Basty bet

Жуалы ұжымдастыру, ашаршылық және репрессия жылдарында

1928-1938 жылдар біздің тарихи дүние танымымызда Қазақ халқының басындағы «қаралы кезең» болып саналады. Бұл басы ұжымдастырудан басталып, ашаршылық жылдары, одан кейінгі қуғын-сүргін жылдары болып жалғасқан сталинизм дәуіріндегі орны бос «ақтаңдақтарға» айналған жылдар болатын. Біздің бүкіл тарихымыздың, оның ішінде партиялық, азаматтық, әдеби-мәдени тарихымыздың бұрмалануы да осы жылдары болған еді. Қағаздағы тарихпен өмірдегі тарихтың «ақ таңдақ» тұсының шындығы бүркемеленіп, көптеген тарихи материалдар мен деректер жойылып кетті. Қазақ халқының сол кездегі жазықсыздан-жазықсыз шеккен қасіретіне жазылмаған тарих-көз көрген халық куә.
1928 жылы бүкіл совет елінде жеке шаруаларды ұжымдастыру науқаны болған кезде, Қазақстанда Ф.И.Голощекиннің басшылығымен «Кіші Октябрь революциясы» басталған еді. 1925 жылы республиканың партия ұйымын басқаруға келген оған қазақтардың ең кедей дегенінің өзінде төрт-бес ірі қара мен отыз шақты уақ малдың болуы үлкен байлық болып көрінді. «Пролетариаты жоқ елді социализмге апару үшін кедей тобы керек» – деп шешкен ол жалаңаш белсенділерге билік беріп, малы бар қазаққа қарсы айдап салды. Осылайша қолдарына шексіз билік тиген белсенділер «бай-кулактарды жоямыз!» деп ұрандатумен ұжымдастыру жылдарының асыра-сілтеу науқаны басталды.
Егін орып, қор жинауды кәсіп етпеген көшпенді халықтың малсыз өмір сүре алмайтынын Голощекин түсінбеді, анығын айтсақ түсінгісі де келмеді. Партияның Орталық Комитетінің бірінші бесжылдық туралы қаулысында еліміздің артта қалған аудандарын ұжымдастыруға үш жылдай мерзім берілген еді. Алайда, Голощекин бастаған республика басшылары «бүкіл науқанды бір жылда аяқтаймыз» деген бастама көтерді. Осындай асыра сілтеудің нәтижесінде 1930 жылы жеке шаруаны ұжымға тарту Ресейде 10 пайыздың шамасында болса, бұл көрсеткіш біздің Қазақстан аймағында 63 пайыздан асып жығылды.
Егер де тарихи құжаттарға сүйенсек, «байлардың шаруашылықтарын конфискелеу туралы» декрет Қазақстанда 1928 жылдың желтоқсан айының соңынан бастап бай кулактарды тап ретінде жою саясаты жүргізілді, ал 1930 жылдың қаңтарында Республикалық отырықшыландыру комитеті құрылды. Бұлардың барлығы да Лениннің саясаты мен кедей таптың мүддесін, халық қамын ойлаған әділ бастамалар еді. Ал, оларды іске асыру барысында асыра сілтеулер мен үлкен қателіктерге жол берілген еді. Бұл әрекеттердің барлығы да ең бастысы халықтың пікірімен санаспау және олардың ұлттық ерекшеліктеріне көңіл бөлмеу болатын.
Бұл асыра сілтеудің зардаптары туралы Қазақ ССР тарихында: «малды жыртқыштықпен жаппай сойып алу, байлар мен олардың қол шоқпарларының малды айдап әкетуді ұйымдастыруы және халықтың ауа көшуі республикада мал басының едәуір кемуіне және мал өсіретін көптеген аудандарда азық-түлік жөнінен елеулі қиыншылықтардың тууына әкеліп соқты» – деп жұқалап жазады. (Қаз ССР тарихы ІV том 463 бет) Соның салдарынан шаруашылықтың жүйесі бұзылып, дала жұрты жаппай аштық апатына ұшырады. Қазақ шаруалары туған жерінен көршілес Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан, Қытай, Иран, Ауғанстан жерлеріне қаша бастады.
Міне, осындай қиын кезеңде Тұарар Рысқұлов 1932 жылдың 29 қыркүйегінде Сталинге хат жазды. Ол хаттан нәтиже болмаған соң бірнеше айдан кейін Сталин, Каганович, Молотовтардың атына екінші хатын жазды. Онда Тұрар Қазақстандағы бар қиын жағдайды, тұтас халықтың басындағы зұлматты бұлтартпас айғақтармен, құжаттармен дәлелдеп, жанқиярлық батылдықпен жеткізе білді. Ол қазақтардың көршілес жатқан өлкелерге қоныс аударуының ауқымы туралы мынандай деректер келтіреді: «Орта Волга бойына-40 мың, Қырғызстанға-100 мың, Батыс Сібірге-50 мың, Қарақалпақстанға-20 мың, Орта Азияға-30 мың қазақтар көшіп кеткен. Қоныс аударушылар тіпті шалғайдағы Қалмақ автономиялы облысына, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге т.б жерлерге де көшіп барған. Байлар бастаған халықтың бір бөлігі Батыс Қытайға өтіп кеткен, қазақтардың орталық аудандарға бұлайша қоныс аударуы Қазақстанда алғаш рет болып отыр» – деп көрсеткен. (Зауал. Мақалалар, естеліктер //Құрастырушы Б.Қойшыбаев. Алматы: Жазушы, 1991, Т.Рысқұловтың И.В.Сталинге екінші хаты 9 бет.)
