Basty bet

Жұмыс талап етілмесе, өңірде ештеңе де өзгермейді

 

Өткен аптаның бейсенбісі күні аудан әкімі Олжас Қаржауовтың ауылдық округтер тұрғындары алдындағы есептік жиындары өз жалғасын тауып, бұл күні аудан басшысы таулы өңірде орналасқан Күреңбел, Боралдай, Қошқарата ауылдық округтерінде болып, тұрғындардың тілегін тыңдап, өңірлерде жылдар бойы қордаланған кейбір мәселелердің шешілу жолдарын бірлесіп талқыға салды.

Алғашқы есептік жиын Күреңбел ауылдық округінің орталығы Күреңбел ауылындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековпен қатар, алдын ала сұраныс жасалған аудандық әкімдіктің бөлім басшылары мен мекеме басшылары қатысты.

Жиынға аудан тұрғындарынан барлық өкілдер көптеп келіп, аса белсенділікпен қатысты. Сұрақтарын қойып, ұсыныстарымен де бөлісіп, кейбір мәселелердің шешілу жолдарын аудан басшылығымен бірге талқылады.

Есептік жиынның күн тәртібі бойынша тұрғындар алдында ең алдымен ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Ержан Сыдығалиев өңірдегі қылмыстық ахуал, әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алудағы 2021 жылы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Оның сөзінше, былтыр Күреңбел ауылдық округінде бес қылмыс тіркеліп, оның төртеуі ашылған. Оның екеуі есірткіге (заңсы сақтау фактісі) байланысты болса, екеуі мал ұрлығына қатысты қылмыстар. Құқық қорғау органының ауылдық округтегі өкілі ауыл әкімшілігінің қызметкерлерімен бірге түнгі рейдтік шаралар атқарғанын айтады. Бұл шара өз кезегінде әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда өз септігін тигізіп отыр.

Күн тәртібіне сәйкес, келесі кезекте ауылдық округтің әкімі Ғани Жұбаев тұрғындар алдында есептік баяндамасын жасады. Күреңбел ауылдық округі негізінен мал және егін шаруашылығына бейім өңір болғандықтан, аталған саладағы көрсеткіштерге тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

Айталық, округте тиісінше, төрт түліктің де басы жыл санап артып келеді. Мүйізді ірі қараны алсақ, округте 3570 ірі қара бар болатын болса, оның 1000-нан астамы сауынды сиырдың үлесінде. Тиісінше, жылқы мен ұсақ малдардың да басы артып отыр. Егін шаруашылығында да айтарлықтай жетістіктер бар. Жер өңдейтін ауыл шаруашылығы техникаларының да саны артқан. Округте 194 шаруа қожалық тіркелсе, оның дені асыраушы саланың жұмысын ілгерілетуде белсенділік тантыып отырған шаруашылықтар. Осыған сәйкес, техника паркі де жаңарып, 2021 жылдың қорытындысымен, округ шаруалары 29 миллион теңгеге 5 дана жаңа техника сатып алған екен. Оның ішінде бір техника мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несиеге алынып отыр.

Ауылдық округтің әкімі Ғ.Жұбаев өз баяндамасында, елдімекенде жүзеге асырылып жатқан барлық салалардың жұмысына тоқталып, проблемаларды да атап өтті. Тиісінше, 2022 жылы атқарылатын жұмыстарға да тоқталды.

Баяндамадан соң аудан әкімі Олжас Қаржауов округ тұрғындарын ашық әңгімеге, еркін пікір алмасуға шақырды. Тұрғындардан ең алғаш болып сөз алған Еркебай Нағашыбеков, Күреңбел ауылының барлық тұрғынын таза ауызсумен қамту мәселесі аудан әкімінің есебінде жыл сайын көтерілетінін, алайда оның әлі күнге шешімін таппай отырғанына наразы екенін жеткізді.

Оның айтуынша, ауылдың жоғары жағынан (Батырбек датқа кесенесінің маңындағы бұлақтардан) келетін ауызсудың тек Қарабастау көшесінің тұрғындарын ғана қамтып отырғанын, басқа көшелер ауызсуды ауыл мектебінің жанындағы су ұңғымасынан пайдаланатынын, дегенмен, кейде судың тапшылығы сезілетінін және оның санитарлық талаптарға сай келмейтінін де ашық айтты.

Бұл сұрақтардың жауабын беру үшін аудан басшысы аудандық «Жуалы Су» кәсіпорнының басшысы Қуанышбек Болысбаевты әңгімеге тартты.

Мекеме басшысы ауыл маңында судың қоры аз екенін айтады. Бұдан біраз жыл бұрын осы маңда ауызсу қорын зерттеген тиісті мамандар да осындай қорытындыға келген. Соның себебінен болу керек, ауылға жаңадан ауызсу құбырын тарту жұмыстары жыл сайын кейінге шегеріліп, мәселенің шешілуі кешеуілдеп келеді. Ауыл тұрғындары мен ауызсу саласына жауапты мекеме басшысының уәжімен мұқият танысқан аудан басшысы Олжас Қаржауов, кез келген мәселенің тезірек шешілуі үшін сол жұмысқа ең алдымен тиісті жобалық-сметалық құжаттардың жасалып, құзырлы орындар мен жауапты мекемелерге өткізілуі керектігін, сонымен бірге, оның артынан үнемі қадағалау жасап отыру қажеттігін баса айтты.

Тұрғындардың айтуынша, округке қарасты Қаратас ауылында ауызсу мәселесі шешілмеген. Сонымен қатар, ауылдықтар Қаратас негізгі мектебінің де жаңа ғимаратын салу мәселесін көп жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтады. Аталған мәселелермен танысқан аудан басшысы О.Қаржауов ауызсумен қатар, Қаратас негізгі мектебінің де құрылысына тиісті жобалық-сметалық құжаттарын тезірек жасатып, оны тиісті басқармаға өткізіп, қадағалау жасауды ауылдық округ әкімі мен мектеп басшылығына тапсырды.

-Ауылдарыңызға газ келді. Енді ауызсу мәселесінің шешілуін тездету қажет. Мен білем, осы ауылда ұялы байланыс және интернеттің нашарлығы мәселелері бар. Сонымен бірге, бүгінгі жиында электр қуатының да тым төмендігін және жиі өшіп қалатынын айтып отырсыздар. Онымен де жауапты мекеменің мамандары жұмыс жасау керек. Жұмысты тиісті орындардан талап етпесек, жұмыс та жүрмейді, соның салдарынан өңірде ештеңе де өзгермейді. Қазір тұрғындардың да жергілікті билікке деген талабы өзгерді. Осыған сәйкес, әкімдердің де жұмыс істеу талабы өзгеруде. Уақыт бізді күтпейді. Сондықтан қай мәселеде де тезірек қимылдап, тезірек шешім қабылдауымыз қажет. Қай істе де, қай мәселені де ауыл тұрғындарымен ақылдаса отырып шешуіміз қажет. Сонда ғана атқарған жұмысымызда жүйелілік пен береке болады,- деді аудан басшысы.

Жиын соңында ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Қуанышев, жергілікті қоғамдастық мүшесі, еңбек ардагері Серік Серғазиев, көпбалалы ана Әлима Саржанова өз ұсыныстарымен бөлісе келе, ауылдық округ әкімінің 2021 жылы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Таңдаулы материалдар

Close