Basty bet

«Кәсібіңе мен сенің басымды ием»

 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев дәрігерлер қауымына «Кәсібіңе мен сенің басымды ием. Басымды ием, несіне арланайын» деп жыр арнаған екен. Шынымен де дәрігер деген кен ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілік жүгі ауыр, атқаратын жұмыстары ауқымды. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан ақ халатты абзал жандар қаншама.

Медицина қызметкерлерінің төл мерекесінің қарсаңында біз Көлтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясына арнайы атбасын бұрдық.

Заман талабына сай соғылған Көлтоған ауылдық амбулаториясының ғимараты ауылдықтарға 2014 жылы желтоқсан айында пайдалануға берілген болатын. Дәрігерлік амбулатория Көлтоған мен Ертай ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мекеменің тіркелімінде тұрған халық саны 2000 адам.

Көлтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясында өткен жылдан бері жалпы тәжірибелі дәрігер Ақсәуле Исақ дәрігерлік қабылдау жүргізеді. Ақсәуле Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті медицина факультетінінің түлегі. Алғашқы еңбек жолын өзінің туған жерінде бастауды жөн көрген жас маман, азғана уақыт ішінде ауыл тұрғындарының алғысын алуда.

Мекеменің есебінде 0-5 жас аралығында 60 бала, 20 жүкті әйел, босанғаны 15 келіншек. Ал, диспансерлік есепте 140 адам бар. Олардың көбі қан қысымы, қант диабеті, жүрек қантамырлары аурулары және қатерлі ісік ауруымен ауыратындар. Бір және бес жасқа дейінгі балалар ерекше бақылауда болады. Босанатын әйелдер денсаулық жағдайына қарай, облыстық және аудандық деңгейдегі перзентханаларға жолданып отырады.

-Соңғы жылдары аймақта халықтың аурушаңдық деңгейінің төмендеуі байқалады. Мұнда ақ желеңділердің тұрғындар арасында саламатты өмір салтын сақтау, құнарлы тамақтану және дене белсендігін арттыру тақырыптарында жүргізген ағарту жұмыстарының маңызы өте зор. Дәрігерлік амбулатория «DamuMed» медициналық ақпарат жүйесіне қосылған, тұрғындардың электрондық денсаулық паспорттары базаға енгізілген. Емделушілер смартфондарына «Даму МЕД» қолданбасын енгізген. Осы қолдаңбаны пайдаланып, тұрғындардың үйде отырып, дәрігердің кезегіне жазылып, кеңес алу мүмкіндігі бар.

Тегін дәрі алатын емделушілеріміздің дәрі-дәрмектерін біз орталық ауруханадан ай сайын алып отырамыз. Алынған дәрілерді медбикелер үйме-үй таратып шығады. Өйткені диспансерлік есепте тұратын кісілердің көбісі егде жастағы адамдар. Мекемеде бір жәрдем көлігі бар,- дейді Көлтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Ақсәуле Әблахатқызы.

Дәрігерлік амбулатория 25 келушіге арналған. Мекеменің жоспарына сай ауыл тұрғындары арасында амбулаторияда скринингтік зерттеулер өткізіп отырады екен. Бұл шара аурудың алдын алу үшін маңызды болып есептелінеді. Дәрігер аптасына екі рет Ертай ауылына келіп барып қабылдау өткізіп отырады. Мекемеде жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Ғимарат жарық, жайлы, қызмет көрсетуге қолайлы. Акушер, егу бөлмесі, қан қысымын, бой және салмақ өлшеу апараттары бар. Науқастардан жалпы қан, несеп талдаулары қабылданып, нәтижесі аудандық орталық аурухананың зертханасында анықталады екен. Денсаулық сақтау мекемесінде дәрігерден бөлек бір фельдшер, 5 медбике және тіс дәрігері тағы басқа кіші персонал еңбек етеді.

-Ең бірінші кезекте біз үшін адамдардың денсаулығы маңызды. Сондықтан олардың уақытылы тексерістен өтіп, денсаулықтарын күту үшін аймақтық медбикелер тұрғындармен тығыз байланыс жасап отырады. Өздеріңіз білетіндей, біздің дәрігерлік амбулаторияға Ертай ауылының тұрғындары да келіп тексеріледі. Аталған ауылда медициналық пункт бар. Ол жерде бір мейіргер, тазалықшы және қарауыл жұмыс істейді,- дейді аға дәрігер.

Әрбір тұрғынның денсаулығына бей-жай қарамайтын денсаулық сақшыларының арқалаған жүгі ауыр, міндеттелген жұмысы көп. Осы ретте, дәрігерлік амбулаторияда ұзақ жылдар бойы ақ халатын бір сәтке тастамай, оны кірлетпей, тұрғындарға адал қызмет етіп келе жатқан жандар да кездеседі. Мәселен, аға медбике Балдыкүл Тілекеева, медбике Айгүл Сырғабаева, егу кабинетінің медбикесі Толқын Жабаева, акушер Жазира Аманжолова және мейіргер Райымбек Есенаманұлы әрдайым науқастардың жанынан табылуда.

-Мекемедегі мамандардың барлығы дерлік еңбек жолдарын осы мекемеден бастаған, кейбірі ауылда туып-өскен. Әрқайсысының ұжымда өзіндік қызметі мен орны бар. Олар өз жұмыстарын жақсы біледі. Адамдармен жақсы тіл табыс алады,- дейді аға дәрігер А.Исақ.

Еңбек ұжымының ынтымағы мен бірлігінің, күш-жігерін ортақ мақсатқа біріктіруінің арқасында дәрігерлік амбулатория алдына қойылған міндеттер мен межелерге қол жеткізіп, халықтың денсаулығын нығайту бағытында еселі еңбек ете береді.

Баян Тұрсынқұлқызы,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close