Ұжымдастырудың барысы туралы деректерге зер сала отырып қарасақ, бұл науқан да елге қуғын сүргін алып келгенін байқау қиын емес.Сол кездегі Сырдария округі бойынша Түркістан, Келес, Бадам, Қаратас, Иіржар, Жуалы аудандары ғана көшпелі аудандарға жататын. (1930 жылдары Жуалы ауданы Шымкент облысына қарайтын Б.Д.Д) Соған қарамастан бұл аудандарда Голощекинннің «Отырықшыландыруды қысқа мерзімде жүзеге асыру» жөніндегі саясаты іске асырылды. 1929 жылдың желтоқсан айынан бастап жаппай ұжымдастыру басталды. Өлкелік партия комитетіне жолданған ұжымдастыру науқанының барысын көрсететін Шымкент облыстық партия комитетінің партия архивінен (қысқартып айтқанда ШОПКПА. Б.Д.Д) алынған жеделхатқа назар аударайық:
«Партия өлкелік комитетіне. ОГПУ Альшанскийге
1929 жылы ұжымдастыру жүргізіліп жатқан 11 ауданда финанс органдары салық салынуға тиісті 3092 шаруашылықты тапты. Жүргізіліп жатқан саяси шаралардың нәтижесінде 1929 жылдан 1930 жылға дейін ОГПУ-дің органдарымен 122 шаруашылық жазаланды, сот органдарымен 703 шаруашылық жазаланды.
Ұжымдастыру жаппай жүргізіліп жатқан 11 ауданда 827 бай мен кулактарға қарсы қылмысты іс қаралды. 10 ақпанға дейін ұжымдастыру: Қаратаста-70 процентке, Беловодта-72 процентке, Сайрамда-75 процентке, Жуалыда-77 процентке, Түркістанда-89 процентке, Арыста-85 процентке жетті.
Қазір осы ауданда 1000 сомнан астам табысы бар шаруашылықтар есепке алынды. Біздің ойымызша 1085 шаруашылықты конфискелеуге болады. Бұл жұмыс мынандай тәртіппен жүргізіледі: Келес ауданында-250 шаруашылықта, Иіржарда-180, Беловодта-120, Әулиеатада-310, Қараспанда-100, Жуалыда-160, Түркістанда-220, Қаратаста-205, Сайрамда-150, Бадамда-200, Арыста-200 шаруашылық конфискеленді.
Осымен бірге жаппай ұжымдастыру жүріп жатқан 11 ауданда әлі де қол тигізілмеген 1258 бай кулак бар. Әзірше ОГПУ шаруашылық жөнінде қылмысты іс қозғалды және 58-статья бойынша сотталды, мүліктерді тәркіленді.
ОГПУ-дің оперативті қызметінің нәтижесінде Кеңес өкіметіне қарсы котрреволюциялық қозғалысқа қатысқан 30 бай мен кулак анықталды, тергеу анықталған соң олар сотталатын болады.
Құлсатов Макин Костенко деп қол қойылған (ШОПКПА. 29 қор, 1 тізбе, №604іс)
Мінекей осылайша ОГПУ қызметкерлері «байлар» мен «кулактарды» іздеумен айналысып жатқан кезде ауылдарда жоқшылық орын алып, аштықтың шеңбері кеңи түскен еді.
1929 жылдан бастап Қазақстанда мал саны да күрт қысқара бастады. Бұған 1929-1930 жылғы қыста малдың бір бөлігін жұт жалмап кетсе, астықтың жоқтығынан етті тұтынудың ұлғаюы басты себеп болды. Жоспардың жылдан жылға ұлғая түсуі, колхозға кірер алдында малды сойып тастау, байлардың арандатушылығы да өз әсерін тигізді.
1928 жылға дейін Жуалы ауданы Сырдария губерниясы Әулие-ата уезінің құрамында болған. Мұрағаттық құжаттарда көрсетілгендей Жуалы ауданының құрылуы 1928 жылғы ұжымдастыру кезінен басталады. Оған Жуалы аудандық атқару комитетінің бекітуімен тоғыз ауылдық кеңес енгізілді. Олар: Қошқарата, Боралдай, Күреңбел, Қазан, Петровка, Шақпақ, Бурно-Октябрь, Көлбастау, Амангелді ауылдық кеңестері болатын. 1930 жылы Жуалы ауданы Бүкілодақтық Атқару Комитетінің қаулысымен Түлкібас ауданына қосылды. 1932 жылы барлық аудандар Қазақ АССР-інің алты облысына біріктірілген кезде Жуалы ауданы Түлкібас ауданымен бірге Шымкент облысына қосылды. Ал, 1936 жылы Жуалы ауданы қайтадан өз алдына бөлініп шықты.
Осы кезге дейін әсіресе қазақ ауылдары әр жерлерде бөлек-бөлек 20-30 үйден топтасып отыратын да, «Қосшы одағы» аталатын серіктестікке бірігіп жерді ұжымдасып өңдейтін. Ұжымдастырудан бұрын, 1924 жылдан бастап осы серіктестіктер, артельдер біріктіріліп ұжымдық шаруашылық болды.
Ұжымдастыру кезі аяқталған, отызыншы жылдардың ортасында Жуалы өңірінде елуге тарта ұжымдастыруға негізделген кішігірім колхоздар құрылды. Олар мына төмендегідей болатын.
1. Қошқарата ауылдық кеңесі бойынша: «Талдыбұлақ», «Кеңбұлақ», «Қызтоған», «Свободный труд» колхоздары;
2. Боралдай ауылдық кеңесі бойынша: «Қоғалы», «Қайқыбастау», «Шұбарағаш», «Киров», «Красная заря», «ІІІ Интернационал» колхоздары;
3. Жетітөбе ауылдық кеңесі бойынша: «Түрксіб», «Еңбек», «М.Горький», «Қызылдала», «Комправда», «Таңшығыс», «Бірлік», «Новая жизнь» колхоздары;
4. Шақпақ ата ауылдық кеңесі бойынша: «Киров», «Ынтымақ», «Калинин», «Жаңа ауыл», «Амангелді» колхоздары;
5. Қазан ауылдық кеңесі бойынша: «Қызыл жұлдыз», «Құрама», «Новая жизнь», «Молотов», «Каучук совхоз» колхоздары;
6. Петровка ауылдық кеңесі бойынша: «Карл Маркс», «Красный пахарь», «Варошилов», «Қуаныш» колхоздары;
7. Көлбастау ауылдық кеңесі бойынша: «Диқан», «Қайрат», «Игілік», «Орақ-Балға», «Талапты», «Правда», «Каганович», «Мирзоян» колхоздары;
8. Бурно-Октябрь ауылдық кеңесі бойынша: «Путь Ленина», «Қызыл диқан», «Қызылту» колхоздары,
9. Ақтөбе ауылдық округі бойынша: «Буденный», «Қызыл күншығыс», «Путь Ленина», «Қызыларық», «Куйбышев», «Жаңа талап», «Қызыл октябрь» колхоздары құрылды.
