қадірлі ақсақалы. Отанасы Сапаркүл апай екеуі отбасында жеті бала тәрбиелеген ардақты ата-ана. Ұл-қыздарын ұлағатпен тәрбиелеп жеткізіп, қазіргі таңда ұрпақтарының қызығын көріп отыр. Ұл-қыздары әр салада ел дамуына үлес қосумен өмірден өз орындарын тапқан өнегелі жандар.
Расылхан Заппаров туралы сөз қозғағанда, оның кіндігінен тараған ұлағатты ұл-қыздар туралы айтпай кеткеніміз әбестік болар. Ол асыл жары Саябүбі екеуі үлкен отбасында өнегелі ұрпақтар тәрбиелеп өсірді. Қыздарын айтпағанда, ұлдарының барлығы дерлік ел мен жұрт қызметіне жарайтын бірегей азаматтар боп өсіп-жетілді. Медетхан Заппаров ғылым жолына түсіп, Қазақстан білім-ғылымының дамуына мол үлес қосқан еңбекқор азамат. Қазір ол зейнет демалысына шықса да, Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы ұлттық техникалық университетінің оқытушысы. Техника ғылымдарының кандидаты, профессор дәрежесін иеленген санаулы азаматтардың қатарында.
Медетхан Заппаровтың өмірі мен еңбек жолына тоқталатын болсақ, ол 1950 жылы Ақтоған ауылында көпбалалы Заппаровтардың отбасында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1967 жылы Жаңаталап ауылында киномеханик болып бастаған ол әскерден оралған бетте Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының «геологиялық барлау» факультетінде жоғары білім алады. Институтты «жер асты суын іздестіру» мамандығымен бітірген соң Қазақстан Республикалық селден қорғау («Қазселденқорғау» ММ) басқармасына инженер болып қабылданады. Инженерден бастап қызмет баспалдағымен көтерілген ол басқарма бастығы қызметіне дейін жоғарылады. Осында еңбек ете жүріп ғылыми жұмыстармен айналысты. 2000 жылы «Оңтүстік Қазақстан өңірін селден және тағы басқа да табиғи апаттардан қорғау» тақырыбында кандидаттық дисертациясын қорғады. Ал 2005 жылы ғылыммен біржолата айналысу үшін Қ.Сәтпаев атындағы ұлттық техникалық университетіне қызметке ауысып, доцент қызметін атқарып, 2013 жылы профессор атағын алды.
Қазақстан ғылымына қосқан үлесі, т.б. ұзақ жылғы көрнекті еңбегі ескерілген Медетхан Расылханұлына 2023 жылы «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгенін де айта кеткен жөн.
Осындай өнегелі отбасындағы тәлім-тәрбие алған балалардың барлығы жастайынан еңбекқорлық пен адалдыққа, еңбекке, бір сөзбен айтқанда, «ала жіптен» аттамауға тәрбиеленгені анық. Медетханнан кейінгі ұл Райымхан да асыл әкенің жолын лайықты жалғастырып, университет бітіргеннен кейінгі саналы ғұмырын сот саласының дамуына арнаған жан. Қазақстандағы көрнекті жоғары оқу орындарының бірі – Қарағанды қаласындағы Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың заң факультетін үздік бітірген Райымхан Заппаров алғашқы еңбек жолын бұрынғы Торғай облысының Жангелдин ауданында судья болып бастап, содан бері сот саласында 33 жыл табан аудармастан еңбек еткен.
-Әкем марқұм балаларына әділдікті сақтап, адалдықты жақтауды мықтап үйретті. Әлі есімде, онда мен Торғай облысының Жангелдин аудандық сотында судья болып жұмыс істеймін. Әлі 30 жасқа да толмаған кезім. Сот отырыстарының біріне әкемнің өзі келіп қатысты. Сот отырысы аяқталғаннан кейін әкем: «Балам осы салада ұзақ жыл әрі абыройлы еңбек етем десең, әрқашан әділдікті сақта, заңды ешкімге бұра тартпа, ең бастысы, адал бол. Сонда ғана жақсы атың шығады. Сонда ғана ел құрметіне бөленесің» деп алтынға бергісіз ақыл-кеңес айтқаны бар. Міне, содан кейін сот процесі кезінде және сот ісін жүргізуде заңдылықты мүлтіксіз сақтап, ешкімге артық сөз айтқан емеспін. Әкенің бір ауыз сөзі маған өмірлік нұсқа, адастырмас темірқазық болды,- деп еске алады сот саласының ардагері Райымхан Расылханұлы.
Р.Заппаров өз кезегінде өмірін Қазақстанның сот саласының дамуына арнап, қазіргі Түркістан облысының (бұрынғы Шымкент облысы) Төлеби (бұрынғы Леңгір ауданы) және Түлкібас аудандарында, сонымен қатар, облыстық сотта, одан кейін ауданаралық қылмыстық сотында сот төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған азамат. Қазір зейнет демалысында. Жұбайы екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Бірқатар ведомстволық медальмен марапатталған Р.Заппаров өз кезегінде сот саласының үздіктеріне ғана берілетін «Үш би» жоғары наградасын иеленген.
