Basty bet

Баянды болашақ үшін байыпты шешім қабылдау қажет!

Қазақстан Республикасында атом электр стансасын салу мәселесі халық арасында көптен бері талқыланып келеді. Ел тұрғындарының бір тобы АЭС-тің құрылысын қолдаса, ендігі бір топ оның қауіпсіздікке зиянды тұстары бар екенін айтады. Қалай десек те, атом электр стансасын салу мәселесі жан-жақты талдап, талқылауды қажет етеді. Бейбіт атом энергетикасын дамытуға ұмтылған Қазақстан үшін ең дұрыс шешім – экологиялық қауіпсіздікке баса назар аудару. Осы жағын терең ескеруге тиіспіз!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе турасында: «Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын» деді.

Президенттің халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы жаңа Жолдауында бұл мәселеге байланысты пікір білдіріп, ел өміріндегі әрбір маңызды қадамның жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс екенін, атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек екенін айтып, атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумдың биылғы 6 қазанда өтетін белгілеп, тиісті Жарлыққа қол қойғанын білеміз. Сондықтан, алда болатын аса жауапты саяси шараға белсене қатысып, елдің баянды болашағы және жас ұрпақтың жарқын келешегі үшін байыпты шешім қабылдауға тиіспіз!

Бір сөзбен айтқанда, атом электр стансасының құрылысын жүргізу – Тәуелсіз Қазақстанның экономикадағы тиімділігі мен энергиядағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні сөзсіз. Атом энергиясының басты ұтымды тұсы – оның экономикалық тиімділігі. Осы жағын терең ескерген абзал!

Қалдан НАЗАР,

Нұрлыкент ауылдық округінің

ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Таңдаулы материалдар

Close