Жуалы жеріндегі ұжымдастырудың алғашқы кезеңіндегі қалыптасқан әр-түрлі келеңсіздік пен қырсыздық туралы «Совеская степь» газетінің 1928 жылғы 14 мамырдағы санында жарияланған Бурно-Октябрсьское селосындағы болған бір суреттемені мысалға келтірейік:
«Бурно-Октябрьскілік кедейлер ауыл шаруашылығы артелін ұйымдастыру туралы шешімге келді. Оған ауыл шаруашылығын коллективтендірудің жақтаушылары емес, көбінесе сұғанақтар жиналды…
Трактор, тұқымдық астық және несие ақша алды. Азамат Шигалев жылқы сатып алатын қаржыны ішіп қойды. Трактордың да жағдайы оңып тұрғаны шамалы, оны сынау үшін өзенге айдап түсірді. Трактор ұзақ ышқынып, тасқа тіреліп ақауланды да оны өгізбен сүйреп шығарды.
Енді тракторды жөндеу қажет, ал алқап баяғысынша жер айдаушыларды зарыға тосуда. Аттарды «ішіп» қойды, тракторды молаға тықты.
Артель құруға қалай болса-солай, атүсті қарау тек қана шығын әкеледі: ақша шашылып, колхоз құрылысы туралы идеяны тас-талқан етті.» (В.Лихайлов Ұлы жұттың жазбалары. Алматы: Дәуір 1992. 140-141 беттер.)
Мал басының кемуі туралы мына деректерге назар аударайық: Қазақстанда 1925-1929 жылдардағы 40 млн бас малдан 5.397 мың бас қана қалған, яғни мал санының 85,5 пайызға қысқарғанын көреміз. Соның ішінде 1931-1932 жылдың аралығында мал басы 55 пайызға кеміген. Бүкілодақтық мал санағына дейін малдың 80 пайызы қоғамдастырылған, қалған 5 млн 397 мың бас малдың 37,6 пайызы совхоздардың үлесінде болған. Осыдан шығатын қорытынды, 1929 жылы малынан қазақтардың қолында небәрі 6 пайызы ғана болса, олардың күйзелуінің себептері де айқын еді.
Сол бір зымыстан кезеңде момын елге мінезі содыр, санасы соқыр әкімдер мен өкілдер тап болып, оларға қос санды қоса алмайтын, қой бағуға жарамайтын қотыраштар, аяқ астынан өкіметтің сенімді тірегі-белсенділер қаптап кетті. Көксегендері – әкімдер мен өкілдерге жағынып, көңілінен шығуды ойлаған олар халықтың жай күйімен санасуды білген жоқ. Шолақ белсенділер «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» атты аты-шулы саяси науқанда қазақ ауылын советтендіру, ұжымдастыру тұсында шектен тыс озбырлық пен зұлымдыққа барды. Бірер жылдың ішінде елді аздырып-тоздырып елді аштыққа ұрындырды.
Ұжымдастыру кезеңінде ел апшысын қуырған жандайшап солақай белсенділердің іс – әрекетін бейнелейтін тағы бір дерекке тоқталайық:
ОГПУ жүйесі бойынша Голощекинге жолданып отырған бұрынғы облыстық партия комитетінің мұрағатынан алынған бір құжатта Жуалы ауданынан мынандай мәлімет жіберілген:
«Сырдария округінің Жуалы ауданындағы Алексеевка, Юрьевка селоларында, №8 ауылда тұқымдық бидай тауып бермегені үшін орташалардың бар мүлкі конфискеленді.
Кантемировкада киім мен үй ішінің ыдыс аяқтарын ортақтастыра бастады. Ал жергілікті агроном Фросов деген біреу иттермен мысықтарды да қоғамдастыруды қолға алды» – делінген. (В.Михайлов Ұлы жұт жазбалары. Алматы: Дәуір, 1992, 175-176 беттер)
Жуалы ауданының Билікөл аймағындағы ұжымдастыру туралы бір естелік әңгімеге кезек берейік:
«Ол бір аласапыран кез еді ғой» – деп бастады естелік әңгімесін 96 жастағы Күләсар апамыз төркін жағындағы өткен кәмпеске туралы: «Біз ол кезде бойымызды түзеп қалған қыз едік, Билікөл аймағына аты шыққан Бәйел деген байды белсенділердің кәмпескелегенін көзімізбен көрдік. Аудандық және жергілікті белсенділер: «Кімде-кім колхозға кірмесе-жақсы жер телімі мен тиеселі барлық жеңілдіктерден айрылады, колхоз құрылысының қас жауы деп саналады» – деп құйындатып келіп, шаңдатып кетіп жататын. «не колхозға кіресің, не көрге кіресің» – деп момын халықты жан алқымға алды.
Сол біз тұратын Белбұлаққа келген бес-алты мылтық асынған аттылар Бәйел байдың бар малын киіз үйлер тігілген ауылдың шығысындағы жазыққа алып келіп иірді. Малдың нөпір көптігінен ауылдың үстіне қою шаң тұтылды. Қайыстан күрте, кепкі киген қаһарлы топ әй-шәйға қаратпай малды бөліске салды. Ең соңында Бәйел байдың баласы:
– Ағатайлар, бізге де бір тұяқ қалдырсаңдаршы!-деп бәйгеге шауып жүрген ала айғырының шылауына жармасты. Оған елжіреп жаны ашыған ешкім болған жоқ.
