Basty bet
Жол-көлік оқиғалары: Адам өмірі, қауіпсіз жол, апаттың алдын алу
Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет. Соның ішінде Жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар.
Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе.
Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет.
Жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс» деп атап көрсетті.
Иә, қазіргі таңда жиі еститініміз – жол апаты. Оның жиілеп кеткені соншалық, адам өлімін ауыр қабылдамайтын болыппыз. «Жүргізушілер қатты жүреді» дейміз де қоямыз.
Жол сақшылары көлік тізгіндегендерді тәртіпке шақырғанымен, нәтижесі аз сияқты. Ескертуге құлақ аспағандар есіріп, жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, бүтін бір отбасы қаза болған оқиғалар да тіркеліп жатады.
Біз қазіргі таңда болып жатқан жол-көлік оқиғалары туралы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Ардақ Әміребекұлымен сөйлескен болатынбыз.
-Жол-көлік оқиғаларының белгілі бір бөлігі жылдамдықты елемейтін жүргізушілердің кесірінен болады. Әрбір жетінші апат жүргізушілердің елді мекенде белгіленген жылдамдықты сақтамауынан туындайды.
Соңғы сегіз айдың мәліметі бойынша ауданда жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жеке құрамымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып отырды. Жол-көлік оқиғалары орын алған аймақтар жолдың қауіпті аймақтары саналып, мұндай аймақтарға тәулік бойы автопатрульдеу қойылды. Жеке құрамның қызметі өрескел жол ережесін бұзған деректерді анықтау, оның ішінде мас күйде автокөлікті басқару, қарама қарсы бағытқа шығып кету, авариялық ахуал туғызу, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кету және т.б. деректерді анықтауға бағытталып отырды.
Ағымдағы жылдың сегіз айында «Адамдардың жарақаттануына және қаза болуларына әкелген 39 жол-көлік оқиғалары» тіркеліп, 15 азамат қайтыс болған, 124 азамат жарақат алған. (2023ж. 20 жол-көлік оқиғалары тіркеліп, 5 азамат қайтыс болған, 33 азамат жарақат алған).
Биылғы жылдың 8 айында жалпы – 2963 (2023ж.1159) дерек жол ережесін бұзу анықталды.
Балалар – жол жүрісіне қатысушылардың ең осал санаттарының бірі. Көбіне жол жүрісі қағидаларын білмеу немесе оларға немқұрайды қарау салдарынан жолдың бойында ойнап жүрген, белгіленбеген жерлерден көшені кесіп өткен балалар жол апатына себепші болып жатады. Балалардың жолда қауіпсіз жүріс-тұрысқа байланысты дағдыларын нығайту мақсатында, қала берді оқушылардың оқу жылының басталуы қарсаңында «Абайлаңыз, балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы бастау алғанын атап өткен жөн,- деді Ардақ Әміребек.
Иә, қазіргі таңда жол-көлік аппаттарының көбісі жүргізуші куәлігін сатып алғаннан немесе өз бетінше көлік жүргізуді үйренген жүргізушілерден туындап жатады. Бірақ бәрін бірдей кінәлауға да болмайды.Үлкен жолда машина айдағанда жүргізуші өзі үшін де, сол көліктің ішінде отырған жолаушының өміріне жауапты екенін ұмытпай аса сақтықпен айдағаны дұрыс. Сіз үлкен жолда келе жатқанда «Асықпай айдаңыз, жол қателікті кешірмейді?» деген жазулар ілініп тұрса да, үлкен жолда қаншама қателіктер болуда. Сол үшін үлкен жол болсын, ауыл іші болсын асықпаған дұрыс.
Қазіргі таңда үлкен мәселенің бірі – жастар тізгіндейтін электромопед болып отыр. Жүйткіген көліктің бұл түріне күн санап сұраныс артқан. Үлкені мен кішісіне қос дөңгелектің пайдасы тиіп жатқандай. Дүкенге немесе арғы көшедегі жақынының үйіне жолға шығып барғандардың шаруасын демде бітіріп, ісіне жарап-ақ тұр. Алайда кәмелетке толмаған жастар бұл көлік түрін тізгіндегенде көбінде көп жол ережесін сақтамайды.
Қос дөңгелекті жүйткігіш жұртқа «құтты көлік» болғанымен, жастарды құтыртып барады. Біріншіден, құрылғы жанармайды қажет етпейді. Аты айтып тұрғандай, тоқпен қозғалады. Жүріске өте ыңғайлы. Дегенмен жастардың жол ережесін сақтамауынан көпшілік сан түрлі пікір айтып жүр. «Көшенің ортасымен жүреді, жол жиегіне шығуды білмейді» дейді пікір білдірушілер.
Жалпы шағын қашықтыққа баруға өте ыңғайлы әрі жылдам бұл көлік құралдарының қаупі туралы жастар аса ескере бермейтіндей. Соның салдарынан көптеген жол-көлік оқиғалары болып жатады.
Қазақ «Балам – болашағым» деген халық. Ендеше, ата-ана да балаларына сыйлық жасап, электромопед алып берерде қауіпсіздік ережелерін түсіндірген жөн.
Жүргізушіге «жолда байқап жүр» деп айту аздық етер. Жол ережесін сақтамасаң ырым қылып таққан тәсбихтің де пайдасы шамалы. Кейбір жүргізушілер сапасыз жолды, бағусыз малды себеп етіп өздерін ақтағандай болады. Көлік тізгіндеген адам өзінің өміріне ғана емес, көлік ішіндегі адамдардың тағдырына да жауапты екенін ұмытпағаны абзал!
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»