Basty bet

Сібір жарасы ауруынан сақ болыңыздар

Сібір жарасы – адамға көп жағдайда сырқаттанған ауылшаруашылық малдарынан жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі.
Ауру карбункул (жара) түрінде сыртқы жабындарды зақымдаумен, қызба, интоксикациямен, кейде сепсистің дамуымен сипатталады. Қоздырғыштың ағзаға ену жерінде оттың шоғына ұқсайтын (ортасы қара айналасы қызыл) жаралар пайда болады. Сібір жарасы ауруының қоздырғышы сыртқы ортада өте тұрақты, табиғаттың қолайсыз факторларына төзімділігімен ерекшелінеді. Ол қолайсыз жағдайларда спора түріне еніп, топырақта ондаған жылдарға дейін сақталады. Малдың немесе адамның денесіне енгенде спорлар тез арада өзгеріп, ауру қоздыратын түрге айналады.
Адамдарға сібір жарасымен ауырған малды сою, терісін сыпырып, етін жіліктеу, тамаққа пайдалану, жүнін өңдеу кезінде ауру жұғуы мүмкін. Сонымен бірге сібір жарасымен ауырған малдары бар қораларда жұмыс істеу кезінде шаң-тозаң арқылы жұғуы мүмкін. Жұқпаны ауа- тамшылы, ауа-шаң жолдары арқылы жұқтыру кезінде өлім деңгейі жоғары болады. Сібір жарасының терілік түрі ең жиі кездеседі.
Науқастардың саусақ, білек, мойын, бет, аяқ, т.б. мүшелер терісі зақымдалады. Терінің зақымдалған жерінде қатты қышитын қызыл дақ пайда болып, күлдіреп 2-3 күннің ішінде ортасында көмірдей қара қабыршағы бар жараға айналады. Жараның айналасы қызарып, жалтырап ісіп тұрғанымен, ұстағанда ауырмайды. Дененің қызуы көтеріледі. Уақытында ем қолданылмаса, қоздырғыш қанға өтіп (сепсис) денеге жайылып аурудың өлімге әкеліп соқтыруы ықтимал.
Сан рет сібір жарасы туралы айтылып жатқанына қарамастан соңғы кезде адамдардың күйдіргімен ауруы тіркелуде. Себебі, бүгінде мал шаруашылығымен шұғылданатын ұжымдар мен серіктестіктер, жекеменшік мал ұстайтын азаматтардың арасында мал дәрігерлердің қызметін қажетсінбеу, малдарын мезгілінде күйдіргіге немесе басқа да жұқпалы ауруларға қарсы ектірмеу (вакцинация), мал санын жасырып қалу, ауырған малды мал дәрігеріне уақытында хабарламай сойып, етін бірнеше үйге таратып беру немесе басқа бір жерге апарып сатып жіберу жағдайлары жиі кездеседі.
Сібір жарасы ауруының алдын алу үшін әрбір адам төмендегідей қарапайым ережелерді сақтауы қажет:
– жергілікті мал дәрігерімен келісіп жылына 1 рет малдарын түгелдеп, сібір жарасына қарсы егу,
-тұрғылықты мекенжайы бойынша жайылымдардың сипаттамасын жергілікті ветеринарлық қызмет немесе санитарлық қызметтен білу,
-малдары кенеттен ауырған немесе өлгенде, міндетті түрде мал дәрігеріне хабарлау,
-малды соятын немесе сататын жағдайда, алдын ала мал дәрігеріне көрсетіп анықтама алу,
-малшыларды, т.б. мал шаруашылығымен шұғылданатын кісілерді күйдіргіге қарсы вакцинамен уақтылы егу,
-мал ұстайтын қора жайларда тазалық сақтау шараларын әрдайым жүзеге асырып отыру қажет.
Қорыта келгенде айтарымыз, мал немесе мал өнімдерін сатып алатын болсаңыз, сатушылардан мал дәрігерімен берілген анықтаманы талап етіңіздер және арнайы ет сататын жерлерден ғана сатып алыңыздар.
Ауладағы ауылшаруашылық малдарын ұстау ережелерін мұқият сақтаңыздар. Аурудың алғашқы белгілері байқала қалса дәрігерге қаралыңыз, дер кезінде басталған ем өміріңізді сақтап қалатындығын естен шығармаңыз! Аурудан сақ болыңыз!

Назипа Әзімбекова,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close