Қайта безбүйрек белсенділердің бірі:
– Қолыңды тарт, советтің малынан, контра!-деп шырылдаған баланың жағасынан алып, анадай жерге лақтырып жіберді. Ал Байел байдың өзін қол аяғын байлап, арбаға отырғызып Әулиеатаға қарай алып кетті».
Осындай қиын кезеңде шаруаға салынатын салықтың да түрлері көп еді. «Ет, май, сүт, жүн, тері сияқты салықтарды айтпағанда, сүйек салығы, мүйіз-тұқай салығы, ит терісінің салығы дегендер де болды» – деп еске алады көнекөз қариялар.
Сол жылдардағы ел басына төнген ауыр жағдайға қарамай партия көсемсымақтарының Қазақстан астығын еуропа елдеріне экспортқа шығаруды тежеген жоқ. Елді жаппай ашаршылыққа ұрындырудың бұл да бір үлкен себебі болатын. Осы туралы Валерий Михайловтың «Ұлы жұт жазбалары» атты документальды еңбегінде мынандай дерек келтіреді:
«Адам айтқысыз аштыққа қарамастан бидайды Еуропаға экспорттау тежелмеді. Егер 1928 жылы шет елге 1 миллион центнерге жетер-жетпес астық шығарылса, ал 1929 жылы-13 миллион центнер, 1931 жылы-51,8 миллион, 1932 жылы 48,3 миллион астық жөнелтілді. Тіпті ел қатты күйзелген жылдың өзінде Батыс Еуропаға 10 миллион центнердей бидай тасылды. Оның үстіне астық Еуропа елдеріне шын мәнінде түкке тұрғысыз арзан бағаға сатылды. 1932-1933 жылдарда шет елге тасылған астықтың жартысы-ақ еліміздің оңтүстік аудандарындағы бүкіл елді ашаршылықтан аман алып қалуға жетер еді.
Ал Батыс Еуропада ашығып және қырылып жатқан шаруалардан тартып алынған советтік нанды ешбір алаңсыз, рахаттана жеді. Россиядағы аштық туралы сыбыстың бәрі үзілді-кесілді жоққа шығарылды. Тіпті сол 30-жылдардың бастапқы кездерінде ССР Одағына танысу сапарымен келіп қайтқан Бернард Шоудың өзі Россиядағы ашаршылық туралы өсек-аяңның ойдан шығарылғандығы туралы жазды және ол «Россия бұдан бұрын ешуақытта өзі барған кездегідей азық-түлікпен тамаша қамтамасыз етілмегеніне құлай сенді.» (В.Михайлов. Ұлы жұт жазбалары. Алматы: Дәуір, 215бет.)
Жоғарыдағы келтірілген себеп салдардың барлығы да Қазақстанды жаппай аштыққа алып келді.
1931-1933 ұлы жұт жылдарында аштықтан өлген адамдар санын тарихшылар әр түрлі айтады. Біршама зерттеушілер аштықтан өлген адамдар саны 1 млн 160 мың жуық десе басқалары одан да көп дейді. Бұл аштықта 1921 жылға қарағанда адам шығыны көп болды. Бұл жолғы қырылған қазақтардың саны «Ақтабан шұбыранды-Алқакөл сұлама» трагедиясынан-екі есе, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тура және жанама шығындардан алты есе асып түсті.
Ал демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың мәліметтеріне сүйенсек: «Қазақстанда ашаршылық жылдарында 2,5 млллион адам жазықсыздан-жазықсыз қырылды. (оның ішінде 2,3 миллионы тек қазақтар) 1926-1937 жылдар аралығындағы қазақтар 3,627,6 мыңнан 2,181,5 мыңға дейін кеміп кеткен.
1926 жыл мен 1939 жылғы халық санағының аралығында орыстар-1,275,1 мыңнан 2,449,1 мыңға дейін, немістер 51,1 мыңнан 92,4 мыңға дейін, татарлар-79,8 мыңнан 106,9 мыңға дейін өскен. Осы он екі жылдың ішінде олардың жалпы өсімі 1,338,2 мың адамға немесе 95% ға артқан. Салыстырып байқағанымызда, бір халықтардың 55-57 пайызға күрт кемігені, оған керісінше енді бір халықтардың 80-83 пайызға өсе түскені көрінеді.» (М.Тәтімов Қазақ әлемі. Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1993, 10-11 беттер)
Жоғарыдағы демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың бұл мәліметтерінен сол кездегі саясаттың бір халықты қырып-жойып құрту арқылы, екінші бір халықтың өркендеуіне ашықтан-ашық жол бергендігін көреміз. Қазақтың малын тәркілеп, бүкіл Орта Азияны отырықшы тұрақты егіс алабына айналдыру көзделді. Қазақтың тартып алынған малы ірі өндіріс орталықтарына жіберіліп, шығынға ұшыратса ал, қазақ ұлты аштық қырғыннан жойылып кетуге шақ қалды. Ұжымдастыру мен отырықшыландырудағы асыра сілтеулер, әкімшілдік қыспақ пен республика мен ел басшыларының валюнтаризмі осылайша қазақ халқы үшін тым қымбатқа түсті.
Барлық Қазақстан сияқты Жуалы өңіріндегі ел басына төнген қасірет пен күйзеліс туралы тарихи құжаттар әдейілеп жойылып жіберілсе де, оның тірі куәләрі ол нәубетті ұмыта қойған жоқ. Ендеше сол халқымыздың тарихындағы қаралы кезең туралы екі айғақ әңгімені назарларыңызға ұсынайық:
Билікөл өңірінде ғұмыр кешкен, көпті көрген, құйма құлақ, шежіре қария Данай қарттың аузынан ертеректе жазылып алынған бірінші әңгіме.
