Basty bet

Бала денсаулығы – біздің қолымызда

Әрбір ата-ана баласының жазғы демалысы сапалы, пайдалы өткенін қалайды. Ол үшін жазғы демалыстағы уақытына жоспар құратын да ата-аналар бар. Жоспарда баланың денсаулығын түзеу, шынығу, тиімді тамақтану, еңбекке баулу, өзінің шығармашылық қабілеттерін дамыту, саяхаттау, қыдыру барлығын қамтуға тырысады.
Үш ай 90 күн бір қарағанда көп уақыт сияқты болғанымен, көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Сондықтан бірінші кезекте бала денсаулығына мән берген жөн.

Соңғы жылдары балалар арасында аурудың түрі де көп. Оған жаңа технологияның көбеюі, дене қимылының аздығы, тұрыс тамақтанбау себеп болуда. Осы орайда біз аудандық аурухананың балалар дәрігері Қалбике Сәрсеновамен аудандағы балалардың денсаулығы мен дәрігерлік кеңесі туралы әңгімелескен едік.
-Ауданда 0-18 жас аралығында 17 371 бала бар. Оның 1896-ы диспансерлік есепте тұрады. Олардың көбі анемия, асқазан-өт жолдары, тыныс алу жолдары ауруларымен есепке алынып, ем қабылдауда.
Бала туу көрсеткішіне келсек, 2022 жылы 1044 бала өмірге келсе, 2023 жылы 936 бала туылды. 2024 жылдың төрт айында 251 бала дүниеге келді.
Өткен жылы дамуында ахауы бар алты бала туылса, биыл екі бала туылды.
Анемия яғни, қаназдық ауруы көбінде өсе келе пайда болады. Ол ананың баласын дұрыс емізбеуінің, дұрыс тамақтандырмаудың салдарынан пайда болуда.
Балалар диагнозына қарай түрлі сауықтыру, оңалту орындарына жолдамамен жіберіледі. Мәселен, Алматыдағы “Алатау” республикалық клиникалық балалар орталығына, Бурабайдағы орталыққа тыныс жолдары аурулары бойынша жолдама беріледі. Оңалту орындарына жарақаттан (травмадан), түрлі отадан кейін жіберіледі. Басқа да ауыр диагноздар бойынша ата-аналардың келісімімен жолдама арқылы тегін ем қабылдауға мүмкіндіктер қарастырылған.
Жаз мезгілінде көп ата-ана балаларын жан-жақты тексерулерден өткізіп, денсаулығын түзеткісі келеді. Аудандық аурухана болғандықтан аудандық деңгейде балалар эндокринологы, балалар хирургы, аллерголог, пульмонолог, т.б мамандар жоқ. Сондықтан аудандық аурухана дәрігерлері келісімшартқа отырған медициналық мекемелерге, яғни қалалық, облыстық, т.б ауруханаларға аталған мамандарға жолдамамен тегін кеңес алуға жібереді.
Қазіргі таңда аллергиялық ауру түрлері өте көп. Ол аяғы ауыр әйел бала іште жатқан кезден бастап дұрыс тамақтанбауынан басталады. Оған қоса, үйдегі еуро жөндеуіміз, түрлі кір жуатын ұнтақтар, ыдыс жуатын химиялық жуғыш заттар, антибиотиктерді орынды-орынсыз қабылдау сияқты көптеген себептер бар.
Жасына толмаған балаға газдалған сусындарды, чипсы, кирешки, дүкендегі пюре, йогурт, мандарин, апелсин, т.б тағамдарды береді. Көптеген аналар балаларға түрлі пайдалы шырындар, тағамдар дайындап беруге ерінеді. Тіпті ыстық тамақты дайындамайтын аналар да кездеседі. Баланың қолына тиын-тебен береді. Бала дүкеннен адам ағзасында қанттың мөлшерін арттыратын түрлі зиянды тағамдарды сатып алып жейді. Одан кейін ыстық тамаққа тәбеті де болмайды. Оның салдарынан қант диабеті ауруы да жыл санап жасарып келеді. Мәселен, ауданда бұрын қант диабетімен жылына бір бала есепте тұрса, қазіргі таңда 7-8 бала есепте тұрады. Дәл бүгінгі күні ауданда қант диабетімен есепте 11 айлық бала бар. Қант диабетінің балалар арасында көбеюіне біріншіден тұқым қуалаушылық себеп болса, екінші себеп – дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың тым аздығы. Тағы бір себеп – смартфон телефонның кесірінен балалардың түнімен телефонда отырып уақтылы ұйықтамауы. Қысқасы, ата-ананың баланы дұрыс қадағаламауы, бағыт-бағдар бермеуінің оның тәрбиесіне ғана емес, денсаулығына да тигізер кері әсері көп.
Сонымен бірге көптеген әйел-аналардың несиелерін төлеу үшін баласын бес-алты айдан бастап кісіге қаратуға беріп жұмысқа шығуы. Анасының жанында болмауы, баланың қалаған уақытта ана сүтін ембеуі, мейрімін көрмеуі баланың денсаулығы мен психологиясына да тигізер кері әсері жетерлік.
Сондықтан баланы ерте ұйықтатып, ерте оятып, дұрыс, пайдалы тағамдармен тамақтандырып, еңбекке баулып, уақытын дұрыс ұйымдастыра білу керек. Мұның барлығы баланың жан-жақты дамуы үшін аса қажет,- дейді Қалбике Әлиқызы.
Иә, дәрігердің кеңестері әрбір ата-ананың жадында болуы керек. Себебі, елдің болашағы саналы, дені сау жас ұрпақтың қолында. Бала – бауыр етіміз, бала – болашағымыз. Балаларымыз ауырмасын, елге тұғыр болар рухты, көркем мінезді, білімді азамат болсын десек, дер кезінде көңіл бөліп, дұрыс бағыт-бағдар берейік!
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close