Basty bet

Табиғатқа жанашырлық танытпайынша, қоғамда толыққанды мәдениет қалыптаспайды!

«Әкімдердің қызметі – елді мекендер мен қоғамдық кеңістіктердің сыртқы келбеті бойынша да бағаланатын болады».
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті.

Қалың көпшіліктің есіне сала кеткенді жөн көріп отырмыз. Ағымдағы жылдың 8 сәуір күні Қазақстанда республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының бастау алғаны белгілі. Науқан бес аптаға созылады деп күтілуде. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.

Науқанның алғашқы күнінен 13 сәуірге дейін созылатын бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Бастапқы жеті күн ішінде елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалайды.
20 сәуірге дейін жалғасатын екінші аптаға «Киелі мекен» атауы беріледі. Бұл күндері тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
27 сәуірге дейінгі үшінші аптаға «Жасыл аймақ» тақырыбы қойылып, бұл апталықта ағаш көшеттері отырғызылады және ағаштар әктеледі.
«Өнегелі ұрпақ» деп аталған келесі апталық 4 мамырға дейін жалғасады. Айтылған күндері ардагерлер мен қарттардың аулалары тазаланып, оларды абаттандыруға көмек беріледі. «Мөлдір бұлақ» аты берілген соңғы, бесінші аптада су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады деп күтілуде.
Акцияға еліміздің өңірлері қосылуда. Мысалы, республикалық акция Алматы қаласында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» жалпықалалық науқаны аясында өтеді деп жоспарлану үстінде. Айта кету керек, осынау игі бастаманың аясында қазақстандықтарды ынтымақ пен өзара көмекке үйрететін, ел арасында жақсы қасиеттерді насихаттайтын қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өтеді деп күтілуде.
Иә, жалпы табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны қорғау, аула мен айналаны, көшелер мен ауылды, тұтастай алғанда, өзіміз тұратын ауыл-аймақ, аудан орталығын және қаланы таза ұстау – сонда тұрақты тұрып жатқан азаматтарға қатысты мәселе. Экологиялық тұрғыдан алғанда, мұндай өте маңызды мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударып отыр.
Бұл – бір жағынан заңды да. Олай болатыны, экологиялық ахуалды жақсартпай, бәсекеге қабілетті мемлекет құру мүмкін емес және халықтың денсаулығы мен ұлттың сапасын арттыруға қатысты мәселелерді толыққанды шеше алмаймыз. Бұл – ең біріншіден, елдің болашағына қатысты маңызды мәселе. Халықты жалпыұлттық сенбіліктер мен экологиялық акцияларға тарту осы тұрғыда өте өзекті болып отыр.
Бұл тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Астана қаласында ұйымдастырылған «Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы» тақырыбындағы халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде: «Биыл елді көгалдандыруда ауқымды бағдарлама басталды. 2025 жылға дейін екі миллиард ағаш отырғызылады. Бұл бастама үлкен халықаралық резонансқа ие ұлттық ауқымдағы жобаға айналып жатыр. Бұл міндет – өте өзекті, сондықтан оны көзбояушылықсыз жүзеге асыру керек» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл мәселе тиісінше, Президенттің Қазақстан халқына арнайтын жыл сайынғы Жолдауларында да тұрақты түрде маңызды мәселе ретінде кеңінен атап өтілуде.
Былтыр еліміздің шығыс өңіріндегі «Семей ормандары» табиғи резарватында орын алған алапат өрттің қызыл жалыны барлығы 11 мың гектар аумақты шарпып, ондағы ағаштарды күлге айналдырумен бірге, өсімдіктер мен аң-құстар (жануарлар) дүниесіне де өзінің орасан зор зиянын тигізгені анық. Бұл алапат өрттің зардабы ұзақ жылдарға жалғасатыны даусыз. Ал өртке шарпылған орман аумағының орнын қалайша толтырамыз?! Ондағы экологиялық ахуал қайткенде жақсармақ? Бұл – өте күрделі сұрақ. Дегенмен, қолды қусырып қарап отыруға болмайды. «Бір тал кессең, он тал ек» деген дана бабалар нақылында айтылған өміршең өсиетті алға ұстай отырып, ел өңірлерінде ағаштар мен тал-дарақтардың жас көшеттерін молынан отырғызу бұл тұрғыда өте маңызды жұмыстардың біріне айналып отыр.