«Ақсүйек жұт туралы жайбарақат әңгіме айту мүмкін емес. Қара шыбынша қырылған елді көзімізбен көрдік. Елдің қамбасынан бір түйір де дән қалдырмай белсенділер жинап алды, мал жұттан қырылып қалды. Мыңдаған адам осы Билікөл аймағынан талғажау іздеп, ауа көшіп, безіп кетті. «Тәшкен жақта күн көруге болады екен.» – деп біраз жұрт солай ауды. Олардың көбі жол-жөнекей қырылып кетті, көбісі хабарсыз кетті. Кейбір үйлердің есігі ашылмай, түндігі түрілмей түгел қырылып қалды. Ел тау кезіп әйтеуір адам жеуге болатын нәрсені теріп жеп сандалып кетті.
Мен ол кезде жігіт ағасы болып қалған шағым, інім Бақыбек екеуміз әулетімізді шиті мылтықпен аң аулап асырадық. Кей күндері қанжығамыз майланып олжалы, кей күндері құралақан қайтып жүретінбіз.
Мына тұрған Еліктінің бергі жағындағы шымырлардың шағын ауылы отырушы еді, бір күні аңнан қайтар жолымыз сол ауылға түсті. Құрым киіз үйдің алдындағы бұлақтың басында сол аймаққа аты мәлім Айтуар ақын әлсіреп жатыр екен. Денесі аштықтан сарғыштанып ісіп кетіпті, сөйлеуге зорға шамасы келді. Жай сөйлеген жоқ өлеңдетіп былай деді:
…Бәріне көндік, шыдадық,
Жоқтан барды құрадық,
Алғы тердік тау кезіп,
Ақтабан болып шұбадық.
Түске кіріп быламық,
Быламық таппай жыладық,
Жұттан жанды сақта деп
Алладан рахым сұрадық…
(Айтуар ақынның бұл өлеңі төрт шумақтың шамасында еді, сақталып қалғаны осы ғана. Б.Д.Д)
Сауға сұрағандай болған соң өңгеріп келе жатқан арқардың бір санын кесіп тастап кеттік. Екі-үш күннен соң сол ауылға жолымыз қайта түсті. Бірақ көргеніміз жан шошырлықтай еді. Біз көрген ауылдағылардың тірілерінің бәрі түгелдей өліп қалыпты. Біз тастап кеткен арқардың етін қазанға салып асуға да шамалары келмепті…
Енді тағы бірде Қаратау жаққа кететін қара жолдың үстінде шалқалай құлап, аштан өліп қалған жас әйелді көрдік. Бейшара әйел сүт шықсын деген болуы керек белін тас қылып буып тастапты. Үстінде көк көйлекті бір жасқа толмаған сәби анасының сүті жоқ көкірегін тырмалап шырылдап жатыр екен.
Аттан түсіп сәбиді алып кетуге ыңғайланып едім Бақыбек інім:
– Үйдегі шектей қызылшақаларды асырай алмай отырғанда бұл байғұс баланы қайтесің, бұған беретін сүтің қайда?! – деп шарасыздық танытты.
Сол анасының көкірегін тырмалап емшек іздеген көк көйлекті бейкүнә сәбидің бейнесі менің көз алдымда өмір бойы қалып қойды»-деп әңгімелеуші еді.
Екінші әңгіме Жамалбек атамның әңгімесі:
«1932 жылы мен Бурно-Октябрьскідегі ауылшаруашылық техникумында Амансайдан барып келіп оқитынмын. Ашыққан елдің арасында болған небір сұмдықты: бір тостаған бидайға баласын сатқанды да, адамның етін жегендерді де естіп, көзбен көрдік. Мына Алексеевкада адамның майына нан пісіріп сататаын адамның ұсталғанын да естідік.
Ол былай болған еді. Сол Көлтоған (Алексеевка) ауылында ашаршылықтан Сарысу жақтан бас сауғалап қаңғып келген біреу тұратын. Ол адамның жүріс-тұрысынан сезіктенген ауылдастары милицияға хабарлайды, сол үйге кірген адамдардың қайтып шықпайтынын айтады. Аумақтық милиция Қоңырбаев Шерім деген кісі жанына екі-үш адам алып, үйге тінту жүргізеді. Әлгі күдіктінің жертөлесінен 7-8 адамның сүйегі табылады. Сөйтсе ол аш адамдарға «арзанға нан сатамын» деп үйіне алдап апарып, өлтіреді екен де, іш майына нан пісіреді екен, қарынға құйып алады екен. Адамның майы қойдың іш майындай тоңбай сұйық күйінде тұрады екен.
Әлгі адам жегіш қолына кісен салынып, үйден алып шығар кезде:
– «Кеседегі майдан бір сіміріп алуға мұрсат беріңдер, онан соң маған не істесеңдер де мейілдерің-депті.»
Ол кезде не көп белсенді көп, істік темірмен сұққылап үй мен қора қопсыны түгел тексеріп астық іздейтін. Сиырдың садырасын сыдыратын жерге қазып тығылған бір қап бидай біздің жанұямыздың жанын алып қалған болатын.»
…Бірде техникумнан қайтар жолда осы мына Бурныйдың батыс жағындағы терең сайға түсе бергенімде алдымнан қалың тікеннің арасынан бір адам шыға келді. Байқасам, арт жағымнан да екі адам сайдың қарсы бетінен мені қоршап келеді екен.
Алдымдағысы:
– «Әй бала, тоқтай тұршы, жөн сұрайын деп едім» – деп алдаусыратты. Мен ауыл жаққа қашқан болып жалт бұрылдым да, Ынтымақ ауылын бетке алып сайдан әзер қашып шықтым. әсіресе артымдағы ұзын біреуі далбақтап біраз жерге дейін қуғаны есімде. Содан зәре құтым қалмай қатты қорыққан болуым керек, қашқан бойда Ынтымақтағы Мәдеш жездемнің үйіне кіре жығылыппын. Арғы жағын білмеймін…»
Жуалы жерінің жұртшылығы диқаншылықпен бұрыннан-ақ айналысып келген. Бұл өңірде қуаңшылық жылдарының өзінде де басқа жерлермен салыстырғанда астық жақсы шығады. Оған қосымша әрбір кедей деп саналатын адамдардың өзінде, сол кезде отыз шақты уақ малы, екі-үштен сиыры, алты-жетіден жылқысы болған. Солай бола тұра, Қазақстанның барлық өңірлері сияқты аштық азабынан Жуалы халқы да құтыла алған жоқ.
