Basty bet
Шағын асхана жұмысын бастады
Аудан орталығынан бұрынғы “Балалар әлемі” сауда үйінің ғимаратынан шағын асхана ашылды. “СазанIHIK” деп аталатын асхананың ашылуына “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев пен аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрила Мәлібекова қатысты.
Асхананы үш кісі ашып отыр. Олар Нұрлыкент ауылының тұрғыны көпбалалы ана Роза Тулашева, Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының тұрғындары Феруза Тулашева мен Гүлназ Тасқынбаева.
Асхананың басқалардан артықшылығы – онда ерекше тәсілмен дәмді балық пісіріледі екен. Сонымен бірге ыстық тамақ, салат, самса, басқа да тәтті бәліштер дайындалған. Ыстық шәй, кофе, өзге де сусындар бар.
Ғимараттың іші заман талабына сай жөнделіп, безендірілген. Асхана иелері балықты киллограммен, порциямен сатылатынын, тапсырыс берген жағдайда үйге жеткізіп беру жолдары да қарастырылғандығын айтады.
Асхананың ашылуында Руслан Айтбаев пен Нүрила Мәлібекова игі тілектерін білдіріп, лентасын қиды. Ашылуға келген қонақтар арнайы дайындалған дастарқаннан дәм татты.
20 жылдай жұмыссыз үйде отырған аналар кәсіп ашқандарына дән риза. Олар “Nurai Plaza” бизнес орталығында кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы бағдарлама аясында кондитерлік үш айлық курсты оқыған екен.
-Біз 20 жылдай үйде отырдық. Ата-енемізге қызмет етіп, бала-шағамызды өсірдік. Енді міне, бала-шағамыз өсті, жолдасымыздан рұқсат алып, өз кәсібімізді ашып, жұмыс істеуге кірістік.
Жұмыспен қамту орталығына барғанда жәй оқып қана қоймай, әрі қарай сүйемелдеуі бар оқуды сұрадық. Ол кісілер осы курсты айтты. Нүрила Мәлібекова ханыммен келісім-шартқа тұрып, үш ай кондитерлік курсты оқыдық.
Асхананы ашуды мақсат еттік, бірақ шыны керек көп ойландық. Әрі қарай жүргізе аламыз ба, әлде қалай болар екен деп уайымдағанымызды да жасыра алмаймыз. Ақыры тәуекелге бел будық.
Қиыншылықтар аз емес. Қыр-сырын әбден меңгергенше солай болары сөзсіз.
Бұрын ештеңені есептемейді екенбіз. Жұмысты бастағалы бәрін есептейтін болдық. Есепсіз болмайды. Бірде ұтсақ, бірде ұтыламыз.
Бірте-бірте тағамның да түр-түрін қосып, кәсібімізді кеңейтеміз деген ойдамыз.
Бізге керек құралдар әлі көп. Үкіметтен берілетін жеңілдетілген пайызбен несиеге қол жеткізсек, дұрыс болар еді,- дейді кәсіпкер келіншектер.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Айтбаев көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Нүрила Мәлібекова Ұлттық жоба аясында 30 жұмыссыз әйелді тігіншілік, шаштараз және кондитерлік бағыт бойынша оқытқан екен. Курсты аяқтаған қыз-келіншектерге жақында сертификаттары беріліпті. Бағдарламаның талабы бойынша Нүрила Эдіханқызы курс оқыған келіншектердің 60 пайызын жұмыспен қамтуды қолға алыпты. Сонымен бірге бірқатар келіншектер осылай өз істерін бастауда.
Әрине бұл жұмыссыз жандар үшін үлкен мүмкіндік. Үкімет қолдауын тиімді пайдаланып, тәуекелге барып, кәсіптерін ашқан әйел-аналардың істері берекелі болуына тілектеспіз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»