Basty bet

Үш құрылыс нысаны пайдалануға берілді

Республика күні ұлттық мереке қарсаңында ауданымызда үш бірдей құрылыс нысаны пайдалануға берілді. Яғни, Республика күні қарсаңында Рысбек батыр ауылында халықтың көптен күткен қуанышы табиғи газ пайдалануға берілсе, Қоңыртөбе ауылында ауызсу жүйесі іске қосылды. Сонымен бірге Шыңбұлақ ауылында “Асарлатып үй салу” жобасы аясында бір отбасының үйі кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өткізіліп, салтанатты жағдайда лентасы қиылды.

Аталған ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Жалғас Мұртаза арнайы барды.
“Рысбек батыр ауылына кварталішілік газ тарту желісінің құрылысын салу” құрылыс нысанының сметалық құны – 40716,13 мың теңге. Газ құбырының ұзындығы – 4,24 шақырым. Мердігер мекеме – “SAT Constrution” ЖШС.
Елді мекен бойынша 64 аулада 450-ден аса тұрғын тұрады.
Көгілдір отынның салтанатты жағдайда пайдалануға беру рәсіміне ауыл қариялары мен жастар, әйел-аналар жиналды.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы ауыл тұрғындарын Республика күнімен және қуаныштарымен құттықтады.
-Құрметті аудан тұрғындары!
Біріншіден, баршаңызды халқымыз үшін айтулы мереке Республика күнімен құттықтаймын! Айрықша мерекенің қарсаңында ауылдарыңызда көптен күткен қуаныш табиғи газ құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі отыр.
Қуаныштарыңыз құтты болсын! Халық игілігін көрсін!
Ауылда ынтымақ-бірліктеріңіз, берекелеріңіз арта берсін!
Жалпы, ауданымызда 49 елдімекен болса, соның бесеуіне биылғы жылы газ кіргізу жоспарланып отыр. Олар – Рысбек батыр ауылы, Қызтоған, Ақтасты, Қаратас ауылы. Қошқарата ауылы келесі жылға жоспарланған. Алайда бұл ауылды да осы жылы бітіруге тырысудамыз. Қалған Билікөл ауылдық округіне қарасты төрт елді мекенге келесі екі жылдың ішінде газ кіргізіледі деп жоспарланған. Сонда ауданымызда барлық елді мекен газбен қамтылатын болады,- деді аудан басшысы.
Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов Рысбек батыр ауылында жүргізіліп жатқан игі істер, яғни ауызсу жүйесінің жүргізілуі, мешіттің салынуы жайлы айта келіп, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл тұрғындарының қуанышына құтты болсын айтты.
Ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Жақсылық Тілешов жиналған көпшілікке ақ батасын берді.
Лента қию рәсімін аудан басшысымен бірге ауыл ақсақалдары Шырынәлі Сманбаев пен Жақсылық Тілешов жасады. Ауыл келіндері тәттіден шашу шашып, газ алауы тұтанды.

Қоңыртөбе ауылында ауызсу пайдалануға берілді
Қоңыртөбе ауылындағы су құбырының ұзындығы – 6 шақырым. Жалпы сметалық құны – 296 389, 112 мың теңге. Құрылыс жұмыстарын “Жаңару” ЖШС мекемесі жүргізген.
Елді мекенде 100 аулада 700-ден аса тұрғын бар.
Салтанатты шараны ауыл ақсақалы Асқар Сағындықов ашып, халық қамын ойлаған, әсіресе ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында атқарылған жұмыстар үшін Үкіметке және облыс, аудан басшыларына халықтың атынан ризашылығын білдірді.
Сөз кезегін алған аудан әкімі Жалғас Мұртаза халықты таза ауызсумен қамту – маңызды мемлекеттік бағдарламалардың бірі екеніне ерекше тоқталып, халық шапағатын көруіне тілектестігін білдірді.
Мердігер мекеме “Жаңару” ЖШС-ның директоры Марат Асанов та халықтың қуанышына ортақтасты.
Ауылдың қадірменді қариясы Сабыр Түймебаев ақ батасын берді.
Бұдан соң аудан әкімі ауызсудың берілуіне куә болып, ондағы мән-жаймен тағы бір қанықты.

Шыңбұлақ ауылындағы қоныс той
Келесі қуаныш Шыңбұлақ ауылының тұрғыны Ардақ Әбілханұлының шаңырағында болды.
Бұған дейін ауыл тұрғындарының қолдауымен, демеушілігімен Ардақ Әбілханұлының бау-бақшасына 1000 түптей алма ағашы отырғызылған болатын. Енді биылғы жылы үйіне екі бөлме қосып, толық күрделі жөндеуден өткізіп берді. Үйдің құрылыс жұмыстарына Жетітөбе ауылдық округінің тұрғындары, шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер барлығы 4,5 млн теңге жинаған.
-Асар – ата бабамыздың ежелден келе жатқан дәстүрі. Бұл – халқымызды мейірімділікке, ауызбіршілікке, қайырымдылыққа үндейтін дәстүр. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық әрі үлкен сауапты іс.
Көпбалалы отбасының қуанышы – баршаңыздың қуаныштарыңыз құтты болсын! Берекелі, мерекелі, құтты қоныс болсын,- деді аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы.
Келесі сөз кезегін алған Жетітөбе ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев соңғы үш жылда ауылда “Асарлатып үй салу” жобасы аясында үш үй беріліп отырғанын, оған бұрынғы ауыл әкімі Рәтбек Көсембаев, бас маманы Бектархан Сүлейманов, ардагерлер кеңесі, қоғамдастық мүшелері, шаруалар мен кәсіпкерлер көп еңбек сіңіргенін ерекше атап өтті. Сонымен бірге үй иесі Ардақ Әбілханұлының әкесі колхозға еңбегі сіңген азамат болғанын айтып, қоныс тойға игі тілегін білдірді.
Ауыл ақсақалы Битұрсын Үсібалиев ақ батасын беріп, үйдің лентасы қиылып, шашу шашылып, қонақтар ішке кіріп, дәмнен ауыз тиді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close