Basty bet

Үздік педагог “Ы.Алтынсарин” төсбелгісін иеленді

 

№30 Көктөбе орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Айшат Қалдасбекова өткен жылы республикалық “Үздік педагог-2023” байқауының жеңімпазы атанып, “Үздік педагог” медалімен марапатталды.

“Үздік педагог” байқауы елімізде 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы күнге дейін 624 педагог үздік деп танылған.

“Үздік педагог-2023” байқауына еліміз бойынша 961 педагогтан өтінім қабылданып, оның 64-і үздік педагог атанды. Оның ішінде Жамбыл облысынан алты мұғалім жеңімпаз атанды.

Бұл байқау үздіктердің ішіндегі үздігінің еңбегін тануға мүмкіндік берді. Байқау барысында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби педагогикалық шеберлігі ескерілді. Байқауда жетістіктері бар, зияткерлік даму деңгейі, рухани-адамгершілік мәдениеті жоғары, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгерген, шығармашылықпен жұмыс істейтін дарынды педагогтер іріктелді.

2024 жылы 4 мамыр күні “Үздік педагогтермен” онлайн кездесу барысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев республика бойынша 700-ге жуық “Үздік педагогтерді” алдағы уақытта “Ы.Алтынсарин” төсбелгісімен марапаттау туралы ұсынысын жеткізген болатын. Министр ұсынысқа ерекше назар аударып, оның маңыздылығына жан-жақты тоқталып, қолдау көрсеткен еді. Ұсыныс ел үдесінен шығып, өткен аптада Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен “Үздік” педагогтерді “Ы.Алтынсарин” төсбелгісімен марапаттау рәсімі өтті. Жамбыл облысы бойынша марапатталған педагогтердің ішінде Айшат Қалдасбекқызы да бар.

Ұлағатты ұстаздың еңбегіне берілген жоғары дәрежелі марапат ұстаздың абыройын асқақтатып, мерейін өсірумен қатар үлкен жауапкершілік жүктеді.

-“Үздік педагог”, “Ы.Алтынсарин” медалі маған зор қуаныш сыйлап, мамандығыма деген қызығушылығымды арттырып, жігерлендірді. “Ы.Алтынсарин” медалі педагогтерге жайдан-жай берілген жоқ. Бұл – ұзақ жылғы ізденістің, еңбектің өтеуі деп есептеймін.

Мұғалім болу, баланың жүрегіне жол табу, пәнге деген қызығушылығын ояту терең білімді, жаңашылдықты, еңбекқорлықты, жоғары мәдениеттілікті талап етеді. Өзінің мамандығын шын жақсы көретін кез келген мұғалім осындай марапатқа лайықты деп ойлаймын,- дейді Айшат Қалдасбекова.

Мұғалім болу – Айшат Қалдасбекқызының бала кезден арманы. Өз апасы Кенжей мен Ақтасты бастауыш мектептегі алғашқы ұстазы Аярбек Кадировқа, Абай атындағы орта мектептегі ұстазы Ботагөз Үсеноваға еліктеп өскен Айшат Қалдасбекқызы еңбек жолын Көктөбе орта мектебінде тәлімгер болып бастайды. Мектеп бітірген жылы жоғары оқу орнына бірден түсе алмайды. Алайда мектепте еңбек ете жүріп, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде биология-химия пәнінің мұғалімі мамандығын сырттай оқиды.

Айшат Қалдасбекова әр сабағына тыңғылықты, жан-жақты үлкен дайындықпен келуінің нәтижесінде шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, үнемі жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы 20 жылдай уақыт болса, осы жылдар аралығында биология пәнін таңдаған 100-ден астам шәкірті жоғары білім сапасын көрсетіп келеді. “Алтын белгі” иегерлері Ақжан Бастаубай, Әсел Аймахан, Диана Кебекбай, Талшын Орынбай ҰБТ-да өз білімін дәлелдеп, медициналық академияны бітіріп, білікті маман атануда. Үздік аттестат иегері Ақбөпе Әмірхан қазір ауданда дәрігер болып қызмет етуде.

Жария Тұрымова, Диана Сырлан сынды шәкірттері Алматы мемлекеттік университетін биология пәні бойынша бітіріп, Литвада білімін жалғастырды. Одан бөлек Сман Әсемай сынды шәкірті республикалық ғылыми жобалар байқауынан І орынды жеңіп алды. Ал Жазира Жұмахан “Үздік ғылыми жоба авторы” республикалық байқауында І орынды иеленді.

2022 жылы Дильназ Тілікбай сынды шәкірті облыстық пән олимпиадасында ІІІ орынды иеленсе, 2023 жылы “Ақбота” интеллектуалдық марафонында 75 оқушысы жүлдегер атанды. Биылғы оқу жылында Алина Ақылбекова мен Назерке Бектемір сынды оқушысы Қ.Сәтбаев атындағы халықаралық олимпиадада ІІ орынды жеңіп алды.

-Баланың пәнге деген қызығушылығын ояту үшін мұғалімге жаңашылдық қажет. Мен сабақ барысында сын тұрғысынан ойлау әдісін тереңірек қолданамын. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, түрлі тапсырмаларды орындатамын.

Мұғалім заман талабынан қалмау керек. Әрдайым жан-жақты білім алып, іздену арқылы өзін толықтырып отыруы тиіс. Сонда оқушының да білімге, ғылымға деген көзқарасы өзгереді.

Сабақта оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында күнделікті сабақ жоспарын дайындаймын.

Өткен жылы “Өрлеу” мұғалімдердің біліктілігін арттыру орталығының байқауына қатысып, І орынды жеңіп алдым. Мұның барлығы маған не үшін керек? Адам әр байқауға қатысқан сайын ашылады, тәжірибе жинайды. Қай кезде де білгенімізден білмегеніміз көп. Сондықтан білім қай жаста да артық болмайды. Еңбекқор, ізденімпаз әріптестеріме де мен қашанда үйретуге, білгеніммен бөлісуге дайынмын. Шығармашыл ұстаз көп нәтижеге қол жеткізе алады.

“Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” демекші, әрбір ұстаз балаға білім беріп қана қоймай, тәрбиеге де қатты мән беруі керек. Жаман бала болмайды, баланы тәрбиелеп, үйрете білуіміз керек.

Сыныпта да тәртіп болмаса, сабақты зейін қойып тыңдамаса, балалар бірін-бірі, мұғалімін құрметтемесе, білім де ала алмайды. Сондықтан оқушылардан бірінші тәртіпті талап етемін.

Мұғалім, оқушы, ата-ана бір-бірімен тығыз байланыста болса, жақсы нәтиже болады,- дейді “Үздік педагог” Айшат Қалдасбекқызы.

“Алты Алаштың баласы бас қосқанда, төрдегі орын – мұғалімдікі” деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, мұғалімнің орны – төр. Қай қоғамда болсын мұғалімді тек биіктен көргіміз келеді. Себебі, олар – адам жанының бағбаны. Мұғалімге терең білім, биік мәдениет, рухани биіктік, әділдік, кісілік, адамгершілік қасиет тән. Осындай қасиеттерді тұла бойына жинаған Айшат Қалдасбекова сынды ұлағатты ұстаздарымыз лайым көп болсын!

 

Перизат Шымыртайқызы,

“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close