Basty bet
Жастарға берілген үлкен мүмкіндік
Еліміздің жастарына қолдау көрсетіп, тегін білім алуына, халық игілігіне қызмет істеуіне ықпал етіп келе жатқан – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін» жобасы жайлы жастардың бірі білсе, бірі білмес. «Серпін-2050» − кең ауқымды әлеуметтік жоба. Оңтүстік, батыс аймақтағы жастарды солтүстік, орталық, шығыс өңірлерге тартып, ондағы экономиканы, өндірісті дамытуға үлес қосып жүрген жоба бүгінде өз ауқымын кеңейтіп келеді. Оны жыл сайынғы «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға тапсырушылар санының артуынан анық аңғаруға болады.
Бағдарламаның жүзеге аса бастағанына биыл 10 жылдың жүзі болды. Осы аз ғана уақыт ішінде қанша мыңнан астам қыз-жігіт жастар үшін өте маңызды саналатын әлеуметтік бастаманың игілігін көрді.
Осындай жастың бірі – Нұрлыкент ауылының тұрғыны Сандуғаш Реймбаева. Ол 2007 жылы Нұрлыкент ауылында дүниеге келген. 2013 жылы №5 М. Ломоносов атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған. 2024 жылдың көктемінде аталған білім ұясын бітірді.
– Абай атамыз бар асыл ойын заман жастарына, келер ұрпаққа арнағаны секілді, мен де мұғалім болып, бар өмірімді білім беруге арнаймын деп шештім. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінде 108 балл жинап, “Серпін” бағдарламасымен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша грант иегері атандым
“Серпін” бағдарламасы жайлы ақпараттар мектепте өте көп айтылатын. Аталған бағдарламаның аясында бүгінде көптеген жастар жұмыспен қамтылып, жеке кәсіптерін ашып жатқанын да еститінмін. Бірақ мектепте айтылып жүргенде онша мән берген жоқпын.
Өйткені бұл бағдарламамен оқуға түсемін деп ойлаған жоқпын. Солай мен “Серпін” бағдарламасы бойынша Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті атандым. Мемлекеттің осындай үлкен мүмкіндікті жастарға сыйлап отырғанына қуаныштымын. Жалпы “Серпін” бағдарламасының негізгі мақсаты – жұмыс күші мол аймақтардағы жастарды жұмыс күші тапшы аймақтардағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға тарту болып табылады.
Менің ойымша, бұл бағдарлама өте дұрыс енгізілген деп ойлаймын. Себебі, мен тұратын өлкеде, менің таңдаған мамандығым бойынша мамандар көп. Ал, Көкшетау қаласына барғанда, педагогтарға сұраныс өте жоғары екенін байқадым.
Білім алушылар әр өңірден жиналған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Алматы сияқты қалалардан келген студенттер. “Серпін” бағдарламасының бізге, яғни студенттерге берер мүмкіндігі көп. Мысалы, басшылық студенттерді жатақханаға орналастырарда, ең бірінші «Серпін» бағдарламасы бойынша түскен студенттерді қамтамасыз етеді. Бағдарламамен оқыған өңірде қоныстанып қалған түлектерді жұмыспен қамту жан-жақты қарастырылған, – дейді Сандуғаш Қалмұханбетқызы.
Сандуғаш отбасында алты ағайынды. Төрт әпкесі, 8 сыныпта оқитын інісі бар. Әкесі Қалмұханбет ауылда көлік жүргізуші болып жұмыс істейді, ал анасы Райхан ауылдағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте мұғалім.
Алғашында бағдарламаға сенімсіздікпен әрі күдікпен қарағандар аз болған жоқ. Оның үстіне «Тұрмыс-тіршілікке қолайлы, ата-анасы мен туған-туыс, жора-жолдастарының жанындағы жылы-жұмсақ орынды тастап, оңтүстіктің жастары қысы қытымыр солтүстік өңірлерге оқу-білім іздеп бара қоюы екіталай» деп болжам жасағандардың да болғаны рас. Бірақ осындай күдік-күмәндардың барлығы уақыт өте келе сейілді. Халықтың жоба туралы ой-пікірі де жақсы жаққа ауысты.
– Көкшетау қаласына оқуға түскенімді білгенде ата-анам қарсы болды. Шет жақ, алыс өңір, өзіміздің қалада оқи бер деген сияқты ойлар айтылды. Бірақ алға қойған мақсаттарым өте көп болғандықтан, ешнәрсеге қарамастан оқуға шешім қабылдадым. Қазіргі таңда көбісінің ойлайтыны да осы. Алыс қой, орыстанып кеткен өңір, сол жерде үш жыл жұмыс жасау керек деген сияқты қате пікір қалыптасқан. Керісінше, бұл – үлкен мүмкіндік.
Болашақ – жастардың қолында. Жастарға біліммен қоса тәрбие беретін жан – ұстаз.
Ұстаз болу – үлкен жауапкершілік. Осындай жауапкершілік менің де мойныма артылары сөзсіз. Болашақта білікті ұстаз, жаңашыл мұғалім, білімді педагог болу – менің басты мақсатым,- дейді «Серпін» бағдарламасының болашақ түлегі Сандуғаш.
“Болашақ – жастардың қолында” – деген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қанатты сөзі бекер айтылмаған. Осындай мүмкіндіктерді босқа жібермей, алға ұмтылып, еліміздің болашағына жарқын үлес қосу – баршамыздың азаматтық борышымыз!
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»