Basty bet
Жақсы және қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі артып келеді
2024 жылдың ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды дамыту жұмыстары мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде атап өткені белгілі. Сондай-ақ, Президент көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдету қажеттігін айтып, негізгі міндеттердің қатарында логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту мақсатын белгіледі.
Атап өтетін болсақ, инфрақұрылымды дамытудың ең маңызды бағытының бірі болып табылатын жолдардың қанағаттанарлық жағдайын арттыру мақсатында 2024 жылы Қазақстан аумағында жалпы ұзындығы – 7 мың шақырымды құрайтын автомобиль жолы салынып, пайдалануға берілді. Бұл туралы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің отырысында да айтылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандырумен қатар, инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру мәселесі алдағы жоспарлы жұмыстардың маңыздысы ретінде атап өтілгенін жақсы білеміз.
2024 жылы өңірлік жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуден өткізуге мемлекет қазынасынан қаражат қарастырылып, есепті мерзім ішінде бірқатар жолдар орта жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Жуалы ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының ұзақтығы – 563,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде: республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 43 шақырым; облыстық маңызы бар автомобиль жолдары – 132; аудандық маңызы бар автомобиль жолдары – 125,5; ал ауылішілік автомобиль жолдарының ұзындығы – 263,0 шақырымды құрайды.
2024 жылы Жуалы ауданы бойынша автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына қазынадан жалпы сомасы – 1,2 млрд теңге қаражат қаралып, барлығы 40 жобаның аясында жалпы ұзындығы – 44,66 шақырымды құрайтын автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстары жоспарланған. Есепті мерзімде 40 жобамен жүйелі жұмыс жүргізіліп, жоспарланған жолдарға асфальт төселіп, жұмыс толық аяқталды. Жыл қорытындысымен өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті аудандық мәндегі автожолдардың үлесін – 99 пайызға, ал елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті – 91 пайызға жеткізу межеленіп отыр.
Атап айтқанда, былтыр өңірге қарасты аудандық мәндегі «Шақпақата-Ынтымақ-2,73 шақырым» автомобиль жолына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында барлығы 28 жобамен (824,0 мың теңге қаржыға) 28,38 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланып, асфальт төсеу жұмыстары толықтай жүргізілген.
Асхат ЖАБАҒЫ,
Жуалы ауданы әкімінің орынбасары.