Basty bet

Өз денсаулығың – өз қолыңда!

Кәсіби аурулар – белгілі бір мамандыққа байланысты кәсіпорынның зиянды әсерінен болатын кесел. Кәсіби аурулар кәсіпорындардағы санитарлық-гигиеналық ережелердің дұрыс орындалмауынан, шу, діріл, т.б. әсерінен пайда болады.
Мысалы, шаң-тозаңы көп жерде жұмыс істеген адамның өкпесі пневмокониозға (өкпені шаң басу), ал радиоактивті препараттармен жұмыс істейтіндер сәуле ауруына шалдығады. Қатты дірілдейтін аспаптармен ұзақ уақыт жұмыс істеу тамыр неврозына (ангионеврозға) ұшыратады.Мал шаруашылығындағы адамдар ауру мал арқылы түйнеме, маңқа, сарып, туляремия ауруын жұқтырып алуы мүмкін. Кәсіптік зиянды әсерлер тек кәсіби ауруларды ғана емес, басқа аурулардың да пайда болуына әкеліп соқтырады.
Жұмыс түріне қарай жұмыс күні мерзімін қысқарту, жыл сайын қосымша демалыс беру, жұмыс кезінде үзіліс жасау (15-20 мин), техникалық шараларды іске асыру – кәсіби аурулардың санын азайтып, келешекте мүлдем жоюға мүмкіндік береді. Кәсіби ауруларға шалдыққандар әлеуметтік қамсыздандыру тарапынан жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі. Кәсіби аурулар салдарынан уақытша еңбекке жарамсыз адамдарға берілетін жәрдем олардың үздіксіз еңбек стажына қарамастан табысының 100% мөлшерінде төленеді. Кәсіби аурулардан мүгедек болған адамдарға мүгедектік зейнетақы еңбек стажына байланыссыз белгіленеді.
Өндіріс саласы, оның ішінде, химия өндірісінің саласы әртүрлі болғандықтан, ондағы болған өндірістегі жарақаттану мен кәсіби ауруларда әртүрлі сипатта болады. Бақытсыздық жағдайлар – бұл жұмысшыға өндірістегі қауіпті фактор әсер етуіне байланысты болған жағдай. Олар: өндірістік және өндірістік емес деп бөлінеді. Егер бір смена уақытында бақытсыздық жағдайлар болса, өткір аурулар, ал ұзақ уақыт нәтижесінде болса, созылмалы деп атайды.
Егер санитария ережесі бұзылса, адамға еңбектің кеселді жағдайы әсер етіп кәсіби ауруларға ұшырайды. Өндірістің қауіпсіз және еңбек жағдайында кәсіби аурулардан жапа шеккендер үшін берілетін есептік тәртіпке сәйкес, әрбір денсаулық сақтау орындары жылына бір рет өзінің басшылық органдарына статистика басқармасы болған бақытсыз жағдайлар мен кәсіби аурулардың қанша рет болғанын абсолют саны туралы толық әрі нақты мәліметтер беріп отыруы тиіс.
Кәсіби ауруларды азайту үшін радиоактивті препараттармен, рентген кабинеттерінде, ыстық пештерде, тағы басқа жұмыс жасайтын адамдарды жұмысқа аларда және әрбір 6-12 ай сайын денсаулығын медициналық тексеруден өткізіп тұрулары қажет. Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда екенін ұмытпағаныңыз жөн. Сондықтан өндірістік нысанда жұмыс істегенде абай болыңыздар!
Шолпан Мешелова,
аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close