1931-1933 жылдар аралығындағы Жуалы жұртын аштыққа ұрындырған себептерді сараласақ бір-бірімен байланысты төмендегідей жағдайлардың орын алғандығын көреміз:
1. Мемлекет басшыларының тарапынан жүргізілген қолдан жасалған зұлмат, аудан, ауыл уәкілдері мен белсенділердің «шаш ал десе бас алған» асыра сілтеу әрекеті;
2. 1929-1930 жылдары ұжымдастырудың күштеп жүргізілуіне байланысты аудан халқы қазынаға өткізгісі келмеуі салдарынан малдан айрылуы;
3. Ұжымдастырудың дұрыс ұйымдастырылмауынан, жағдай жасалмауынан, есеп жүргізілмеуінен, малдың жаппай сойылуына байланысты орасан шығын болуы;
4. 1930-1931 жылдары қуаңшылыққа байланысты астықтың өте нашар шығуы;
5. Малы барларға салынатын астық салығының шамадан тыс (200-ден малы барларға 400-500 путтан) көп салынуы;
6. Жаңадан құрылған ұжымдардың астық тұқымдық және ат-көлік сияқты көмек ала алмауы;
7. Шаруашылықтағы зиянкестіктер мен былықтардың орын алуы.
Бұл себептердің барлығы жиылып келіп Жуалы жұртшылығын 1931-1933 жылдар аралығындағы алапат аштыққа алып келді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін «Қызылдар қырғыны» кітабының «Қолдан жасалған қырғын» тақырыбындағы тарих ғылымының кандидаты Ұзақбай Құрманбаевтың Жуалы ауданынан жиналған естелік-деректерінен үзінді келтірейік:
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, Жуалы елі өздерінің ақ-адал малдарынан айрылғанда олардың қамбаларындағы сүйенетін қордан да түк қалмаған. 1930-1931 жылдардың егіні өте болымсыз болып шықты. Құрылған қазақ колхоздары жерді ағашпен айдайтын. Тұқымдық астық көмегі берілмеген, малы көп адамдар мемлекетке 100-150 пұттан астық салығын өткізген. Оны ауданда Бурныйдың өзінде, Кременевка, Алексеевка елді мекендеріндегі астық жиып өткізген Загатзерноларға төккен. Қаза келгенде осы загатзернолардан колхоздарға астық тұқымы неге берілмеген деген заңды сұрақ туады. Бұған жауап іздесек, сол кездің өзінде елді төңкеріп тастағанмен, параны ешкім жоя алмаған екен. Загатзерно бастықтары жеке ауқатты адамдардан астық салығының орнына ақша алған. Бұған бір ғана мысал: Байдалыұлы Аманбек қарияның айтуынша, «Кременевка загатзерносының бастығы Петро деген орыс еді. Сол орысты Түлкібастан, қырғыз елінен ақшасы бар адамдар іздеп келіп, астық төкті деген квитанция жаздырып әкететін. Сыртқа білібеген бастықтар осылар еді. Аудан басшыларының нұсқауы беріліп, жаңадан шаңырақ көтерген колхоздар көмекті өз дәреже-деңгейінде осы себепті ала алмады.» (Қызылдар қырғыны. Алматы: Өнер, 1993, 141-142 беттер.)
Осы аштық жылдарындағы адам шығынының жас ерекшелігіне назар аударатын болсақ онда 1 жастан 15 ке дейінгі сәбилер мен жас өспірімдердің үштен бірі шетінегендігін көреміз. Оған осы өмірдегі аштықты көзімен көрген көнелердің сөзі куә. Және тағы да бір ерекшеленетін нәрсе, аштық апатына ұшырағандардың 95 пайызы қазақтар болатын. Бұлар негізінен азық-түліктен қор жинауды кәсіп етпеген, диқаншылыққа қыры жоқ, тігерге тұяғы жоқ малынан айрылған жергілікті қазақтар болатын. Олар тіпті өзен, сулардағы қаптап жүрген балықтарды аулап күнелтуді де жақсы білмеген. Ал орыс халқы күні бұрын бидай, картоп сияқты тағы басқа талғажауға жарайтын азық-түліктерінің қорын жертөлелеріне жиып алған болатын.
Жоғарыдағы Ұ.Құрманбаевтың естелік деректеріне тағы да кезек берейік:
– Ауғанбайұлы Рысқұлбек қария: «Біздің ауылдағы Сиқым руының Асан деген атасынан 70 үйден 1933 жылдың аяғында 8-ақ түтін қалды. Жуалы ауданындағы Алексеевка, Некрасовка, Кантемировка, Успеновка, Благовещенка, Казанка, Петровка, Зыковка, Евгеньевка, тағы басқа толып жатқан орыс елді мекендері айналасының бәрі аштық пен жоқтық болса да, ауылдардың шетіне осы жоқтықты енгізе қоймаған. Бүкіл аудан, облыс, республика көлеміндегі тілі сумаңдаған ажал қазақ ауылдарының ортасында отырған орыс ағайындарының қылын да қисайта алмаған,» – деп еске алады. (Қызылдар қырғыны. 143 бет.)
Жуалылық ақын Бауыржан Үсенов Қошқарата аймағындағы болған аштық туралы өзінің «Қарттың әңгімесі» атты өлеңінде былай жырлайды:
«…Біреу қырда, енді біреу сайда өлді,
Ел аспаннан қаны тамған ай көрді,
Осы өлкеде сенсең егер қарағым.
Қабан түгіл адам жеген жай болды.

Ұн жасадық улы өсімдік алғыдан,
Быламық қып аш өзекке қалғыған.
