Basty bet

Ауданда «Аналар мектебі» орталығы ашылды

Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау ауылдық мәдениет үйінде аудан көлеміндегі алғашқы «Аналар мектебі» арнайы кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл маңызды бастама – қасиетті өңірде Аналарға арналған рухани-танымдық орталық құру арқылы қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі қадам болғаны анық.

«Аналар мектебі» кабинетінің ашылу рәсіміне аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық Аналар алқасының мүшесі, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Күнсұлу Қамбарова, ауыл ақсақалдары және Аналар алқасының мүшелері қатысты. Орталықтың лентасы салтанатты жағдайда қиылып, кеш қонақтары «Аналар мектебінің» жұмысына сәттілік тіледі, ақ баталарын жаудырды. Жиында Ана тәрбиесінің қоғамдағы орнының ерекшелігі атап өтіліп, ауданда тұңғыш рет қолға алынған мұндай игі бастаманың жас ұрпақтың тәрбиесіне қосар үлесі зор екені жан-жақты айтылды.
Сонымен қатар, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары Перизат Шымыртайқызы «Аналар мектебі» кабинетінің мақсат-міндеттерімен жан-жақты таныстырып, бұл орталықта Аналардың өзара тәжірибе алмасуына, олардың рухани дамуына және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналатынын атап өтті.
Орталықтың салтанатты ашылу рәсімі мәдениет үйінің үлкен залында негізгі мазмұнды іс-шара – «Ана – рухтың, тәрбиенің, даналықтың бастауы!» тақырыбындағы Әйел-Аналар форумымен өз жалғасын тапты. Форумның басты мақсаты – Ананың қоғамдағы мәртебесін арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және отбасының беріктігін күшейту. Жиынға ауданға қарасты ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің төрағалары, аудандық Аналар алқасының мүшелері және түрлі сала мамандары қатысып, өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Жас ұрпақтың болашағына арнап ұйымдастырылған тағылымды жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, «Әйелдің бейнесі – қоғамның бейнесін айқындайды» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, қазіргі қоғамдағы Әйел-Ананың рөлі, олардың отбасы тәрбиесіндегі жауапкершілігі және ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудегі маңызына айрықша тоқталды.
Келесі кезекте сөз алған жиын спикері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, «Анаға тағзым – анаға құрмет!» тақырыбында жасаған баяндамасында Ананың қоғамдағы орнының айрықша екенін атап өтіп, ұрпақ тәрбиесінің негізі отбасында қаланатынын, сонымен қоса, елдің бірлігі мен берекесі Аналардың мейірімі мен еңбегінің арқасында қалыптасатынын ерекше атап өтті.
«Қазақ әйелін – жар, жан жолдасым дейді…» тақырыбында Б.Момышұлы ауылындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, аудандық билер кеңесінің мүшесі Сейітқазы қажы Медетбеков, Ислам дініндегі Әйел-Ананың мәртебесі, қатысушылармен отбасы құндылығы және ер мен әйел арасындағы сыйластық және жауапкершілік жөнінде тағылымды ой-пікірімен бөлісті.
Сондай-ақ, «Саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» тақырыбында жуалылық ардагер ұстаз, көпбалалы ана Шамкүл Қожаназарова мазмұнды баяндама жасап, ұрпақ тәрбиесіндегі ананың ықпалы, мектеп пен отбасының сабақтастығы және саналы ұрпақ қалыптастырудағы отбасының шешуші рөліне кеңінен тоқталды. Ал, «Бесіктен басталған ұлылық» тақырыбында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Тұранқызы ауқымды баяндама жасап, қазақ халқының дәстүріндегі бесік тәрбиесінің мәні, ананың мейірімі арқылы балаға берілетін ұлттық тәрбие және рухани құндылықтардың ұрпақ сабақтастығындағы орны жөнінде жан-жақты әңгімеледі.
Сонымен қатар, жиында психолог мамандар қатысушылармен психологиялық тренингтер өткізіп, Аналарға арналған танымдық және тәрбиелік бағыттағы маңызды кеңестерімен бөлісті. Шараның көркемдік бөлімінде аудандық «Достық» мәдениет үйінің өнерпаздары көпшілікке кеш тақырыбын аша түсетін әсем әндерді тарту етіп, шағын концерттік бағдарламасын ұсынды.
Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қасиетті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар Әйел-Аналардың қоғамға сіңірген еңбегіне алғыс білдіріп, оларға аудан әкімінің Алғысхаттары мен естелік сыйлықтар табыстады. Аналарға жасалған мұндай жоғары сый-құрмет олардың қоғамдағы белсенділігі мен отбасы-ошаққасы тәрбиесіндегі үлгілі еңбегінің өлшеусіз екенінің айқын көрінісі болғаны анық. Марапат иелеріне көрсетілген ілтипат көпшілік тарапынан жылы қабылданып, Аналарға деген құрметтің жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей…
Айта кететіні, Жамбыл облысының көлемінде алғаш болып ашылған «Аналар мектебі» орталығы, онымен қоса, осынау қуанышты оқиғаға орайластырылып ұйымдастырылған аудандық Әйел-Аналар форумы – рухани маңызы зор, тәрбиелік мәні жоғары тағылымды іс-шара ретінде көпшіліктің есінде ұзақ сақталатыны анық.
Тағылымды жиынға қатысушылар форумда талқыланған тақырыптардың шынайы өмірде де маңызы зор екенін қуанышпен атап өтіп, мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да сәтті жалғасын табуына ниет білдірді. Ауданда алғаш қолға алынған осынау бірегей бастама – «Аналар мектебі» – ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауына және қоғамның маңызды құндылығына айналатынына ешбір күмән болмаса керек…

Таңдаулы материалдар

Close