Жалпы елдің болашағы, жас ұрпақтың ертеңгі келешегі және алтын қазығымыз болған ауыл туралы әңгіме қозғағанда, қасиетті тұмарымыздай болған Тәуелсіздік туралы айтпай кету мүмкін емес. Тәуелсіздік біздің елімізге көптеген игіліктерді сыйлады. Осы жылдар бедерінде ауылдағы ағайынның өз алдына шаруа қожалық ашып, дербес тірлік жасауына да мол мүмкіндік жасалды. Шаруасы шалқыған шаруа қожалықтар мен жұмысы жүйелі агроқұрылымдар аудан орталығына жақын орналасқан Қарасаз ауылында да баршылық. Қарасаз ауылдық округі халық саны және елдімекен саны жағынан аудандағы үлкен округтердің бірі саналады.
Мал және егін шаруашылығы қатар дамып келе жатқан іргелі округтің тұрғындары кейінгі жылдары кәсіпкерлік саласының дамуына да тың серпін беріп отырғаны анық. Соңғы он жылдықтың өзінде ауылдық округтің орталығы саналатын Қарасаз ауылында мейрамхана, шағын маркет және супермаркет, жеке тіс емханасы, дәріхана, ветеринариялық дәріхана, құрылыс заттары дүкені, ағаш өңдеу цехтары, жанар-жағармай құю және көлік жөндеу бекеттері, көлік жуу орны, т.б. кәсіпкерлік нысандары салынып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Одан бөлек, округтің шаруалары ақ егістің және бақша дақылдарының да егістік көлемін ұлғайтып отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
Біздің бұл жолғы мақаламызға «Ауыл – алтын бесік!» деген айдар тағылып отырған соң Қарасаз ауылындағы жаңашыл істерді де атап өтпеске болмайды. Ауылдың тыныс-тіршілігі туралы ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызы айтып берген еді.
-Қарасаз ауылдық округінде тиісінше 783 аулада 3 578 тұрғын тіркелген. Мұнда 15 ұлттың өкілдері тұрады. Ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы жеке кәсіпкерлік және шаруашалықтың дамуымен тікелей байланысты. Мұнда 160 кәсіпкер, 238 шаруа қожалық бар. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында былтыр бес шаруа қожалық және бірқатар жеке кәсіпкер «Ұлттық жобаның» аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жылдық мөлшерлемесі 5-6 пайызды құрайтын несие қаражатына қол жеткізіп, оған (жалпы көлемі 23,5 млн теңгеге) жылқы және уақ мал сатып алды. Бұл да әрине, жекелеген ауыл тұрғындарына мал басын көбейтуге мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда округтегі мүйізді ірі қара малдың саны – 4 553 басты, уақ мал 7 614 басты, жылқы 686 басты, құс 8 500 басты құрап отыр.
Сонымен қатар округте ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау жұмыстары да қарқынды жүруде. Бұл ретте «Еламан» және «Бек» шаруа қожалықтары төрт бас асыл тұқымды бұқа сатып алса, «Құлтай» ШҚ 372 бас уақ малын алды. Ал «Ескендір» шаруа қожалығы 35 бұзау алып, сауынды сиырдың басын асылдандыруға күш салуда. Жалпы сүт өндіру мен мал сатып алуға, минералды тыңайтқыш, өсімдік қорғау, тұқым сатып алу бағыттарын субсидиялау жалғасуда.
Айта кету керек, ауылдық округте егістіктерді суландыру мәселесіне да баса назар аударылып, бұл бағытта 2021 жылы округтегі «Береке», «Көктас» және «Жүрімбай» каналдары тазаланып, оның нәтижесінде 28,65 гектар алқапқа ағын су баратындай жағдай жасалды. Ал, 8,6 шақырымды құрайтын арықтар механикалық әдіспен тазаланып, шаруа қожалықтардың 170 гектар егістік алқабы суармалыға айналып отыр,- дейді ауыл әкімі.
Қарасаз ауылдық округінің экономикалық дамуына «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының да мол пайдасы тиіп отырғанын айтуға тиіспіз. Аталған бағдарламаның аясында былтыр округте бір жоба іске асырылған. Ол – Ақбастау ауылындағы Төлеби, және Береке көшелерінің 1-ші бұрлысы және Қойгелді көшесінің орта жөндеу жұмыстары. Сонымен қатар Қарасаз ауылының Бейбітшілік, Нұрлыжол және Ы.Алтынсарин көшелерімен қатар Көктас ауылының Достық және Қарасаз ауылының Бірлік көшелерінің жарық шамдарын ауыстыру жұмыстары жүргізілді.
Бірлігі жарасып, сол арқылы ырыс-берекесін арттырып отырған іргелі ауылдық округте «Асарлатып үй салу» және «Жомарт жүрек» жобалары аясында көпшіліктің күшімен бірлескен тындырымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мұның аясында мұқтаж отбасыларға тұрғын үй салынып, басқа да қайырымдылық шаралары атқарылуда.
Жүйелі жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ. Биыл ауылдық округтің орталығы Қарасаз ауылының Жамбыл, Абай, Нұрлыжол және Ы.Алтынсарин көшелерінің және Бірлік көшесінің екі бұрлысымен жапсарлас бөліктерінің жолын орта жөндеу жұмыстары, осындағы Гагарин және Ақбастау ауылының Қойгелді көшесін жарықтандыру жұмыстары атқарылмақ. Ерекше атап өтерлігі, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен халықтың тұрмыстық табысын арттыру мақсатындағы пилоттық жобаның аясында жұмыстар атқарылатын болады.
Ауыл – алтын бесік!. Ал жаңа заманға сай жаңарған ауылдар Тәуелсіз ел – Қазақстан Республикасының жаңа келбеті екені даусыз. Ендеше, жарқын болашаққа көш түзеген жұлдызы биік Жуалы өлкесінде жаңарып, жайнап, ынтымағы жарасқан ауылдардың қатары көбейе берсін, деген тілегімізді де қоса жеткізгіміз келеді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»