Шынашақтай шабақ қуып, тұншықтық,
Долы судан тастан-тасқа қарғыған.

Рауғаш, желкек, жауқазынның түбірін,
Тастақ жердің тарысы мен жұмырын.
Байқап қалсақ, сілекейіміз шұбырып,
Балқақтарды қазып алдық, құлыным.

Көз ала алмай тас қайнатқан қазаннан,
Қайран күндер, қатып-семіп сазарған.
Сары долана, таупияз бен қозықұйрық,
Бұл атаңды алып қалған ажалдан…

Сақалынан сорғалаған жасына
Көз түскенде, жұбатамыз асыға…
О, Жаратқан! Ондай сұмдық кезді енді,
Бере көрме, адамзаттың басына! (Б.Үсенов. Маңдайыма жазылған мәңгілігім. Астана-2001, 132-133 беттер.)
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақ халқының атын шығарып, қиын кездерде жол нұсқаған көптеген революция ісін нығайтушы қоғам қайраткерлері мен жазушылар легі дүниеге келді. Оны біз өткен тарихымыздан жақсы білеміз. Сол ардагер азаматтарымыздың көбісі тарихымыздың қара беттері болып саналатын 1937-1938 жылдардағы репрессияға ұшырады. Бұған қазіргі кезде Сталиннің айтқанын істеп, оның саясатын орындаушылар қуғын-сүргінді хал-ахуал тудырып, билікке қарсы келетін қайраткерлерді жау санады-деп баға беріп жүрміз.
«Жаудан сақ болайық» деген ұранмен бастаған «жаңа науқанға» үн қатушылар өз арамыздан табылды, әсіресе белсенділер өз ортамыздан жау табуға ұмтылды. Бір кездері қазақ халқының қосымша атына айналған «Алаш» сөзі бүкіл елді үркітетін сөзге айналды. Сол кезде кейбір пысықтар алаш пен ұлтшылдықты даттағыш құралдарға айналдырып, өш алуға, қастандық жасауға пайдаланды.
«Алаш интелегенциясы» деген айдармен ұлтымыздың атақты Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, С.Асфендияров сынды зиялылары «халық жауына» айналған соң одан кейінгілері аузын бағып, көпшілігі бас шұлғуға көшті, қайсыбіреулері белсенділікке бейімделді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Тұрсынбек Кәкішевтің «Қағидаға айналған қателер» атты мақаласынан мысал кетірейік:
«Жаңа заманды өз қолдарымен жасаған азаматтар 1937 жылы оп оңай «халық жауы» болып шыға келгенде, қанаты жаңа ғана қата бастаған қоғамдық-әлеуметтік іске енді араласа бастағандардың әсі шығып, айтқанға құлақ асты, айдағанға ойланбай жүрді. Қайсы біреулері шен-шекпен үшін «белсенділік» танытты.
1937 жылы қазақтың әдеби-мәдени жұртшылығы жаңа мәдениеттің негізін қалағандармен қатар, сорпаның бетіне шыққандары мен шығарларын түгелге жақын, партия-совет орындары өзінің ойын айта білетін азулы да білікті қызметкерлерін ғана емес, тіпті дұрыстап хат танығандарын да «ит жеккенге» айдатып алды. 66 мың адам жалған жалаға ұшырады. Республикалық орталық мекемелерінің жұтап қалғаны сонша, медицина институтының соңғы курсында оқып жүрген студент Ишанбай Қарақұлов Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі, СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып шыға келуін өзінің кемеңгерлігінен деп есептемейді» (Нәубет. Алматы: Жалын, 1990, 133-134 б.)
1937-1938 жылғы сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы мұрағаттық деректер мардымсыз, тіпті жоқтың қасы, дегенмен КПСС-тің тарихи ХХVІІ съезінен кейін (1985 жылғы сәуір пленумы) тарихтың ақтаңдақ тұсының шындығы жазыла бастады. Тарихшылар мен жазушылар Манаш Қозыбаевтың, Смағұл Елубаевтың, Бексұлтан Нұржекеевтің, Өтебай Қанахиннің, Тұрсынбек Кәкішовтың, Қадыр Мырзалиевтің, Бейбіт Қойшыбаевтың, Қоғабай Сәрсекеевтің, Мақаш Тәтімнің шығармалары бірінен соң бірі жарық көрді.
Мақаш Тәтімнің мәліметіне сүйенсек, 1937 жылы сталиндік қанды қырғынның тырнағына кілең сайдың тасындай жетпіс мыңға жуық қазақ қайраткерлері ілінген. 1939 жылдың 1 қаңтарына дейін репрессияның алғашқы екі жылында ғана 17139 қазақ «халық жауы» деген жалған айыппен лагерлерде ұсталған. (М.Тәтімов. Қазақ әлемі. 4 бет)
Көптеген ардақты қоғам, адам алдында ары таза, ешбір айып кінәсі жоқ аяулы азаматтар айдалып, атылып кетті. Мұндай қиянат қысастан қыршын кеткендер Жуалы жерінде де аз болған жоқ. Ел-жұртты жаппай үрейлендіріп, жазықсыз жазаға ұшыратқан 1937-1938 жылдардан басталған қолдан жасалған қырғын туралы жазушы журналист М.Ахмет былай дейді:
«…Ия, «патшаның қылышынан қан тамған» сол қаһарлы жылдары бір ғана Қызыларық ауылынан 17 адам айдалып кетсе, «Талаптыдан» – 6 адам, «Орақ – Балғадан» – 8 адам репрессияға ұшыраған. Ақсай ауылынан М.Әуезов очеркінің кейіпкері Тоқаң-Тоқтыбай Райымбеков ілгеріде біраз уақыт би болғаны үшін «халық жауы» атанып, атылып кетті. Оның туысы деп Пошқайдың күйеу баласы Егембердиев Кемелді ұстады. Пошқайдың құдасы деп Көлбай Оспаналиевті жалалы қылды. «Орақ-Балға» ауылынан Оразбаев Есенбай, Есенқұл, Қоңқа, Нәмет деген төрт ағайынды жігіт «халық жауы» ретінде түрменің тар қапасында азап шекті. Сол төртеуден ең кенжесі Нәмет қана Ресейдің Мурманск деген қиян түкпірінде 10 жыл айдауда болып, әзер-әзер тірі қайтты. Ақсай алқабынан Шоғалов Мұздыбай, Дәуренбаев Ормантай, «Талаптыдан» Мұртаза, Әліпбай, Мұса есімді азаматтар ұсталып кетсе, мұның бірі халық жазушысы Шерағаңның әкесі, біздің Мұртаза атамыз еді. Осы жылы аудандық партия комитетінің кезекті пленумында сөз сөйлеп тұрған жерінде аудандық атқару комитетінің төрағасы Таникинді ұстап әкеткен.