Биыл өкінішке орай, Қазақстанның шығыс, орталық батыс өңірлеріндегі барлығы 10 облыста алапат су тасқынының орын алып, ондағы аудандар мен жекелеген ауыл-аймақтарға қызыл судың жайылуына байланысты онда біз сөз етіп отырған экологиялық шараларды атқаруға толыққанды мүмкіндік болмай отыр. Қазір онда су тасқынының салдарымен күрес, дәлірек айтқанда, қызыл су жайлаған аймақтардағы судан келетін қауіп-қатерден адамдарды қауіпсіз орындарға эвакуациялаумен бірге, одан қала берсе, мал-мүлікті аман сақтау шаралары күндіз-түні жүргізілу үстінде. Бір сөзбен айтқанда, елімізде соңғы 80 жылда болмаған табиғи апаттың салдары өте қиын болғалы тұр. Су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына «Сабыр сақтап, болған іске болаттай берік болыңыздар!» дегеннен басқа айтарымыз тағы жоқ…
Апта басында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ресми түрде бастау алуына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы өз сөзінде, cу тасқыны болмаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырғаны белгілі. Сонымен қатар, жауапты басшыларға жолдарды ретке келтіру міндеті да қоса жүктеліп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болмақ. Жалпы, өңірлердің басшылары қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керек.
Осы тұрғыда еліміздің өзге де өңірлерімен қатар, Жуалы ауданында да экологиялық акция және сенбіліктер ұйымдастырылып, осының аясында тазалық жұмыстары ұдайы жүргізілу үстінде. Тазалық шараларын атқаруға көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазалық айлығының тигізіп отырған оң әсерін баса айтуымыз қажет. Өңірдегі көріктендіру және санитарлық тазалық жұмыстарының барысына тоқталатын болсақ, бұл жұмыстар ағымдағы жылдың 1наурызы мен 1 мамыр аралығында жүзеге асырылады.
Екі айлық шарасына жауапты болып бекітілген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, аудан көлемінде көктемгі екі айлық, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастыру мақсатында Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтің әкімдері және аудан әкімдігі тарапынан өңірде орналасқан барлық мекеме ұжымдары және ұйымдарға өз елді мекенінде орналасқан көшелер мен аумақтар бекітіліп беріліп, осының нәтижесінде бес мәрте сенбілік ұйымдастырылып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтердің аумағында тал-дарақтарды күтіп-баптау бойынша барлығы – 7 515 дана тал бұтау жұмыстары жүргізіліп, 84,1 шақырым канал мен арықтардың табаны тазартылып, 117,2 шақырым көше жолдары тазаланып, 150 тонна күл-қоқыс полигонға шығарылды.
Әлбетте, көктемгі екі айлықтың барысында «Жасыл белдеу» бағдарламасының маңызы зор. Биылғы көктем айларында жалпы 16 250 дана тал-дарақтың көшетін отырғызу жоспарланса, бүгінгі күнге оның 10 270-сі егілді.
Наурыз мерекесінің қарсаңында да өңірде «Таза табиғат» экологиялық акциясы өткізіліп, онда Б.Момышұлы ауылындағы «Жасай бер, Қазақстан!» саябағының аумағына 700 түп әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар, аудан орталығындағы көшелерде, сай-салаларда және саябақтарда тазарту жұмыстары жүргізілген болатын. Айта кету керек, өңірде ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына екі мыңға жуық адам белсене қатысып, ауыл-аймақтың тазалығына өз үлестерін қосып отыр. Бұл да біле білгенге, табиғатқа жанашырлықтың белгісі емес пе?!…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close