Basty bet
Боралдайда көше жолдары орта жөндеуден өтеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде өтіп жатқан әкімдердің жергілікті тұрғындармен кездесулері көптеген мәселелердің шешілуіне оң әсер етіп отырғаны анық. Осы орайда өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза таулы өңірдегі Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, жергілікті жерлердегі бірқатар мәселелердің мәнісіне қанығып, тұрғындардың тұрмыс жағдайларына және округте атқарылып жатқан жұмыстардың барысына баса назар аударған болатын.
Алғашқы жиын Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы мәдениет үйінде өтіп, оған округке қарасты Көлтоған, Ертай және Рысбек батыр ауылдарының тұрғындары шақырылды. Аудан басшысының округ тұрғындарымен болған кездесу жиынына сала бойынша сұраныстар жасалған аудандық әкімдіктің бірқатар бөлім басшылары және мекеме басшылары қатысты.
Айта кету керек, кездесу жиын бұрынғыдай қатып қалған қағидаға негізделмей, барынша еркін форматта өтіп, онда тұрғындар да мейлінше өз ой-пікірлерін еркін білдіріп, сұрақ қойып, тиісінше, оған жауап алуға да мүмкіндік алды.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза ең бірінші кезекте ақсақалдардан ауыл-аймақтың амандығына қанығып, қазіргі таңда өңірде қызу жүріп жатқан көктемгі дала жұмыстарының барысын сұрады.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, ағымдағы жылдың наурыз айының он тоғызыншы жұлдызында елімізде маңызды саяси науқан халықтың ұйымшылдығымен өткізіліп, нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттардың құрамы қайтадан жаңарды. Тиісінше, аталған саяси науқаннан кейін Жуалы ауданы мәслихатының құрамына өңірдегі 13 сайлау округінен депутаттар таңдалып, өкілді органның жаңа төрағасы да сайланды. Міне, бүгін аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев Сіздердің алдарыңызға келіп отыр. Алда халық қалаулыларымен қоян-қолтық жұмыс жасап, өңірдегі түйінді проблемалардың шешілуіне және әлеуметтің әлеуетін арттыруға жұмыс жасайтын боламыз,- деді аудан басшысы.
Осылай деген Жалғас Әлижанұлы, ары қарайғы әңгімесін ел жайына, оның ішінде, ауыл тұрғындарына және шаруаларға Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен көмек-қолдаулар жайына ойыстырды.
– Қазір көктемгі дала жұмыстарының қызған кезі. Бұл жауапты науқанда шаруаларға ең керегі, дизель отыны. Қазіргі таңда аудан шаруаларына арзандатылған бағада жанар-жағармай беріліп жатыр. Биыл өңір шаруаларының сұранысына сәйкес, дизель отыны жылдағыдан бір мың тоннаға артық босатылып отыр. Былтырлары ауданға 2 000 тоннаның айналасында жағармай бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 3 000 тоннадан асып жығылады. Бұл да шаруалардың жұмыс істеуіне үлкен көмек болуда.
Одан бөлек, Үкімет элита және І репродукциялы тұқым сатып алған шаруаларға да субсидиямен көмектеседі. Мысалы, Сіздер Алматыдағы «КИЗ» аталатын тұқым шаруашылығы институтынан элиталы арпа тұқымын сатып алдыңыз делік. Тұқым алуға кеткен шығынның бір бөлігін Үкімет шаруаларға субсидиялау арқылы қайтарып береді. Одан бөлек, минералды тыңайтқышқа да субсидия қарастырылған. Мұның барлығын өңір шаруалары тиімді пайдаланулары қажет.
Былтыр өңірде жауын-шашын мол түсіп, тиісінше, шаруалар да егістік алқаптардан мол өнім жинады. Биыл да берекелі, өнімді жыл болады деген үмітіміз бар. Береке мен бірлікті мол көпшілік қауымнан тілейтін халықтың өкілі болғандықтан, тіршілікпен бірге ауыл-аймақтың берекесін келтіріп, бірлік пен берекені арттыратын да өзіміз. Сондықтан берекемізді сақтап, сол арқылы тұрмысымызды да түзей берейік,- деді аудан басшысы.
Еркін форматтағы кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Көлтоған ауылының тұрғыны Ниязбек Сейділдаев былтыр ауылда бірқатар көшелерді орта жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтіп, ендігі кезекте ауыл шетіндегі ұзындығы небәрі жарты шақырымға жетпейтін Сейділда Байтөреұлы көшесін орта жөндеуден өткізіп беруді сұрады.
Сондай-ақ, Ертай ауылының да тұрғындары ауылдағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Ж.Қонашев және Лесбек Көпбаевтың есімін иеленген және Тиесарық көшелерін орта жөндеуден өткізудің, сонымен бірге ауылдағы су тоғанын механикалық тазалаудың қажеттігіне тоқталды. Одан бөлек, ауылдық округке қарасты Рысбек батыр ауылынан да сөйлеп, пікір білдірген азаматтар ауылға салынғалы жатқан 100 орындық мектеп ғимараты мәселесінің жайын сұрап, бұл мәселені тездетіп шешудің маңыздылығын жергілікті атқарушы билік өкілдерінің назарына салды.
Көлтоған ауылының тұрғындары алдағы жылдары ауылға салынатын заманауи спорт кешені құрылысының қашан басталатын сұрап, онымен бірге Боралдай ауылдық округін басып өтетін облыстық мәндегі үлкен күре жолдың 45-60 шақырымы аралығының қашан орта жөндеуден өтетінін аудан басшысынан сұрап білді.
Айта кету керек, аудан басшысының сөзінше, алдағы жылдары аудан көлемінде барлығы төрт бірдей заманауи спорт кешені салынбақ. Оның біреуі тиісінше, тұрғындар саны 1 мың адамнан асатын Көлтоған ауылына салынады. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен бюджетке ұсыныс берілмек. Әзірге жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өту үстінде.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»