1937 жылы ауданнан келген уәкілдің адамгершілікке симайтын кесірлі тапсырмасын орындаудан бас тартқаны үшін жалаға ұшыраған. «Орақ-Балға» ауылының тұрғыны Ормантай Дәуренбаев 10 жыл бойы Сібірдің бір түкпірінде азап шекті.» (М.Ахмет. Жуалы. Алматы, 1998, 47-48 беттер.)
Жұртты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратуға өз арамыздан шыққан адамдар себепші болды, «донос» жасады, жалған куәлік етіп, ұстап берді. Сауаты бар сөз сөйлер азаматтарымызды айдатып жіберуге өзіміздің ішкі бақталастық көмектесті.
Жаман әдеттің қашаннан жұққыш келетініндей, жау іздеушілер өршігені соншалық ауылдағы егін салып, жер өңдеп, қой бағып жүрген момын шаруалардың арасынан «жаулар тауып» жатты. Басына жала жабылғандар өзін – өзі қорғауға дәрменсіз еді, ондайларға ара түсер адам табылмады, өз басынан қорықты. «Іштен шыққан жау жаман» – деген сөзді халық осындайда айтқан. «Халық жауларының» көптеп табылуына ауыл ішіндегі берекесіз белсенділер мен ел ішінде жүрген тыңшылар да «үлес» қосты. Олар ар-ұятты жиыстырып өз туыстарына, өз жерлестеріне көзбе-көз күйе жағып ұстап берді.
«Бұрынғы «Жаңа ауыл», «Амангелді» аталатын колхоздарда Рақманқұл деген кісі, (әкесінің аты есімізде жоқ) Көшербаев Өскенбай, Нұрлықұл дегендер болар болмас жаламен айдалып кетті. Олардың кейбіреулері сол ит жеккенде мәңгілікке қалды. Сондағы тағылған айып; «байдың құйыршығы», «колхозға зиянкестік жасады» деген сияқты Әліпбай, Көбей деген белсенділердің нұсқауымен жабылған жала еді. Ал Әсілбай деген осы ауылдың тұрғыны НКВД-ның тыңшысы болған, оны жұрттың бәрі біледі» – деп еске алады Заманбек Сейдалыұлы қария.
1937 жылғы репрессия ат жалын тартып мінген бас көтерер азаматтардың арасында күншілдік, бақталастық, көре алмаушылық сияқты жағымсыз әрекеттерді күшейте түсті. Бұған дәлел ретінде Жуалы ауданының Амансай аталатын ауылындағы болған мына бір жағдайды мысалға келтірейік:
1938 жылы Амансай аталатын шағын колхозда шамалы сауаты бар Сәрсен деген кісі бастық болатын. Оның бастық болғанын көре алмаған сол ауылдағы оның өзінің жақын, бұл кетсе орнына бастық болуды көксеген жолдастары оны қонаққа шақырған болып, бозаға арақ қосып беріп мас қылып «Сталинді боқтады» деп жалған жала жауып айдатып жіберген. Сол бақталастықтың құрбаны болған Сәрсен бастық Карлаг түрмесінде көз жұмыпты.
«Халық жауларын» көбірек табуға ұмтылған жалған әшкереушілердің тым шектен шыққандығы соншалық, «жау» деп танылған қайраткерлерді «түп тамырымен құртамыз» деген ұранмен олардың туған-туыстары мен жақын саналатын бейкүнә адамдарға да қол салды.
Кезінде «Қызыл Жұлдыз» колхозы аталатын Феодоровка ауылынан 1938 репрессия жылдарында жазықсыз жаламен кеткен адамдардың үшеуін білемін» – дейді Исмайлов Сейітқұл қария.
Олар Әлиев Дүйсембай мен Қауқаев Балқыбай, Жабай Тайшықовтар болатын. Балқыбайға «колхоз малын дұрыс бақпадың» деген жала жабылған еді. Ол осы «қылмысы» үшін төрт жыл түрмеде болып келді. Жабай Тайшықов та болмашы жаламен кетті, одан ешқандай хабар болмай кетті. Сол Жабайдың баласы Әзімбектің өз аузынан мынандай деректі кейін естіп білдік. Қызылорда, Шымкент және Жамбыл облыстары біріктіріліп, өлке болып тұрған кезде Жуалының перзенті край прокурор Тілепалды Ыбыраев деген көзі ашық азамат іздестіріп, сұраныс жасап сол Жабай Тайшықов Красноярскінің түрмесінде 1949 жылы аурудан қайтыс болғанын анықтаған.
Сонымен, 1937-1938 жылғы репрессияда мыңнан астам жазықсыз жуалылықтар жазаға ұшырады. Ол қуғын-сүргін тіпті соғыс жылдарында да, тіпті одан кейінгі елуінші жылдардың басына дейін жалғасып жатты. Тек ВКП (б) Орталық Комитетінің «Жеке басқа табынушылықтың зардаптары туралы» деп аталатын қаулыдан кейін сол «халық жаулары» біртіндеп ақтала бастады.

Дәулетжан Байдалиев,
ардагер ұстаз,
өлкетанушы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close