Basty bet
Адал еңбекпен болашаққа бірге қадам басайық!
Сыбайлас жемқорлық – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның тамырына балта шабатын қауіпті дерт. Ол тек заңды бұзу ғана емес, халықтың мемлекетке, әділетке, теңдікке деген сенімін жоятын, қоғамда теріс ахуал тудыратын аса қауіпті құбылыс. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, барша қоғамның, әр азаматтың ортақ ісі болуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында жемқорлықпен күресті ұлттық маңызы бар басым бағыт ретінде айқындап, бұл саладағы жұмыстардың ашық әрі нәтижелі жүргізілуіне ерекше назар аударып келеді. Қазіргі таңда елімізде “Адалдық алаңы”, “Саналы ұрпақ”, “Жемқорлыққа жол жоқ!” жобалары сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл тек науқандық шара емес, бұл – ел болашағына бағытталған маңызды идеологиялық және жүйелік күрес.
Ауылдық округтің деңгейінде бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып отыр. Шақпақ ауылдық округінде мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық, әділеттілік, жылдамдық, және ең бастысы – адамға құрмет қағидалары басшылыққа алынады. Әкімдік жұмысы толық цифрландырылып, азаматтардың арыз-өтініштері электронды түрде қабылданып, заң шеңберінде уақтылы шешімін тауып отыр. Бұл – адам факторының ықпалын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша төмендетуге бағытталған нақты қадам.
Бүгінде әкімдік қызметкерлерінің жұмысы ашық форматта ұйымдастырылуда. Ай сайын тұрғындармен кездесу өткізіліп, тұрғындар тарапынан түскен барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынады. Бұл – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтудың ең тиімді жолы.
Сонымен қатар, округ аумағындағы білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, жастар арасында парасаттылық, әділдік, адал еңбек секілді құндылықтарды насихаттау мақсатында үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Себебі, ертеңгі жемқорлықсыз қоғам – бүгінгі ұрпақтың бойына дарытылған адами қасиеттермен қалыптасады. Біз жастарды тек теориямен емес, нақты үлгімен тәрбиелеуіміз керек. Әкімдік аппараты – адал қызметтің, үлгілі тәртіптің жарқын мысалын көрсетуге міндетті.
Жемқорлықпен күрес – тек жазалау емес. Бұл – оның алдын алу, себептерін жою, жүйені жақсарту. Осы орайда, қоғам тарапынан азаматтық бақылау мен белсенділік қажет. Егер әрбір тұрғын заңсыздыққа бейжай қарамай, заң бұзушылық туралы құзырлы органдарға хабарласа, онда біз біртіндеп әділетті қоғамға қадам басамыз. Бұл – нағыз патриотизм.
Бүгінгі таңда мемлекеттің де, жергілікті биліктің де басты мақсаты – әділ, адал, жемқорлықтан азат қоғам құру. Жемқорлыққа жол бермейік!
Адал еңбекпен болашаққа бірге қадам басайық!
Нұрбақыт Балтабаев,
Шақпақ ауылдық
округінің әкімі