«Туған жерге туыңды тік» деген ол зейнет демалысына шыққаннан кейін қол қусырып қарап отырмай, өзінің туған ауылы Ақтоған ауылынан жер телімін алып, осында еңселі үй салып қазір алма бауын өсіріп отыр. Өзі Шымкент қаласында тұрғанымен, туған ауылы мен ауылдастарын ұмытпай, осындағы маңызды іс-шаралардың көбісіне араласып, Жаңаталап ауылындағы балабақшаның ұжымына да тұрақты қол ұшын беріп отыратынын айтады. Қазір Райымхан бағбанның иелігінде 10 гектардан асатын алма бауы бар. Онда алмамен қатар, алмұрт, өрік, алхоры, т.б. жеміс ағаштары бапталады.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халық нақылын жадында мықтап сақтаған Заппаровтар әулетінің ұлдарының барлығы дерлік жоғары білім алып, ел дамуы жолында түрлі қызметтер атқарды. Ортаншы ұл Арабханды қасиетті Жуалы ауданының дамуына өзіндік үлес қосқан айтулы азаматтың бірі десек, артық айтпаймыз. Еңбекке ерте араласқан ол Кеңес Одағы тұсында бұрынғы №10 әскери совхозда зоотехник, бас зоотехник болып жұмыс істеп, кейіннен совхоз директоры қызметін атқарған. Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап мемлекеттік қызметте тер төккенін жерлестері жақсы біледі. 20 жылдан астам уақыт өзі туып-өскен Ақтөбе ауылдық округінің әкімі қызметін абыроймен атқарған А.Заппаров қазір зейнет демалысында. Отбасында ұлағатты ұл-қыздар тәрбиелеп өсірген ол ауыл-аймақтың дамуына әлі де белсене араласып келеді.
Бұл әулеттегі ежелден қалыптасқан орнықты тәлім-тәрбие мен даңғыл жолды қазір отбасындағы ең кенже ұл Арыстанғани Заппаров лайықты жалғастырып келеді. Абыройлы қызмет сатыларынан сүрінбей өткен Арыстанғани Заппаров қазіргі таңда Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы. Әскери шені – полиция генерал-майоры. Қасиетті Жуалы ауданынан 13 генералдың түлеп-ұшқанын ескерсек, ол осынау киелі өлкенің жұлдызын биіктетіп, абыройын асқақтатқан генералдар шоғырының кіші буыны саналады. Генералдар салған сара жолды лайықты жалғастырушы.
Арыстанғани Расылханұлы 1969 жылы Жуалы ауданының Жаңаталап ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, 2002 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясының Заң институтын үздік бітірген.
Ішкі істер органдарындағы қызметін 1993 жылы бастаған ол 1993-2001 жылдар аралығында Жамбыл, Алматы облыстарының ішкі істер бөлімдері мен басқармаларында (ІІБ), Алматы қаласының ҚІІБ жедел құрамдарында түрлі лауазымда абыройлы қызмет атқарған. 2001 жылдан бастап Алматы облысының жедел бөліністерінің басшысы болып тағайындалды. Одан кейінгі жылдары Алматы облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, Алматы қаласының және Ақмола облысының ІІМ қалалық органдарының бастығы, Көліктегі ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы лауазымдарында жемісті еңбек еткенін де баса айту қажет.
Қазақстанның ішкі істер органдарында қызмет жолын лайықты жалғастырып, сала жұмысының қыр-сырын терең меңгерген А.Заппаров одан кейінгі жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары, Ақтөбе облысының ІІД бастығының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы лауазымында болды. Кейіннен Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы, ал 2019-2022 жылдар аралығында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған.
2022 жылдан бастап Алматы облысы полиция басқармасының бастығы болып тағайындалды. Арыстанғани Расылханұлының Қазақстанның ішкі істер органдарындағы үлгілі қызметі ескеріліп, ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына-20 жыл!», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне-25 жыл!» медальдарымен және бірқатар ведомстволық медальдармен наградталған.

Сөз соңы
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы майданының және бейбіт өмір майданының ардагері, жуалылық Расылхан Заппаров туралы, қала берді оның ел мен қасиетті Жуалы ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі туралы сөз қозғағанды жөн көрдік. Отбасында ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп, соңына қара ормандай ұрпақ қалдырған Расылхан Заппарұлының өмірлік өнегесін ұрпақтары мен жерлестері ұмытпайды. Ол соғыс майданында ерлік көрсетумен қатар, бейбіт өмір майданында да жан аямай жеңіске жеткен санаулылардың бірі. Айтулы азаматтың есімі ел мен ұрпақ жадынан шықпайтыны сондықтан болса керек…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close